«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЗЫҚ ОТЫЗДЫҚҚА ЕНУ ЖОЛЫНДА ақжарлықтар аянып қалмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұхит ТҰРЫСБЕКОВ,

Ақжар ауданының әкімі.

Елбасының қай жылғы Жолдауы болсын біздің жұмыс бабындағы үнемі қолданатын жолбасшы құжат ретінде қолданылып келеді.

Биылғы Жолдау 2050 жылға дейін Қазақстанның табысқа жетуінің сара жолын айқындап отыр. Онда біздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылысымызды екі кезеңге және жеті бесжылдыққа бөліп қарастыру қажет екендігіне түсініктеме жасалған.

Бірінші кезең XXI ғасырдағы “мүмкіндіктер көзін” пайдалана отырып, жаңғыру серпілісін жасау қажет болатын 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Қазақстан осы уақыт ішінде дамыған елдердің өткен жүзжылдықтағы индустриялық дүмпу кезінде жасағанын жүзеге асыруы қажет. Бұл кезеңде біз экономикамыздың дәстүрлі салаларының қарқынды өсімін қамтамасыз етіп, қуатты индустриялық өңдеуші сектор құрамыз.

Екінші кезеңде 2030 – 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және “жасыл экономика” қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет. Біз қуатты өңдеуші өнеркәсіп қалыптастырамыз. Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшу жүзеге асырылып, ғылыми қамтымды экономиканың базасы ретінде инжинирингтік қызметтер дамиды.

Ұзақмерзімді даму бағыты айқындалған құжатта Елбасы жеті басым бағыт бойынша бірқатар мәселелерді шешу керектігіне тоқталды.

Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейту.

Ол үшін дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Сонымен қатар мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек екендігін айтты.

Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2010-2012 жылдары Ақжар ауданында екі ірі жоба іске асырылды. Екі жоба да өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған. Оның біріншісі “Ақтөбе Гласс” ЖШС ашқан кварц құмын байыту зауыты болса, екіншісі – “Шунгит” ЖШС-і арқылы жүзеге асырылған әртүрлі фракциядағы қиыршықтас өндіру кәсіпорны. Осы екі кәсіпорын іске қосылған уақыттан бері кәсіпорын өндірген өнімінің табиғи көлем индексі жыл сайын артып келеді.

2014 жылы да өнеркәсіп саласында сыртқы қаптауға арналған өрнектас және габродиорит өндіру бойынша “Ақжар Инвест” ЖШС-і, қиыр-шықтас өндіру мен өңдеу саласында “Ақжар Нейруд” және “СХП Сарбай Инвест” ЖШС-лері арқылы қосымша 3 кәсіпорын ашу жоспарлануда.

Осылайша инвестиция тарту арқылы ауданның шағын және орта бизнесін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалатын болады.

Екінші. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Өткен күндерге талдау жасай отырып, біз бұл дәстүрлі салада неден ұттық, неден ұтылдық деген сұраққа жауап іздеуіміз қажет екен. Өйткені, Президент айтқандай, біз ұлан-байтақ жеріміздің мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз.

Өткен жылы біздің ауданның диқандары да 265 мың гектар алқапта егін өсіріп, әр гектарынан 12 центнерге жуық ғана өнім алдық. 2013 жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 12 млрд. 963 млн. теңгені құрап, табиғи көлем индексі 106,3 пайыз болды.

Өткен жылы ауданымыздың егіншілікпен айналысатын кәсіпорындарына 103,2 млн. теңгенің субсидиясы берілген. 2013 жылы аудан бойынша 435 млн. теңгеге жуық қаражатқа 24 қуатты ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды.

“Жасыл экономикаға” көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады. Осыған орай алдағы уақытта озық технологияларды қолдана отырып, өнім көлемін арттыруға баса назар аударылады.

Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс, делінген Елбасы Жолдауында. Бұл мақсатта тек өткен жылдың өзінде “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 12 шаруашылық 1438 бас қара мал сатып алған. Мал басы жыл сайын артып келеді. Біз биылдан бастап мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашатын инвестор тарту жұмысын жүргізетін боламыз.

Үшінші. Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру.

Төртінші. Инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету керек.

Көлік инфрақұрылымы – индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе. Яғни, ауылдағы жол мәселелері бүгінгі уақытта күн тәртібіндегі негізгі мәселердің бірі болып отыр. 2013 жылы біздің жергілікті жолдарды орташа жөндеуге 90 млн. теңге, республикалық маңызы бар жолдарды ұстауға 16 млн. теңге бөлініп игерілді. Сонымен қатар Талшық және Ленинград ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуге 4,5 млн. теңге жұмсалды.

Біздің ауданда Горький ауылындағы телеком бөлімшесінде ғана жел мен күн энергиясын пайдаланатын ток көзі жұмыс жасайды. Сондықтан алдағы уақытта шағын және орта бизнес өкілдеріне баламалы энергия көздерін пайдалануды енгізу туралы жұмыс жүргізетін боламыз.

Бесінші. Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы Елбасының басты ұстанымы, үнемі айтып жүргендей, экономикамыздағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру мәселесі болып отыр.

