Петропавл қаласындағы тігін фабрикасы бір кезде “Комсомолка” деп аталып, талай адамның еңбек ортасы болғанын білеміз. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы ауыр экономикалық ахуал тұсында бұл іргелі өндіріс орны үлкен дағдарысты басынан өткеріп, жекеменшік иелігіне көшті. Кәсіпорын талай жыл еңсесін көтере алмай жүргендігін былай қойғанның өзінде онда еңбек ететіндер жалақыларын ала алмай, қиналған еді. Ал өткен жылы бұл фабрика басқа кәсіпкердің қолына өтті. Араға бір жыл салып, кәсіпорындағы ахуал қалай өзгергенін білмек оймен бүгінде “Әскери киім тігу фабрикасы” аталатын жаупкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Мұхарлян Шарафутдиновпен жолыққан едік.
– Мұхарлян Салихович, біздің өңірдегі өндіріс орнына қалай келдіңіз? Бүгінде мұнда өздеріңізге керекті еңбек ортасын қалыптастырып алдыңыз ба? Жалпы бүгінгі ұжымға көңіліңіз тола ма?
– Бұл фабрика Астана қаласында 2008 жылы қабырғасы қаланған әскери киім тігу кәсіпорнының филиалы болып табылады. Ол біздің қолымызға 2012 жылдың желтоқсанында өтті. Кәсіпкерлігіміздегі негізгі өндіріс орны осында. Мұнда біз әскери киім дайындайтын өндірісті іске қостық. Осыған дейін фабриканың еңбек етіп жүрген мамандарының барлығын қарамағымызға өткізіп, олармен еңбек шартын жасадық. 2013 жылдың бірінші қаңтарында фабрикада 37 адам еңбек етті. 2013 жыл бойы көптеген адам жұмысқа қабылданды. Бірақ оның ішінде еңбекке бейімділері сұрыпталып, жұмысты атқара алмағандар өз еркімен кетіп те жатты. Жауапсыздық танытқан 3-4 адамды әкімшілік босатты. Ал 2014 жылдың 1 қаңтарында бізде еңбек ететіндің саны 86 адамға жетті. Биыл тағы 22 адамға жұмыс орнын дайындап отырмыз. Десек те, бізде кадр мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Еңбек еткісі келетіндер қатары қалың, бірақ көбінің тәжірибесі жоқ. Сондықтан биыл өндіріс басында бір айлық курс ұйымдастырмақпыз. Тігіншілікке бейімі бар адамға осы мерзім жеткілікті деп ұйғардық. Оқыту тегін жүргізіледі.
– Ал алдыңғы еңбеккерлердің біліктілігі бағаланды ма? Еңбекақылары қалай?
– Әрине, жұмысқа бұған дейін қабылданғандардың еңбек тәжірибесі мол, көбі – осы салада талай жыл жұмыс істегендер. Кәсіпорынның жұмыс бағыты бұрынғыдан басқаша болғандықтан, оларды да бір айлық сынақ мерзімімен қабылдадық, баршасы біліктіліктерін танытып, сыннан сүрінбей өтті. Тігіншілердің арасында зейнеткерлікке шықса да, еңбек етуін жалғастырып жатқандар бар. Олар сол біліктілігі мен шеберлігіне қарай жұмыстарын істеп жатыр. Қазіргі таңда 1-ші санаттағы тігіншіге 32 мың теңге еңбекақы белгіленген. Сондай-ақ еңбеккердің біліктілік санатына, атқарған жұмысының ауыртпалығы мен орындалу көлеміне, сондай-ақ 25 пайыздық айлық сыйақы мөлшерлемелері қосылған кезде оның табысы 60 мың теңгеге дейін барады. Санаты жоғарылардың еңбекақысы бұдан да жоғары. Алайда, бұл жалақының жақсы мөлшері деп айта алмаймыз. Біз биылдан бастап маманның кәсіпорындағы әр еңбек жылына қарай еңбекақысын 15 пайызға көтеруді қолға алып отырмыз. Бұл кадр мәселесін шешудің, яғни еңбеккерлер тұрақтылығын сақтаудың бір жолы деп білеміз. Біз тігіншілікке