Өңіріміздегі дәстүрлі әндерді орындаушы жастардың арасында жанға жағымды дауысымен, жақсы ән салу машығымен көзге түсіп жүргендері барын әдеби-өнер кештерінде, тұғыры бөлек тұлғаларға арналған басқосуларда байқап жүретін әдетім бар. Олармен сәті түскенде әңгімелесіп, өнерге келу жолдары, бағыт нұсқап, үйреткен ұстаздары жайында сұхбаттасуға тырысамын.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осындай жас өнерпазды, болашағынан үміт күттіретін әншіні С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен әдеби кештердің бірінде ұшыратып, онымен кездесуге ден қойған едім.
Мені алдымен баурап алғаны – жап-жас бозбаланың ашық та анық дауысы. Ән салғаны оның тегін өнер иесі еместігін, белгілі бір ұстаздан дәріс алып жүргенін бірден аңғартты. Сұрастыра келсем, анығында да солай екен.
Петропавлдағы өнер мектебінде оқып жүрген бұл бозбала – Қазбек Байтеміров белгілі әнші Жанат Айтбаевтың шәкірті болып шықты. Павлодар облысының тумасы Жанаттың өнеріне ел-жұрт ежелден қанық. 2004 жылдан бері біздің облыс орталығында тұрып, филармонияда әндер орындайтынын, соған қоса осы өнер мектебінде сабақ беретінін жазғанмын. Ол Естай Беркімбаев атындағы республикалық дәстүрлі әндерді орындаушылар бәйгесінің бас жүлдесін жеңіп алғанын да жұртшылыққа паш еткен едім. Оның әйгілі шәкіртінің бірі – Біржан Есжанов қазір Астанадағы Өнер университетінде білім алуда.
Қазыбек Байтеміров – сол Біржанның ізбасары, Ж. Айтбаев өнер қиясына қондыруға ұмтылып жүрген жас дарын. Бүгінде он жетіге ғана толып отырған ол Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылында туыпты. Ата-анасы Амангелді мен Роза – ауылдың ел-жұртқа сыйлы, қарапайым азаматтары. Қазыбектің өзінен сұрастырып отырғанымда айтқаны: өз жұртында да, нағашы туысында да ән қонған әйгілі адамдар жоқ. Алайда, мектеп жасындағы жеткіншек ән салуға ерте құмартып, алдымен сырнай тартуды үйренеді.
Әрине, өздігінен сырнай сазына ұйып кете қоймаған. Бұл өнерді баланың бойына мектепте музыкадан сабақ берген ұстазы Бейсембай Жылқайдаров дарытыпты.
– Әуелі сырнай тартуға машықтандырды. Есімде, ауылдың ересек жігіттері кешкілік клубқа жиналып, сырнай әуенін сызылтатын. Қызығып, құмартып жүрдім. Соны сезгені шығар, Бейсембай ағай мені осы аспапта ойнауға баулыды, – дейді Қазыбек.
Одан кейін сырнаймен ән шырқай бастайды. Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Көзімнің қарасы” әндерін орындайды. Мағжанның “Сен сұлуын” да көңілге қонымды шырқайды.
Осыдан кейін Петропавлдағы өнер мектебіне түсуге ниет қояды. Тоғызыншы сыныпты тамамдаған соң осы оқу орнына келіп, сынақтардан ойдағыдай өткенде алдынан кең жол ашылып, домбыраны да меңгеріп алған екен.
– Қазыбектің дауысы драмалық тенорға жатады, – деді әңгімеге араласқан Жанат Айтбаев.
– Бұл Арқаның әншілерінің ежелден бергі дәстүрі ғой. Қандай әндерді көңілі қалап, орындап жүр? – деген сауалыма Қазыбек өзі жауап беріп, халық әндерін шырқайтынын алдымен айтты.
Содан соңғы әңгіме үстінде осы өнер мектебінде білім алып жүрген үш жылдың ішінде Біржан салдың, Сегіз серінің, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әндерін сүйсіне шырқайтынын аңғартты. Өтінішім бойынша Үкілі Ыбырайдың “Гәккуін” орындап берді. Әнде Үкілінің өзі ескертетін “Айта алмай Гәккуімді ешбір адам” делінетін жол бар ғой. Расында да, бұл әннің кез келгеннің ырқына көне қоймайтын, жоғары дауысты, кең тынысты қалайтын қиындығы бары белгілі. Алайда, Қазыбек сүрінбеді. Ұстазы сонда да демеп, көтермелеп тастап отырды. Онысы бұдан да нақышты орындасын деген тілек екенін сездім.
– Әнді орындағанда дыбысты дұрыс шығару керек. Ашық, жоғары дауысты қабынбайтындай қалыптастыру қажеттігін ұстазым зердеме құйып отырады. Әнді дұрыс салу үшін кеуденің тыныс жолдарының ырғағын қадағалау жөн. Оны да осында білім ала жүріп үйреніп келемін, – деді жас әнші.
Оның тағы бір сөзі көкейіме қона кетті. Өйткені, “Таңертеңнен ән салған жөн емес, дауыс жөндемді шықпайды” дегенді кейбір әншілерден естіген едім. Бұл жөнінде жас та болса, Қазыбек жақсы түсінік берді.
– Мен мұндай пікірмен келіспеймін. Әнші әнді орындайтын мезгілді таңдамауы керек. Таңғы ас адамға қандай қажет болса, ән де адамға қуат беруі керек. Бәрі әншінің машықтануына байланысты. Арқаның атақты ән сүлейлерінің шығармашылығына бойлаған сайын осыны айырдым, – деді ол.
Осы тұсқа келгенде мені мынадай бір ой да баурап отырды. Соңғы жылдары өңірімізде дәстүрлі әншілер азайып бара жатқандай бір жағдай көңілді алаңдата береді. Бұл Арқаның ән мектебі жойылып кете ме деген алаңдаушылық. Дәстүрлі әндерді бойды баурайтындай етіп орындау оңай емес. Содан болар, кейбір әншілер оған қарағанда оң жамбасқа келе қоятын эстрадаға әуес. Ал дәстүрлі әншілердің өнерін жетілдіре түсу үшін жас басынан, осы Қазыбек Байтеміровтей кезінен, томағасын алып, топқа салып отыру керек. Атақты ән сүлейі – Әсет Найманбаев айтқандай, “Жақсы әнші ән салудан жалықпайды. Қырандай көкте қалықтайды”.
Бірақ, өкінішке қарай, біздің өңірде мұндай өнер сынақтары жүйелі өткізілмей келеді.
Бүгінде Ж. Айтбаевтың тобында бес шәкірті білім алады екен. Биыл солардың екеуі мектепті тамамдап шығады. Қазыбек болса әлі жас. Оның арманы – мектептен қанаттанып шыққан соң оқуын одан әрі жалғастыру. Ол үшін Астанадағы Өнер университетіне барып, бағын сынамақ ойы бар.
Біздің әңгімемізді телефон қоңырауы бөліп жіберді. Арғы жақтан сөйлеп тұрған адам Қазыбекті жастардың кездесуіне шақырып, сонда ән салып беруін өтінді. Ол қарсы уәж айтқан жоқ. Келісімін берді. Топ алдында өнер көрсетуден тартынбауын жақсы ырымға баладым.
СУРЕТТЕ: Қ. Байтеміров.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.