Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Стивен Миллардың жуырдағы өңірімізге жұмыс сапары кезіндегі жүргізген келісімдеріне сәйкес облысымызда бұрнағы күні Канаданың Манитоба провинциясы Үкіметінің сауда мен инвестицияларды дамыту жөніндегі бөлімінің директоры Билл Тириус бастаған бизнес делегациясы болып, агробизнестегі ынтымақтастық мәселелеріне арналған кездесулерге қатысты.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өз еліндегі және әлемнің басқа ауыл шаруашылығы нарықтарында көш бастаушы канадалық ауыл шаруашылығы техникалары мен ірі қара өсірушілерінен құралған делегация алдымен “Авагоагро” ЖШС-інде болып, ондағы өндірілетін дәрішашқыш қондырғылармен танысты. Кәсіпорын басшылығы ауыл шаруашылығы техникасын жасаумен айналысқандарына 16 жыл болғанын, қазір жылына 150-200 дана дәрішашқыш қондырғылар шығара алатынын, өнімдерін негізінен көршілес солтүстік аймақтарға ғана шығаратынын айтты. Қонақтар кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып көруге болатынын білдірді.
Сондай-ақ канадалықтар “Сұлтан элеватор ұн үгу-макарон комбинаты” АҚ-да болып, ондағы өндірістік үдерістермен танысты. Компания президенті Идрис Картал комбинаттың ТМД елдерінің барлығына дерлік макарон өнімдерін өткізетінін жеткізе отырып, өндірісте жүргізіліп жатқан технологиялық жаңғырту жұмыстары жайында айтып берді.
Делегация өкілдері түс ауа облыстық әкімдіктің кіші залында өңірдің және аудандардың осы мәселеге мүдделі мемлекеттік органдарының басшыларымен, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров:
– Канададан жеткізілген ауыл шаруашылығы техникалары өздерінің жоғары өнімділігін, сенімділігін және үнемділігін көрсетіп, жақсы қырынан ғана танылды. 2000 жылдан бастап облысқа осы елден 328 трактор, 306 егіс кешені, 40-тан астам дәрішашқыш және 20 “Кенворт” автомашинасы әкелінді. Сонымен бірге қара малдың тұқымын жақсарту және өнімділігін арттыру мақсатында Канададан сүтті голштин және етті ангус, герефорд тұқымды мал алудамыз. Олар өте жоғары өнімділіктерімен ерекшеленеді, қазіргі уақытта ол елден барлығы 300-ден астам бас мал әкелінді. Біз бүгін канадалықтармен одан әрі ынтымақтастығымызды дамыту жайында әңгіме өрбітеміз, – деді.
Кездесуде бірінші болып сөз алған делегация басшысы Билл Тириус бұл жолы Манитоба провинциясы компанияларының өңір тауарөндірушілеріне өздерінің тың ұсыныстарымен келіп отырғанын сөз етті. Одан кейін сөйлеген Xports InternationaI компаниясының даму жөніндегі директоры Стивен Бонк мал экспорттау мен мал шаруашылығы индустриясы және соған байланысты көрсетілетін барлық қызметтер аясында әңгіме өрбітті. Ол компанияның мал шаруашылығы өндірісін жаңа бастаған, кеңейтіп жатқан және жұмыс істеп тұрған құрылымдар үшін сан алуан ақыл-кеңестер қызметін де ұсына алатынын айтты.
WaIinga компаниясы астық және басқа да сусымалы жүктер үшін пневматикалық конвейерлік құрал-жабдықтар және олардың тасымал тіркемелерін, жемшөп тарату құралдарын, орталықтандырылған вакуум жүйелерін шығарумен айналысады. Оның облыс тауар өндірушілеріне ұсыныстары жайында компанияның ТМД елдері бойынша өкілі Александр Ваганов айтып берді. Кездесуге қатысушылар қойған сұраққа жауаптан белгілі болғанындай, астықтасығыштардың бағасы – 68 мың доллар, ал жемшөп тасығыштар 78 мың доллар тұрады екен.
Сол сияқты астық сақтау құрал-жабдықтарын ұсынушы “АGI-Ag Growtһ” компаниясының директоры Каспас Паварс өз өнімдеріне сипаттама берді. Ол өздерінің керекті құрал-жабдықтарды жеткізіп, толық монтаждап бере алатындарын білдірді. Ал “Norstar” компаниясының сату жөніндегі директоры Кертис Корнельсен мұнаралық қоймалардан астық түсірудің арнайы құралдары жайын сөз етіп, оның фермерлік шаруашылықтарға қажетті үлгілерін ұсынды.
“Convey-AII” компаниясының бизнесті дамыту менеджері Стив Фрос сусымалы жүктердің тасымалы конвейерлері желісі туралы айтса, “Springiand Mfg” компаниясының менеджерлері Дерек Робинс пен Генри Лепп ауыл шаруашылық және коммерциялық кәсіпорындарға қажетті астық- ауыстырғыш құрал-жабдықтарды тілге тиек етті.
Жиында облыс ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің тарапынан қойылған сұрақтар аз болған жоқ. Мысалы, “Леонов” шаруа қожалығының басшысы Канададан көп мал әкелініп жатқанын, бірақ онда неге симменталь тұқымды сүтті малдың жоқтығын сұрады. Оған жауап берген Стивен Бонк өздерінде етті тұқымға баса назар аударылатынын, бірақ ішкі нарық қажетін өтейтін сүтті мал тұқымдарының да өсірілетінін айтып, бұл мәселе бойынша сұрақ қоюшымен оңаша әңгімелескісі келетінін білдірді. Сол сияқты аумақтық Ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының басшысы Владимир Корабельников ондағы ірі қараның аусыл мәселесі қалай шешілетіні туралы сұрақ қойды. Оған да жауап берген Стивен Бонк елде жұқпалы аурулардың кең тарауына жол берілмейтінін, байқалған жағдайда дереу шара қолданылатынын, ал экспортталатын малға бақылаудың қатаңдығын айтты.
Елімізге мұхиттың арғы бетінен мал әкелу мәселесі облыс басшысы тарапынан да қызығушылық тудырып, қонақтарға өз сұрақтарын қойды. Оларға жауап беру барысында Канадада 12 миллионға жуық бас қара мал бары, жақсы асылтұқымды қашарлардың 4 мың долларға дейін тұратыны, етті ірі қараның тәуліктік салмақ қосуы 2 килограмға дейін жететіні айтылды.
Кездесу соңында өңір басшысы канадалық бизнес-делегацияның өкілдерімен одан әрі ынтымақтастықта жұмыс жүргізуге облыс ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің дайын екенін білдірді. Самат Сапарбекұлы Қазақстандағы Канада елшісінің атына жедел іскерлік байланыс орнатуға жәрдемдескені үшін алғыс білдірді.