Бүгінгі уақытта ауданда 640 шағын кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде 377 жеке кәсіпкер, 46 заңды тұлға, 217 шаруа қожалығы тіркелген.

2013 жылы жеке кәсіпкерлер қосымша 65 жұмыс орнын ашып, осы салада жұмыспен қамтылған тұрғындардың жалпы саны 2000 адамға жуықтады.

Ауданда 402 инфрақұрылым нысаны халыққа қызмет көрсетеді.

2013 жылы бөлшек тауар айналымы 1 млрд. 814,5 млн. теңгені құрап, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 117,4 пайызға артқан.

“Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін жаңа бизнес бастамаларын қолдау бойынша 2 жоба іске асырылды. Оның біріншісі “Талшық Астық” кешенін модернизациялауға 800 млн. теңге қаржы бөлінсе, “Каримов” жеке кәсіпкеріне қонақүй бизнесін кеңейту үшін 5 млн. теңге субсидия берілді.

Сонымен қатар “Мадигаж” жеке кәсіпкері “Ұлттық қолөнер цехын ашу” үшін 1,2 млн. теңге қайтарымсыз грант ұтып алды.

Алтыншы. Білім сапасын арттыра отырып, сауатты да дені сау ұрпақ қалыптастыру – бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену жолындағы басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан, ең алдымен, Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда ауқымды жұмыстар атқаруымыз қажет.

“Балапан” бағдарламасы жүзеге асырылған уақыттан бері біздің ауданда мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылған бүлдіршіндердің саны 96 пайызды құрап, облыста алдыңғылардың қатарынан көріне білдік.

Өткен жылы Бостандық орта мектебінің негізінде 40 бүлдіршінге арналған толық күндік шағын орталық ашылса, биылғы жылы Қулыкөл ауылындағы балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Білім беру саласы бойынша ауданымыздың сапалық көрсеткіштері жыл сайын артып келеді. Бұл бағытта 21 орта, 3 негізгі, 1 бастауыш мектеп, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 3 балабақша, ауыл шаруашылық колледжі, жасөспірімдер үйі және медициналық-педагогикалық-психологиялық-консультация, музыкалық мектеп, өнер мектебі, коррекция кабинеті, балалар мен жасөспірімдер спорт клубы үздіксіз және 25 шағын орталық жүйелі түрде жұмыс жасап келеді.

Балаларға қажетті сапалы білім беру үшін мектептерде барлық жағдай жасалған. Телефон байланысы және компьютерлермен қамтамасыз етіліп, Интернет жүйесіне қосылған.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан тұрғындарына кепілдендірілген медициналық көмек 24 мекеме, оның ішінде 125 төсекке арналған аудандық орталық аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория және 17 медициналық пункттер арқылы көрсетіліп отыр. Осы мекемелерде 24 дәріхана халыққа қызмет көрсетуде.

2013 жылы 2,9 млн. теңге қаражатқа осы мекемелерге жөндеу жұмыстары, сонымен қатар 2 денсаулық сақтау нысанының жылыту жүйесін жөндеуге 1,9 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні ауданның барлық дәрігерлік емханалары мен медициналық пункттері телефон байланысымен және санитарлық автокөлікпен толық қамтылған.

Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі. Денсаулығы мықты ұрпақ қалыптастыру үшін ауданда нақты және жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде спорт және дене шынықтырумен айналысамын деушілерге аудан бойынша 150 спорт нысаны қызмет көрсетуде. Оның ішінде 28 спорт залы, 4 стадион, 11 хоккей қорапшасы, 20 ату орны және 7 қосымша спорт орны бар.

2013 жылы ауданымыздан еркін күрестен 1 спорт шебері, ауыр атлетикадан 3 спорт шеберлігіне үміткер, бокстан 1-ші разрядты 1 спортшы шықты. Сонымен қатар спорт саласындағы жетістіктерімізге ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жазғы және қысқы спорттық ойындары өз үлесін қосуда.

Үшіншіден, Елбасы жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін бергенді жөн деп санайды.

Қазіргі уақытта аудан бойынша 33 мәдени нысан, оның ішінде аудандық орталық Мәдениет үйі, С.Сәдуақасов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы, 7 ауылдық Мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб, құрамында 15 ауылдық кітапханасы бар орталықтандырылған аудандық кітапхана жұмыс жасауда. Сонымен қатар барлық білім мекемелерінде кітапханалар жұмыс істейді.

Өткен жылы Ленинград ауылдық Мәдениет үйіне 12,3 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Жетінші. Мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес секторымен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдерін жетілдіруді қажет деп санайды.

Елбасы, сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шешу қажет екендігін және барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыруды тағы да қайталап айтты.

Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына, яғни ауылдық округ әкімдеріне көбірек дербестікті талап етті.

Мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттер осындай. Біздің алдымызда оларды заң жүзіне және нақты шешімдерге айналдыру міндеті тұр.

Осы Жолдауда Елбасы қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел екендігін баса айтты.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғырту жолы. Ендеше ақжарлықтар да Президенттің биылғы Жолдауындағы жаңа бастамаларды іске асыру жолында барлық күш-жігерді аямай жұмсайтын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp