Beeline Қазақстан компаниясының “Google Translate+Kazakh” жобасы жыл сайын өтетін “EUROBAK CSR – Award 2014” байқауында “Қазақстандық қоғамды қолдау және дамыту” аталымындағы жобалардың арасында айрықша көзге түсті.
Ең жауапты бизнес өкілдерін марапаттау рәсімі Алматы қаласында өтті. Шараны ұйымдастырушы – Қазақстадағы Европалық Бизнес Қауымдастығы EUROBAK.
“Бүгінгі таңда “Google” аудармашы тегін веб-қызметінде 80-нен астам тіл жиналған. Бірақ әзірге қазақ тілі жоқ. Қазақ тілін Google-ге қосу үшін жүйеде ағылшын және орыс тілдерінен қазақ тіліне айна қатесіз аударылған көптеген мақалалар болуы керек. Қазақстанда бұл жұмысты “WikiBilim” қоры жүргізуде. Жобаға еріктілерді мүмкіндігінше көп тарту үшін, бірінші кезеңде біз “Beeline” абоненттеріне қызметті тегін қолдану мүмкіндігін ұсындық, себебі базаны бүкіл әлем болып жинаған абзалырақ. Қазіргі уақытта мәтіндердің межелі көлемі жинақталды, енді кәсіби филолог-аудармашылар жинақталған базаға сараптама жасауда. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін қазақ тілі әлемдік аударма жүйесіне шығады”, – деп Beeline Қазақстан компаниясының Корпоративтік қатынас директоры Алексей Бендзь пікір білдірді.
“Beeline”-нің “Google Translate” жүйесіне қазақ тілін қосуға байланысты жобасы аса маңызды болып табылады. Бүгінгі күні қазақ тілін Интернетке енгізу және оны қолдану, қазақ тіліндегі контентті дамыту – өте жоғары сұранысқа ие. Бизнестің қоғам қажеттілігі мен өзекті мәселелерге немқұрайды қарамайтыны қуантады, ал “Beeline”-нің “Google Translate+Kazakh” жобасының әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары”, – деп Қазақстандағы Eurobak қауымдастығының атқарушы директоры Юлия Кусиди өз ойымен бөлісті.
“EUROBAK CSR Award” – Қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілік шеңберіндегі бизнес жобаларды айқындауға және маңыздылығын арттыруға бағытталған дәстүрлі шарасы. Үстіміздегі жылы бұл жобаға 32 компания қатысты. Алты аталым аясында CSR саласындағы 51 жоба қарастырылды.
(Өз тілшімізден).