баулынып жүрген студенттерді тәжірибеден өткізіп, облыс орталығындағы орта білімді мамандар даярлайтын мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Олардың ішінен жұмысқа талабы барларды алып қалып жатырмыз. Мүгедек жандарға да көңіл бөліп, мүмкіндігі шектелген 6 адамды жұмысқа қабылдадық. Тағы да үш мүгедек оқуын бітірген соң бізге келіп, жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Ең бастысы, адам еңбек етуге қабілетті және жауапты болса болғаны. Жалпы біздегі еңбек ортасы бірлік мен сыйластықты жоғары бағалайды. Бұл қасиеттер ұжымдық еңбек ортасы үшін аса маңызды. Кәсіпорын жас болғандықтан, ол қалыптасу кезеңінің бастапқы сатысында. Біз бірінші жылды шығынмен аяқтадық. Олар орны толатын шығындар. Кәсіпорын алға қойған мақсаты, белгілеген жоспары бойынша жұмыс істеп кетсе, алдағы бір-екі жылда еңсесін көтеріп алады деген сенімдемін.
– Байқағанымыздай, техникалық құрал-жабдықтар да көнергенге ұқсайды?
– Біз фабриканы сатып алған кезде оның ішіндегі құрал-жабдықтардың барлығы ескі маркадағы шетелдік бұйымдар еді. Былтыр біз өндіріске азын-аулақ қана заманауи машиналар қоса алдық. Жалпы құрал-жабдықтарды жаңғырту шарасы – алда тұрған басты мақсаттарымыздың бірі. Техника жаңарса, өнімділік пен сапа жақсарары сөзсіз. Бұл фабрика ғимаратының өзі үлкен өзгерісті қажет етеді. Оның ішкі құрылысында кеңес дәуірінің желі есіп тұр. Цехтарды жылыту үшін заманауи құрылғылар орнату керек. Екі мың шаршы метрді жылыту оңай шаруа емес. Коммуналдық құбырлар ескірген. Қыстың қырауында ғимараттың суығынан қорқып, жұмысты тоқтатпау үшін осы мәселені шешіп алуымыз керек. Осы олқылықтан биылғы жылдың суық болған қаңтар айында жұмысшылардың барлығын демалысқа жіберуге тура келді. Осындай кезде мемлекеттің көмегі болса дейміз. Өйткені, жаңа ашылған кәсіпорын үшін мынадай қиындық үлкен ауыртпалық туғызады. Ал мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе, кәсіпорынның ісі өрге басып, шығаратын өніміміз жеткілікті әрі сапалы болып, еңбеккерлердің жалақысын көтеруге де мүмкіндік туары сөзсіз.
– Өндіріс орны жекеменшік кәсіпорын болғандықтан, көп жағдайда өз күнін өзі көреді. Сіздердің жұмыстарыңыздағы басты көрсеткіш тапсырысқа негізделеді. Ендеше бұл істі қалай ұйымдастырып жатырсыздар?
– Біз еліміздегі әскери киімдер киетін мекемелердің тапсырысымен жұмыс істейміз. Былтыр еліміздің Қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындадық. Сондай-ақ шекарашылардың, ішкі істер органдары қызметшілерінің, “Семсер” күзет агенттігінің, “KEGOC” электр компаниясының киім-кешектерін тігіп бердік. Мұның барлығы мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылған жұмыс. Сондай-ай жекеменшік кәсіпкерлердің киім-кешектерін, автомобильшілер қауымдастығына күртелер тіктік. Сондай-ақ жеке-дара тапсырыс бойынша да жұмыс болды. Былтыр жұмыс аз болған жоқ, биыл да жағдайымыз жаман болмас деп үміттеніп отырмыз. Тендерді ұтып алсақ, кәсібіміз өрге басады. Сондай-ақ еліміздегі әскери міндеттегілерге қанша киім керектігін де білгендіктен, бекітілген стандартқа салып, артық тігіп те жатырмыз. Қажетті материалдар бар.
