«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚСАҚАЛДАРДЫҢ АШЫНА СӨЙЛЕГЕНДЕРІ — ҰРПАҚТАРЫНА “ЕСТЕРІҢДІ ЖИ” ДЕГЕНДЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тілеген ЖЕТЕЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жуырда облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің екі нөмірінде (№№14,16) облысымыздың Құрметті азаматтары, адал еңбектерімен елге сыйлы болған қадірменді, абыз ақсақалдар Жақсылық Ысқақов пен Болат Сағындықовтың көлемді мақалалары жарияланды. Кезінде абырой биігінен көріне білген, шешіле сөйлесе шешен шыққан, көсіле сөйлесе көсем шыққан, көпті көрген, көп білетін данагөйлеріміз қоғам дамуындағы аяққа тұсау боларлық кейбір келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, халқымыздың болашағына алаңдаушылық білдіріпті. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа кезекті Жолдауында ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы арманы – Мәңгілік Ел құрудың Ұлттық Идеясын ұсынуы, еңселері биік есті ақсақалдарды бей-жай қалдырмаған екен деп ойладық. Қазіргідей бүкіл әлемде күн өткен сайын шиелене түскен күрделі кезде Мәңгілік Ел идеясын іске асыру – оңай іс емес, Елбасының өз сөзімен айтқанда, “елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан”. Олай болса, ел бақыты үшін жасалатын Ұлы қозғалыстан татар дәмі, алар демі таусылмаған ақсақалдарымыз бен ардагерлеріміздің қалыс қалуы дұрыс болмас еді. Сондықтан, елімізге елеулі, халқымызға қалаулы, талмайтын тарландарымыз Жәкең мен Бөкеңнің қоғам ісіне белсене араласуларын қуана қолдау біз сияқты ізбасарларының азаматтық парызы деп білемін. Өмірдің талай тар жол, тайғақ кешулерін өз бастарынан өткерген майталмандарымыздың айтары көп, сырлары терең. Тек тыңдайтын құлақ, орындайтын ниет болсын.

“Біреудің қаңсығы қашанғы таңсық болады?” атты бір ғана мақаласында Жақсылық Ғабдоллаұлы ел дамуына оң әсерін тигізер 8 маңызды мәселені қозғапты. Санамалап айтсақ: халыққа әлеуметтік көмек жасаудағы әділетсіздіктер (түрмеде отырған қылмыскерлерге жылына 580 мың шығын жасалса, өмір бойы ауыр жұмыс істеп денсаулықтарынан айрылған зейнеткерлерге жылына 360 мың); өзіміздің ішкі мүмкіндіктерімізді сарқа пайдаланбай жатып, шетелдерге еліктеу; өткен заманның ұтымды іс-тәжірибелерін пайдаланбау, мүлдем мансұқ ету; бір кездердегі ақар-шақар тіршілігі болған ауылдарды “келешегі жоқ” ауылдардың қатарына жеткізу; жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу; жергілікті жерлердегі отансүйгіштік, рухани-мәдени тәрбиенің жағдайы; медицина саласындағы келеңсіздіктер; нақты жағдайларды асыра бағалап, даңғазалыққа жол беру. Осы санамаланған мәселелердің қай-қайсын алсақ та, мақала авторы жалған сөйлепті деп айта алмайсың. Мақаланың әр сөзінен елге, жерге деген жанашырлықтың самалы есіп тұр. “Кемедегенің жаны бір” дегендей, Елбасының “бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ” ұстанымын іске асыру, әлемдегі озық 30 елдің қатарынан табылу үшін түрлі келеңсіздіктердің бетін ашып, ішкі мүмкіндіктерді сарқа пайдалану арзанға түседі, әрі басқа елдерге тәуелсіздікті азайтады. Жәкеңнің “Біреудің қаңсығы қашанғы таңсық болады?” деуінде жазылмаған шындық, айтылмаған сыр жатыр. Қазақстанның табиғи байлығы жеткілікті бола тұрып, шетелдердің “қаңсығын” тартуға әуестену ішкі резервтерді жете пайдалануға кері әсерін тигізеді. Бұл қолда бар адам капиталын тиімді пайдаланудың, кадрлармен жұмыс істеудің деңгейін көрсетеді. Қазақстанның әлі күнге дейін, негізінен, өңделмеген табиғи байлықтарды (мұнай, газ, т.т.) шикізат қалпында сатумен айналысуы осы сөзіміздің дәлеліндей.

