Өмірін өрнегімен өрнектеп, балаларына, туған-туыстарына, өз қатарластарына үлгі-өнеге көрсетіп отырған Салтанат Қарағожина – Петропавл қаласының тұрғыны. Ол отбасының берекесін келтіріп, жан жылуына бөлеп отырған асыл жар, аяулы ана ғана емес, сонымен қатар он саусағынан өнер тамған ісмер.
Көпбалалы отбасында дүниеге келген Салтанат Әскерқызы – ата-анасының тұңғышы. Оның балалық шағы, жастық кезі өзі туып-өскен Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылында өткен. Мектепті аяқтаған соң қатарластарынан қалмай, облыс орталығына келіп, оқуға түсуді мақсат еткен Салтанат Әскерқызы №42 училищеге құжатын тапсырады. Сөйтіп, 4-ші разрядты тігінші мамандығы бойынша білім алады.
– Бала кезімде ылғи да Әпәти есімді әжемнің қасында жүретінмін. Ол кісі өте шебер адам болды. Үл-кенкіші көйлек-көншектерді былай қойғанда, жағалы тондарға дейін әп-әдемі, адамның бойына қонымды етіп тіге беретін. Соның барлығын көріп өстім. Ине-жіп ұстайтын жасқа келгенде әжем мені де осы іске баулыды. Қолымнан келсін-келмесін үнемі бір нәрсені пішіп, тігуге үйретуден жалықпайтын. Сөйтіп, бойжеткенде мен де киім тігудің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алдым. Бар білгенімді одан сайын жетілдіру үшін училищеге оқуға түстім. Тігіншілік мамандығын таңдауыма да әжемнің мектебі себеп болды. Өзім бала кезімнен біртабан осы өнерге жақын болғандықтан, училищеде жақсы оқып, қатарымның алды болдым. Диплом алған соң қолымнан келгенше еңбек ете бастадым. Міне, сол кезден бастап ине-жібім қолымнан түскен емес, – дейді Салтанат Әскерызы.
Ата-анасының, ең алдымен әжесінің үмітін ақтауға тырысып баққан Салтанат Әскерқызы соңынан ерген тоғыз сіңлісі мен екі інісіне әрдайым үлгі бола білген. Ерінбей еңбек етіп, бауырларына қолынан келгенше көмек көрсетуден ешбір аянған емес. Жасы келіп, тұрмыс құрған Салтанат Әскерқызы жұбайы Сейпілмәлік Дәуренбекұлымен шаңырақ көтергендеріне жиырма төрт жыл болған екен. Көз қуанышына айналған ұлдары Адай мен Әділбек – қазақы тәрбиеден сусындап өскен ер-азаматтар. Тұңғыштары жоғары оқу орнын аяқтап, жұмыс істеп жүрсе, сүт кенжелері Алматы қаласында Әскери институтта білім алуда.
– Отағасы екеуміз ұлдарды ешкімнен кем қылмай өсіруге тырыстық. Кішкентай кездерінен оларды еңбекке баулыдық. Сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеп, бақыттың кілті еңбекте екендігін үнемі құлақтарына құйып отырдық. Жұмыссыз отыруға болмайды. Мен өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Бірақ еш уақытта жұмыс істей алмаймын деп біреуге қарап отырған емеспін. Қолымнан келгенше киім тігемін, ою-өрнек салып, төр көрпе, қалта, тұрмысқа шығатын қыз баланың жасауы сияқты түрлі нәрселерді тіге беремін. Орта есеппен алғанда бір айда алпыс-жетпіс тапсырыс аламын. Кейбір кезде түнделетіп отырып та жұмыс істеуге тура келеді. Олай істемесе тағы болмайды. Тапсырыс алған соң уақытымен орындап беру керек. Бұл – менің басты мақсатым. Мәселен, жақында биге қатысатын төрт қызға кәріс үлгісіндегі көйлек тігу керек болды. Олар уақыттың өте аз қалғанын айтып, түсіндірді. Сөйтіп, көйлек бір жарым күннің ішінде дайындалып, қыздар өте риза болып қалды. Осындай нәтижелі жұмыс істеген кезде өзіме көңілім толып, іштей әжеме алғысымды айтып отырамын. Қазір сырт киімдерді тіге бермеймін. Олармен жұмыс істеу мен үшін ауырлау. Ұзақ уақыт отыру денсаулығыма кері әсер етеді. Сондықтан да шамама қарай жеңілдеу нәрселерді тігуге тырысамын. Мен өз балаларыма дүкеннен киім-кешекті өте сирек сатып аламын. Көбіне өзім тігіп беремін. Ғаламтор арқылы түрлі киімкешектердің үлгісін көріп, таңдап алғандарын тігіп беремін. Өз қолыммен, аналық махаббатыммен жасаған нәрсе, әрине, сапалы болады ғой. Тек ерінбей еңбектену керек. Мен дені сап-сау адамдардың “жұмыс жоқ” деп бостан-босқа жүргендерін түсінбеймін. Ондай сөздерге сенгім де келмейді. Себебі, істегісі келген адамға жұмыс бар, тек ізденіп, талпынып, үнемі алға ұмтылу керек. Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да көбірек көңіл бөлудің қажеттілігін айтты. Белсенді өмірге тартып, қоғамға пайда әкелу үшін кембағал жандарды жұмыспен қамтудың маңыздылығына тоқталып өтті. Өз басым құнды құжатта көрсетілген осындай маңызды нәрселерді оқып, естігенде бір қуанып қалдым. Мұндай жағымды жаңалықтар біздің ешбір алаңсыз еңбек етуімізге тағы бір мүмкіндік туғызып отыр. Ортақ мақсатты абыроймен жүзеге жеткізу үшін мен де қолымнан келгенше жұмыс істеймін. Себебі, бұл менің азаматтық борышым, – дейді Салтанат Әскерқызы.
