Есіл аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері өздерінің нәзік жанды әріптестеріне арнап Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған концерттік бағдарлама ұсынды.
Аудандық Мәдениет үйінің залында Ішкі істер бөлімінің нәзік жанды офицерлер мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қыз-келіншектері жиналды. Сондай-ақ салтанатты шараға қызметкерлердің ата-аналары, жұбайлары мен балалары қатысты. Салтанатты жиынды аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Сұлтанов ашты.
“Біздің қызметіміздің қай саласында болса да, қыз-келіншектерді кезіктіруге болады. Олардың 300 шақтысы қатардағы қызметкерден полковник шеніне дейінгі лауазымды иеленіп отыр. Сондай-ақ 200-ден астамы ішкі істер органдарында келісімшарт бойынша қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың құқықтарының қорғалуына өз үлестерін қосып келеді”, – деді Есіл аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Сұлтанов.
Аудандық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Александр Омичёв те қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады. Кейін аудандық Ішкі істер бөлімінің ер адамдарынан құрылған ұжым күшімен әзірленген концерттік бағдарламаға кезек келді. Бұл күні халық арасында танымал әндер, халық аспабында ойналатын күйлер мен термелер орындалды. Сондай-ақ нәзік жандарға арналған жыр шумақтары төгілді. Концерт барысында офицерлер бірде-бір әйел затын назардан тыс қалдырмай, баршасына гүлдер сыйлады.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.