Ел Президентінің биылғы Жолдауында Қазақстандағы білім беру жүйесін дамыған елдердің сапалық деңгейіне жеткізу мәселесі басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсетілді. Бұл талап кәсіптік және техникалық оқыту саласына да тікелей қатысты. Осыдан екі жыл бұрын Үкіметтің арнайы шешімімен жалпы жұмысшы мамандарын даярлаумен айналысатын кәсіптік лицейлердің мәртебесі колледждермен теңестіріліп, бәсекелестік жағдайындағы біліктілік сұранысын өтеуге ерекше маңыз берілді.
Біз жүргізіліп жатқан реформалық қадамдарға байланысты жаңа оқыту жүйесін енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану төңірегінде сала мамандарымен әңгімелескен едік.
Алма ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық Білім басқармасы кәсіптік білім және кадрлар даярлау бөлімінің басшысы:
– Өңірдегі кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінде жұмыс істейтін 30-дан астам оқу орындары 15 мыңнан астам оқушыны 75 мамандық бойынша 29 кәсіпке баулиды. Бертінге дейін олар лицей және колледж деп екі буынға бөлініп келсе, енді Үкіметтің 2012 жылғы №321 қаулысымен 17 кәсіптік лицейге колледж мәртебесі берілді. Осыған орай Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құжаттарына сәйкес жаңа оқу стандарттары енгізіліп, 2013 жылдан бастап қолданыла бастады. Бұған дейін кәсіптік лицейлер тас қалаушы, сылақшы, балташы, әрлеуші секілді жалпы жұмысшы мамандықтарына оқытып келсе, енді шебер, техник, технолог сияқты орта басшылық кадрларын дайындау құқығы қоса берілді.
Жеңіс БАБЖАНОВ,
құрылыс колледжінің директоры:
– Жасыратыны жоқ, кеңес уақытында СПТУ, ГПТУ-ларға үлгерімі төмен, тәртібі нашар мектеп оқушылары күштеп жіберілетін. Оған балалар түгіл, ата-аналардың өздері қарсылық таныта алмайтын. Осындай солақай саясаттан кейін бұл оқу орындары жөнінде сыңаржақ пікір, жадағай түсінік қалыптасты. Қалай десек те, қалалық және ауылдық кәсіптік-техникалық училищелер елімізде жұмысшы мамандығына деген қажеттілікті өтеген бірегей жүйе болғанын мойындау керек. Кейін заман ағымына орай лицейлерге айналдырылып, бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары келетін болды. Біз жылына 280-300 үміткерді орналастырамыз, көпшілігі – ауылдық жерлерден. Негізінен, 9-сынып бітіргендерді қабылдап, бюджет есебінен оқытамыз. 11-сынып бітіргендер газбен дәнекерлеуші және жиһаз жасаушы мамандықтары бойынша ғана алынады. Енді бұлардың қатарына басқарушы қызметін меңгерген мамандықтар қосылып, оқыту мерзімі ұзартылды.
Бүгінде кәсіптік-техникалық білім беру саласына іргелі өзгерістер енгізу міндеттері қойылып отыр. Өйткені, материалдық-техникалық база түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Бізде әлі күнге дейін жатақхана, акт, спорт залдары жоқ. Оқушылардың басым көпшілігі елді мекендерден келіп оқитынын ескерсек, пәтер жалдауға екінің бірінің қауқары жете бермейтіні анық. Сондықтан Үкіметтің түйткілді проблемаларды шешуге бел шеше кірісуі үміттендіреді.
Роза БІРІМЖАНОВА,
Петропавл құрылыс-экономика колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Мектепті жақсы аяқтаған түлектер жоғары білім алуға ұмтылатыны белгілі. “Орташа” оқығандар мен отбасысының әлеуметтік жағдайы төмен балалар “жерде қалмас үшін” колледждерде оқуға тырысады. Олардың 15-20 пайыздайы ата-аналарының ақыл-кеңесімен келсе, араларында отбасылық әулетті жалғастырушылар да жоқ емес. Мінез-құлқы, үлгерімі, ойлау қабілеті әрқилы контингентті оқытудың, тәрбиелеудің көптеген қиындықтары кезіккенімен, “жаман” дей бергеннен “жақсысын” кім бере қойсын?!
