Тілсіз жаудан адам жанын арашалап қалған Петропавл Әскери институтының 4-курс курсанты Собир Базарбаев Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” Құрмет белгісімен марапатталды.
Жас сарбаз үстіміздегі жылдың ақпан айында Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылында тұратын 61 жастағы қарияны өлім аузынан алып қалған болатын. Сол күні ауылдағы туыстарына демалысқа келген курсант көрші үйдің өртке оранғанын естіп, тұра жүгірген. Үйдің есігін жұлып ашып, еденде есінен танып жатқан адамды тауып алып, сыртқа көтеріп шығарады. Осылайша кешкісін арақ ішіп, темекі шегіп жатып, ұйықтап кеткен екінші топтағы мүгедек жас сарбаздың ерлігінің арқасында аман қалады.
Бейбіт күннің батырын Әскери институттың жеке құрамының алдында марапаттаған ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, генерал-майор Серік Әубәкіров Собир Базарбаевтың ерлігі бірінші кезекте ата-анасы мен оқытушыларының ерен еңбегінің жемісі екенін атап өтіп, оның бұл ісі барлық күш құрылымдары қызметкерлеріне үлгі болатынын айтты.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.