Өзінің шеберлігі арқасында табыс көзін тауып отырған ісмер апамыз жақында құжаттарын заңды түрде тіркеуден өткізіп, өзінің жеке кәсібін ашқан. Ендігі мақсаты – мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, қоғамға, отбасына пайда әкелу үшін еңбек ету.
Салтанат Әскерқызының жұбайы Сейпілмәлік Дәуренбекұлы – математика пәнінің мұғалімі. Осы салада 46 жыл қажырлы еңбек еткен ұстаз үшінші топтағы мүгедек. Бүгінгі таңда ол М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы колледжде еңбек етеді. Өмір арнасында бір-біріне пана болып, жемісті жұмыстары арқасында талай биік белесті бағындырып келе жатқан ерлі-зайыпты жұмыссыздықты сылтау етіп, екі қолға бір жұмыс таба алмай бос жүрген жастарға үлгі болары айдан анық. Балаларының болашағын ойлаған ата-ана белді бекем буып, он жылға ипотекаға үй алған. Бірақ уақытына жеткізбей, жеті жылдың ішінде барлық қажетті деген ақшаны төлеп тастаған. Міне, бұл да еңбектің арқасында қол жеткізген үлкен бір жетістік емес пе?!
– Петропавл қаласына 2004 жылы көшіп келдік. Ол кезде балалар кішкентай. Екеуміз де жұмыс істейміз. Қиын болса да, баспана мәселесін шешіп алған дұрыс болады деп ойладық. Содан еңбектің арқасында осы баспанаға қол жеткіздік. Отағасы мектепте істеді, мен болсам үйде тапсырыс бойынша киім-кешек тіктім. Содан түскен азын-аулақ ақшаны жинап, ипотеканы төлеп тастадық. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ, барлығы отбасының, баланың жағдайын жақсарту үшін жасалып отырған дүние ғой. Пайдасы тиетін жұмыс болса, істеуден жалыққан жоқпыз. Отағасы мектепке бармас бұрын таңғы сағат алтыдан тұрып, жақын маңдағы дүкеннің алдын да сыпырып келетін. Мүгедекпін, я болмаса мұғаліммін деп ондай жұмыстардан қашқан емес. Отыра берсек, біздің мәселемізді кім шешіп береді? Ақыры, міне, еңбегіміз еш кеткен жоқ. Бүгінде басымызда баспана, өзімізде жұмыс бар. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Егер мүгедектігімізді алға тартып, отыра берсек, осының барлығына қол жеткізбес едік деп ойлаймын. Біз ешкімнен де кем емеспіз. Мүмкіндік болса, жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз. Осыны мен балаларға да үнемі айтып отырамын. Қолдан келгенше жұмыс істеу керек. Сонда ғана бақытты өмір сүруге болады. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине, бірақ қазір көптеген жас келіндер бірнеше сылтауды алға тартып, бала санына шектеу қойып отыр. Меніңше, бұл да қате сияқты. Денсаулық болса, аналарға өмірге бала сыйлағаннан асқан қандай бақыт керек?! Мен өзім бірінші баланы туғанда дәрігерлер енді екіншіні көтеруге болмайды деп бірден айтқан. Себебі, денсаулығым сыр берген соң өміріме қатер төнуі мүмкін еді. Бірақ мен ақ халаттылардың ондай шешімімен іштей келіспедім. Сөйтіп, арада бірнеше жыл өткен соң бір Аллаға сыйынып екінші ұлымды жарық дүниеге әкелдім. Қазір олар егіз қозыдай бірге ержетіп, бір-біріне қамқоршы болып жүр. Осындай күнге жеткенімізге шүкіршілік айтамын. “Тәуекел түбі – жел-қайық, өтесің де кетесің” демей ме дуалы ауыз. Біз де осындай қиындықтардан өттік, ешбір мойымадық, керісінше, құрыштай шыныға түстік десем артық айтқан болмас едім. Өмірдің қызығы бала ғой. Сондықтан да әр шаңырақ сәби күлкісіне бөленсе, қандай тамаша болар еді. Денің сау болса, дәуір жүгін арқалаған аналардың ізін жалғастырғанның өзі бір қуаныш емес пе?! – дейді ол.