Біздің колледждің тарихы әріден басталатындықтан, жинақтаған іс-тәжірибеміз мол. Облыстағы үздік оқу орындарының бірі саналамыз. Күндізгі бөлімдегі – 1400, сырттай бөлімдегі 270 оқушы 10 мамандық бойынша білім алады. Олардың 7-еуі құрылыс және технология, қалғандары гуманитарлық және қаржылық-есеп бөлімдерінде оқиды. Жоғары оқу орнын бітірушілердің бәрі бірдей орта буын мамандары бола бермейді ғой. Сол себепті техник-құрылысшы, техник-технолог, техник-бағдарламашы секілді жаңа кәсіптік бағдар беру бөлімдері ашылды.
Кәсіптік лицейлердің колледждерге теңестірілуінің бір артықшылығы мынада: оқыту жүйесі халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, теориялық білімге қоса, өндірістік тәжірибеге үлкен мән берілетін болады.
– Өндіріске білікті мамандар даярлау және жұмысқа орналастыру жайы қалай ұйымдастырылған?
А. ҚҰСАЙЫНОВА: – Былтыр 4 мыңға жуық маман өндіріс орындарына жолдама алып, мемлекеттік тапсырыс бойынша 80 пайызы жұмысқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш жөнінен республикада 6-шы орындамыз.
Дуальды оқыту жүйесіне 6 колледж көшірілді. 3 колледж “Кәсіптік-техникалық білімді жаңғырту” жобасын іске асыру шеңберінде 380 мың доллар халықаралық грантты, 4 колледж сапа сертификатын иеленді. Жыл өткен сайын материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінетін қаржы мөлшері көбейе түсті. Былтыр бұл мақсат үшін 125 миллион теңге жұмсалса, биыл бөлінгені – 175 миллион.
Бірнеше жылдан бері мемлекеттің қолдауымен жас мамандардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Солардың бірі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында жастардың елді мекендерде жұмыс істеуіне нақты мүмкіндіктер тудырылды. Соңғы үш жылда осы бағдарлама негізінде 1,5 мыңдай маман ауылдарға тартылды. Олардың арасында кәсіптік және техникалық мамандық иелері де бар.
Р. БІРІМЖАНОВА: – Елбасы бір Жолдауында Қазақстандағы адами капиталдың сапалы өсу талаптарын тереңнен толғай келіп, “Медицина институтын бітірген түлек бірден дәрігер болып шыға алмайды. Политехникалық жооны тамамдаған түлек әлі де болса инженер емес. Оған өзінің маман екенін дәлелдеуге тура келеді. Бүкіл әлемдегі тәртіп осындай” деген еді. Бұл ойын “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында одан әрі тереңдетіп, жаппай мамандықтар кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осызаманғы қолданбалы біліктілік орталықтарын құрудың, оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлудің, дуальды кәсіби білім беруді дамытудың, оқушылардың жеке ерекшеліктерін жете ескерудің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ балаларды, жасөспірімдер мен жастарды олардың есеюі мен табысты әлеуметтануының дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдерінің жеткіліксіздігі, іс жүзінде, бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделгені, инновациялық курстар оқытылмайтыны өткір сынға алынғаны мәлім. Оның теріс салдары қазірдің өзінде білініп, жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизмге бой ұруы, яғни ересек өмірге бейімделе алмауы, басқа да келеңсіздіктерге ұрынуы ешкімді бейжай қалдырмаса керек. Осы тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, мемлекеттік білім беру үлгі-қалыптарының сақталуы мен орындалуы, қолжетімділігі қандай дәрежеде деген сауалдың көлденең дейтіні анық. Өйткені, бұл оқу орындарындағы оқушылардың басым бөлігі ауылдардан келген. Екіншіден, олардың, негізінен, 9 жылдық біліммен түсетінін ескерсек, мектеп пен колледж арасын жалғастырушы, байланыстырушы дәнекер буын ретінде сапалы білімді қамтамасыз етіп отыр ма деген дүдәмал ойдың қылаң беретіні де рас. Президенттің “бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейтінін, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескерілетінін” ерекше ескертуінен қорытынды шығара отырып, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып келеміз. Жаңашылдықтан қалмау мақсатымен 2012 жылдан бері Қазақстан-Норвегия бірлескен жобасын жүзеге асыруға көштік. Бұл бағдарлама бойынша өндірістік тәжірибеге көп уақыт бөлінеді және де орта буын маманына жалпы жұмысшы кәсібі қоса беріледі. Осыған орай оқуға келетін талапкерлердің білімге ұмтылысы мен талабының жақсарғаны байқалады.
