Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Азаматтарды мәдени өмір саласына тарту және тұрғындардың барлық топтарына қызметтің қолжетімділігі үшін жағдай жасау – аталған сала қызметкерлерінің басты міндеті. Бұл үшін облыстағы қолда бар барлық мәдениет нысандарының тиімді және толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.
Осы орайда бүгінгі таңда өңірімізде 551 мәдениет нысаны болса, оның 445-і мемлекет иелігінде, қалғандары жекеменшікте. Қазіргі уақытта жекеменшіктегі мәдениет ошақтарын мемлекетке қайтару қажеттігі туындап отыр. Өйткені, бұл нысандарды сақтап қалу, олардың тұрғындарға қызмет көрсетуін қамтамасыз ету мемлекетке қиындық туғызған кездерде олар жеке қолға берілген еді. Алайда, бұл нысандар осы саланың мұқтаждарын өтеуден басқа мақсаттарға пайдаланылмауға тиіс болатын. Қағаз жүзінде осындай талап қойылғанымен, жекеменшікке алған иелері бұларды басқа мақсаттарға пайдалана бастады. Атап айтқанда, Мәдениет үйлерін, клубтарды, кітапханаларды мейрамханаларға, дәмханаларға және сондай ойын-сауық орындарына бейімдеп алғандар болды.
Сөйтіп, жалпы нысандардың 95-і жеке иелікте қалғанды. Енді мәдениет мекемелерін өз мақсатында пайдалану үшін екі деңгейде жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, аудандардағы мәдениет мекемелері мемлекеттік меншікке қайтарылуда және екіншісі – бейімделген ғимараттарда мәдениет ошақтары ашылуда. Осылайша өткен жылы өңірімізде Тимирязев, Ақжар, Жамбыл, Тайынша, Ғ. Мүсірепов атындағы, М. Жұмабаев, Есіл аудандарында он бір мәдениет ошағы мемлекеттік жүйеге ауыстырылды.
Саланы қаржыландыру көлемінің жыл сайын артуы осы бағыттың негізді екеніне көз жеткізеді. Атап айтқанда, өңір басшысы Самат Ескендіровтің өткен жылдың 21 ақпанында тұрғындар алдында берген есебінде сол жылы бұл көрсеткіш 2,230 миллиард теңгені құрағаны тілге тиек етілді. Ал 2012 жылы бұл көлем 2,001 миллиард теңге болған еді. Демек, 2013 жылы оның алдындағы жылдан 10,3 пайызға көп қаржы бөлінді.
Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасынан алынған деректер бойынша үстіміздегі жылы ауылдық жерлерде бірқатар мәдениет ошақтарын ашу жоспарлануда. Осы ретте төрт клубтың және алты кітапхананың шамдары жағылмақ. Сондай-ақ алты мәдениет мекемесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұларға 72 миллион теңге қаржы жұмсау жоспарланғаны белгілі болды.
Осыдан біршама бұрын ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жұмысы ақсап кеткенін жасыруға болмайды. Әсіресе, аудандардың есепті концерттері бұрынғы кездердегідей жүйелі өткізілмегені рас. Мұның ішінде қазақтың дәстүрлі әндерін, күйлерін дамыту бәсеңсіп кеткен еді. Өткен жылы осы олқылықтардан арылу үшін жақсы қадамдар жасалғаны байқалды. Сөйтіп, қазақ халық әндері мен сазгерлерінің мұраларын ел ішінде кеңінен насихаттау әрі ауыл жастарының арасынан өнерпаз жастарды іздестіру мақсатында облыстық жиырма алты шара ұйымдастырылды.
Бір құптарлығы – егер бұрындары өнер саласының жұмысын ширатуды, ондағы жас дарындардың өнерлерін сарапқа салуды анықтау үшін байқаулар облыс орталығында ғана өткізіліп келсе, былтыр бұл әдіс өзгертілді. Соның нәтижесінде Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда Шәмші Қалдаяқовқа арналған “Менің Қазақстаным” байқауында бағын сынағандар бас қосты. Ал Ақжар ауданында жергілікті әнші-сазгерлердің шығармашылығына орай “Жұмағы жердің – Қызылжар” ән байқауы өтті. Аққайың ауданында “Сағындырған халық әндері-ай” байқауы ұйымдастырылды.
Осылардан соң жеңімпаз өнер иелеріне республикалық байқауларда сынға түсуге жол ашылды. Соның нәтижесінде еліміздегі және одан сыртқары жерлердегі сынақтарға төрт ұжым мен бес жеке орындаушы қатысып қайтты.
Әсіресе, Мәскеуде өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының Халықаралық байқауынан Уәлиханов ауданының “Алтынай” фольклорлық ансамблі олжалы оралғанын айтуға болады.
Үстіміздегі жылы ұлттық өнеріміздің қайнарын тасытып, жұртшылық оның игілігін көретіндей жұмыстарды тындыру сала қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктейді. Осыған қоса айтарымыз: жергілікті телеарналарда этномәдени бірлестіктер өкілдерінің концерттерін, жеке әнші-күйшілердің орындауындағы шығармалар жұртшылықназарына ұсынылса, игі болды еді. Бұл ретте республикалық телеарналардағы “Аймақтар аламаны”, “Сағындырған әндер-ай” және басқа да хабарлар өнеге боларлықтай.