– Жалпы Қазақстанда әскери киім тігумен айналысатын кәсіпорындар көп пе?
– Иә, бізге бәсекелестік тудыратындардың қатары қалың. Сондықтан біз өзіміздің артықшылығымызды көрсетіп, жұмыс істеуіміз керек. Біздікіндей фабрика Шымкент, Алматы, Қостанай, Көкшетау өңірлерінде бар. Біздің филиалымыз әзірге Петропавлда ғана. Кейін жұмысымыз жақсы жүрсе, басқа қалаларда да ашпақ ойымыз бар.
– Кәсіпорын әскери киімдерден басқа да тапсырыстар орындайтын болар?
– Әлбетте, бағдарымыз жан-жақты. Бұл бізге қиындық тудырмайды. Биыл осындағы білім беру мекемелерінен тапсырыс алып, мектеп оқушыларына арналған киім-кешектерді тігуді ойластырудамыз. Бұл, әрине, тапсырыстың қалай берілуіне байланысты. Көтерме тапсырыс қашанда уақыт тапшылығын сездіреді. Сондықтан мектеп ұжымы тапсырысты қысылтаяңға тіремей, еререк берсе дейміз. Жалпы мектеп жасындағы балаларға киім тігу оңай емес. Өйткені, бала тез өседі. Жаздың басында тігілген киім екі-үш айдан кейін балаға шақ болмай қалуы да ықтимал. Сондықтан бізге жеке-дара емес, мемлекеттік стандартпен жұмыс істеген ыңғайлы болар еді. Оны алдағы уақыт көрсете жатар. Көктемге қарай бәрі белгілі болады. 2014-2015 жылдары барлық мектептерді толық бір формаға көшіру керек деген талаптың шыққанын естідік, ендеше бізге жұмыс бар деп ойлаймын.
– Ал әскери киім тігу басқа тапсырстардан жеңіл ме?
– Жоқ. Оның да өз өзгешеліктері бар. Әскери киімнің әр бөлшегінің орналасу тәртібі белгіленген. Әскери белгілердің әр элементі қалай тұратыны, олардың арақашықтығы қанша болу керектігі жарғыға сай тігілуі қажет. Сондықтан біз осының барлығын ескере отырып, бір жылдың ішінде нағыз әскери киім-кешектер дайындауға машықтанып алдық. Өйткені мамандар білікті.
– Өткен жылы қанша киім тігілді?
– Қысқысы және жазғысы бар, барлығы – 12 мың дана. Сонда біз ай сайын бір мың жиынтық тігіппіз. Баға, әрине, тігілетін бұйымға, қолданылатын материалдарға байланысты. Өнімді сапалы ету үшін ізденеміз. Мысалы, биыл біз қолданысқа енді енгізіліп жатқан бұйымдар тіктік. Оның матасы Франция және Германия елдерінен алдырылды. Бұл киім жауынгерді оттан, судан, денеге жарақат әкелетін өткір заттардан қорғайды, яғни бұл – арнайы жасақтарға және мұнай-газ өндірісіне арналған киімдер. Соның бес түрлі үлгісін жасап, Астанаға жібердік. Бүгінде олар сараптамалық тексеруден өтуде. Мұндай киімді Қазақстанда пайдалана бастағанына 2-3 жыл ғана болды. Оның матасы өте қымбат. Сынақтан сүрінбей өтіп, үлкен тапсырыс алсақ, оларды тігуді қолға аламыз. Жалпы өндіріске қажетті материалдар Шымкент қаласынан, Ресей мен Қытай елдерінен әкелінеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.