Өткен жылы құрылысшылардың – 70, техник-технологтардың 95 пайызы жұмыспен қамтылды.
– Сөздеріңізге қарағанда, жастардың техникалық және кәсіптік білім алуға тартылуы өз дәрежесінде сияқты. Оған келісейік. Десек те, қордаланған проблемалар да бар шығар?
Ж. БАБЖАНОВ: – Неге болмасын, бар. Кейбіріне тоқталып өттім ғой деймін. Заман ағымына қарай жаңа мамандықтар ашуға қанша талпынсақ та, қауқарымыз жете бермейді. Өйткені, оқу кабинеттері мен шеберлік алаңдары жетіспейді. Оңтайландыру кезінде осында краншыларды оқытатын бөлім жабылып қалған екен. Осы үрдісті қайтадан енгізіп жатырмыз. Орынның тарлығынан құрылыс ұйымдарының базасын пайдалануға тура келеді. Әйтпесе, ойға алған жақсы жобалар баршылық. Болашақ сантехниктер мен газбен дәнекерлеушілер де бір кабинетті иемденіп отырған жайлары бар. Талап бойынша олар бөлек болулары керек.
Бұрын лицей оқушылары бір мезгіл тегін тамақтанатын. Мұның өзі аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін әжептәуір сеп еді. Колледж мәртебесі берілгелі бұл жеңілдік жойылды. Жақсы оқыса ғана стипендияға ілігеді, бізде олардың саны – 120. Нашар оқитындары қайтып күн көрмек деген сауал туады. Алда ескеретін жайттың бірі осы!
Біз өскелең ұрпаққа сапалы білім беру, кәсіптік бағдарлау негізі мектептен қаланатынын кейде естен шығарып аламыз. Болашақ кәсіби маман даярлаудың осы дәстүрі үзіліп қалды. Айналып келгенде, білім капиталының қайтарымы колледж ұжымдарынан ғана талап етіледі. Ал ата-ана жауапкершілігі мүлдем ауызға алынбайды.
Р.БІРІМЖАНОВА: – Кадр даярлаудағы олқы тұстың біріне жұмыс берушілердің әлеуметтік серіктестіктен қашқақтайтынын атар едім. С. Хамзин, С. Тимофеев секілді түсіністікпен қарайтын басшылардың қатары селдір. Көбі жұмыс ауқымының аздығын сылтауратып, екіжақты келісімге қол қоюға құлықсыздық танытып жатады. Тәжірибесіз жастарды өз қарамағына алып, кәсібіне бейімдеу, дағдыландыру, білмегенін үйрету ескеріле бермейді.
Екіншіден, нормативтік базалар жете көңіл бөлуді талап етеді. Үшіншіден, бір мамандықты таңдап, диплом алып, алайда басқа салада еңбек етіп жүргендерді көргенде шеберліктің қыр-сырына бейімделе алмағанына қапаланғандай күй кешесің. Өзгелер секілді біз де құқықтанушыларды ақылы түрде оқытамыз. Соңғы жылдары оларға деген сұраныс біршама бәсеңдеді. Еңбек рыногын зерттеп, сұраныс пен ұсынысты таразылаудың нәтижесінде тамақтандыру ісі бойынша техник-технологтар әзірлеуді ұйғардық. Таңдаудан қателесе қоймаппыз.
Оқушы мен ұстаздарға алдымен керегі оқулық екені түсінікті. Алайда, сапалы оқу құралдары тапшы. Әсіресе, қазақ бөлімдерінде жетісе бермейді.