Бала кезінен бастап үнемі ата-анасына көмектесіп жүретін Салтанат Әскерқызы есейгенде де бауырларына пана бола білген нағыз қамқор апа.
– Анамыз Сағила Бірәліқызы он екі құрсақ көтерген. Соның оны – қыз, екеуі – ұл. Анамыз көпбалалы болған соң “Алтын алқа” иегері атанды. Әкеміз Әскер Рамазанұлы тыл еңбеккері, тоғыз жасынан еңбекке араласқан. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан қос қария зейнет демалысында. Немере, жиендерінің қызығын көріп отырған жайлары бар. Өмірде қызық пен қайғы бірге жүреді ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі інім қайттыс болды. Үйдің үлкені болған соң ба, бауырларымның қазасы маған ауыр тиді. Қабырғам сынбаса да, сөгілгендей болды. Шүкір, соңдарынан тұяқ қалды. “Балалық міндетім ғой, ата-анамның бір жүгін көтерейінші” деген ниетпен отағасымен келісіп, екінші інімнің Әлібек есімді баласын өз қолыма алдым. Туған баламыздай болып кеткен Әлібек бізбен тұрады, мектепке уақытымен апарып, сабағын қадағалап отырамын. Биыл ол төртінші сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы, соның нәтижесінде өткен жазғы демалыста басқа оқушылармен бірге Астана, Алматы қалаларына барып келді. Оған да қазақы тәрбие беріп, үлкен азамат етіп ер жеткізсек деген тілек қой біздікі, – дейді ағынан жарылған Салтанат Әскерқызы.
Жан жылуымен жанындағы адамдардың барлығын жылылыққа бөлеген Салтанат Әскерқызының мұндай қадамы мақтауға да, мақтануға да тұрарлықтай. Өзі үшінші топтағы мүгедек болса да, алдына қойған мақсатына қол жеткізіп, бүгінде бір ғана отбасының емес, барлық бауырларының бабын тауып, ақылшы болып жүрген Салтанат Әскерқызының әңгімесін тыңдаған кезде мына бір аңыз-әңгіме еріксіз есіме оралды.
…Баяғыда бір ұяда бес балапан бірге өскен екен. Күні-түні балапандарына тамақ әкелуден шаршамаған аналары бір күні оларға былай депті:
– Балапандарым, қанаттарың қатайғанша мен сендерді асырап қана қоймай, арқама салып ұшып жүруге де дайынмын. Бұл – менің аналық міндетім. Бірақ, сендер де балалық парыз барын ұмытпаңдар. Ертең қартайып, әлім кеткен кезде мені де осылай күтетін боласыңдар деген екен. Сонда балапандардың бірі:
– Ана, өскенде біз арқамызға өз балапандарымызды салып ұшамыз. Сіз сыймайсыз ғой, – депті балалыққа салынып. Сол кезде анасы оның басынан сипап: “Пейілің кең болсын, балапаным, сонда бәріне де орын табылады. Бұл менің сендерге берген аналық ақылым болсын”, – деген екен.
Міне, осы аңыз-ертегідегі құстың балапаны сияқты Салтанат Әскерқызы да жылы ұядан ұшып кетсе де, анасының ақылын ұмытпай, өзім деген жанның бәріне кеңпейілділік таныта білген ардақты адам.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.