А. ҚҰСАЙЫНОВА: – Білім реформасының басты мұраты – оның сапасын жақсарту. Осы салада жинақталған проблемалардың барын жақсы білеміз. Диплом алып шығып жатқан жас мамандарымыз бәсекеге қабілетті ме, нарық талабына жауап бере ала ма деген мәселе төңірегінде ойланатын тұстар аз емес. 2011 жылға қарағанда кәсіптік-техникалық колледждер оқушыларының 1331-ге азайғаны байқалады. Оның басты себебін жалпы білім беретін мектептерде балалар санының кемуімен байланыстырған дұрыс болар еді. Соған қарамастан, мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту басты бағдарымыз болып қала береді.
Көптен бері айтылып келе жатса да, жаңа оқу орындарын салу – күрмеуі қиын жайттың бірі. Жоспарға кіргізілгенімен, қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Мұндай құрылыс орындары Жамбыл, Шал ақын, Мамлют аудандарында бой көтеруі тиіс. Облыс орталығында 6 колледж бейімделмеген ғимараттарға орналасқан.
Бұрын лицейлерде аспаз үшін арнайы штаттық бірлік бөлінген. Колледж болғалы штат қысқаруға ұшырап, бірқатар жеңілдіктен айрылып қалды. Енді асханаларды жалға беруге мәжбүр.
Әлеуметтік серіктестік туралы Заңды қайта қарап, толықтырулар енгізу керек секілді. Олай дейтінім, кәсіптік-техникалық білім беру саласын дамытуға жұмыс берушілерді міндеттемейінше, белгілі нәтиже күту қиын. Жұмыс орны бола тұра, жас мамандарды қабылдаудан тартыншақтайтын фактілер аракідік болса да кездеседі. Сондай-ақ ірі шаруашылықтардың есебінен мамандарды оқыту, колледждерге техника сатып әперу тәжірибесі орнықса, құба-құп болар еді.
Сергей ТИМОФЕЕВ,
облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы сараптау кеңесінің төрағасы, “Основание” ЖШС-нің директоры:
– Соңғы жылдары облыста құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 18 пайызға артып, 34 миллиард теңгені құрады. 115 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалды. Алдағы межелер бұдан да зор. Биыл 13 көппәтерлі тұрғын үй, Спорт сарайын, 4 емхана, 2 мектеп, осынша дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, 40-қа жуық су жүйелері нысандарын, басқа да ғимараттарды салу көзделген.
Мұның бәрі жақсы-ау! Ал кадр мәселесіне келгенде қиналатынымыз рас. Оның басты себептерінің бірі – еңбекақының төмендігінде. Соның салдарынан кәсіптік-техникалық колледждерді бітірген түлектер келгілері келмейді. Біз әлі күнге дейін ескі нормативтік-сметалық құжаттар бойынша жұмыс істеп жүрміз. Мысалы, тас қалаушыға атқарған бір текше метр жұмыс ауқымы үшін бар-жоғы 1800 теңге төленеді. Біз 4000-5000 теңге төлеуге мәжбүрміз. Өйтпеген жағдайда кадр тұрақтандыру қиын. Ресейде кемі 10 мың теңге төлейді. Жаз айларында жұмысшылар еңбекақы әлдеқайда жоғары жақтарға барып, жалданғанды жөн көреді. Тас қалаушылар көрші елде 100 мың рубльге дейін еңбекақы табады. Жағдай осылай жалғаса берсе, барымыздан айрылып қалуымыз ғажап емес.
Тағы бір айтарым, бос жұмыс орындары жетерлік. Оны жұмыспен қамту бөлімі өткізетін жәрмеңкелерден көріп жүрміз. Алайда, кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне ыңғайлы жұмыс табыла тұра, барғылары келмейді, “қара жұмыстан” қашқақтайды. Біліктілігінің аздығына, тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, көздейтіндері – тек жоғары еңбекақы. Әр оқушыны оқытып-тоқытуға айына 50-60 мың теңге шығындалатын болса, мемлекеттің қаншама қаражаты желге ұшты деген сөз. Жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірген 700-ден астам жастың шыбық басын сындырмай, құр сенделіп жүруі бәрімізді ойландырса керек.
Сұхбаттасқан
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.