Облысымыздың Құрметті азаматы Болат Сағындықовтың “Ұлы мақсат жолында атқарар істеріміз ауқымды” мақаласы да еліміздің дамуына деген қамқорлыққа толы.

“Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды!” деген Елбасының сөзі әрбіріміздің жүрегімізге қуаныш сезімін ұялатты… Қазір тайсалмай жалтақтамай “Өз жерім, өз елім, өз тілім!” деп айтарлық заманға жеттік.

Тәубе деп қана қоймай, әлі де болса бұл істе кемшіліктер барын көзді ашып көріп, саралап жоюға бәріміз болып, біраз іс-шаралар атқаруға міндеттіміз. Тек қана соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша он миллиард теңге бөлініпті. Жиырма жылда мемлекеттік тілде жиырма сөз үйренбегендерге не деуіміз керек? Жұмсалған қаражаттың нәтижесіне кім жауапты? – деп толғанады Болат Мағазұлы.

Мен ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамытуда, өндірісті өрге сүйреуде айтып бітпес күрделі жұмыстарды табандылықпен іске асырған Жақсылық Ғабдоллаұлын да, Болат Мағазұлын да жақсы білемін. Жүрген жерлерінде жалындап жанған оттай, түскен жерін тесіп шығар шоқтай болып көрінетін осы саңлақ тұлғалардың басшылығымен өңірімізде жүздеген сәулеті асып, дәулеті шалқыған еңбек ұжымдары, совхоздар мен колхоздар өмірге келді. Сол елді мекендердің қирау мен күйреуге ұшыраған бүгінгі келбеттері адам шошырлық. Көбісі “келешегі жоқ” ауылдардың қатарына қосылды. “Бұрынғы және қазіргі ауылдың рухани өмірі еш салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей” деп Жәкеңнің ашына сөйлеуі тегін емес. Бұл сөздер өзінің өткен ғұмырына, жасаған істеріне өзегін өртер өкініштен шығып отырған сияқты.

Әсіресе, түн мезгілінде иесіз қалған ауылдың көшесімен өтсең, бойыңды әлдеқандай бір үрей билейді. Көшіп кеткен үйдің орнындағы төмпешікке шығып алып, Айға қарап ұлыған, қаңғырып қалған иттерді көргенде өзіңді оларға сатқындық жасағандай сезінесің. Адам ретінде, жер бетіндегі тіршіліктің иесі ретінде: “Апыр-ай, итке де иттік жасадық-ау”, деп егілесің. Қатардан қалмай, басқа да өздері сияқты ұжымдық шаруашылықтармен бәсекеге түсіп, иен далада егін сыңсытып, табын-табын мал шұбыртып, адал еңбекпен күндерін көрген үлкенді-кішілі ауылдар жалпақ даланың сәні емес пе еді? Ауыларалық жол, ауызсу, жарық мәселелері шешімін тапқан. Елде жұмыссыздық деген сөз жат ұғым еді. Жұмыс емес, жұмысшы жетпей жататын. Осының бәрін өтірік деп айтуға аузың бармайды. Осының бәрі адам қолымен жасалған игілікті істер еді.

Рас, қоғамдық құрылым өзгерді. Нарық заманы келді. Тәуелсіз мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу үшін көптеген қиындықтар да болды. Бірақ, ештеңе де мәңгілік емес. “Өтпелі кезең” деп аталған қыл көпірден де аман-есен өттік. Еліміздің экономикасы да сара жолға түскендей қарқындап өсе бастады. Өкінішке қарай, қандай мемлекеттің болсын абыройын асқақтатып, айбынын асырар адам капиталымен жұмыс істеу, халықты отансүйгіштік пиғылда белсенділікке тәрбиелеу, әр жеке тұлғаны өз алдына биік мақсат қоя білуге үйрету, сол таңдап алған жолын жалпы Отан игілігімен жалғастыру, елін-жерін сүйер нағыз патриоттар дайындау кемшін жатыр.

“Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?” дегендей, жұрттың кіндік қаны тамған елін, туып-өскен жерін, ата-бабаларының мүрдесі жатқан қоныстарын тастап көшіп кетудің себебі не? Берісі, кешегі дүниежүзілік соғыстың қырғынында, әрісі, қазақтың ата жауы құба қалмақтың шапқынында туған жерін тастамаған, аруақ сыйлаған намысты қазақтың бұлай бүлінуінің реті неде? Қалаларға көшіп барған, басым көпшілігі өмірге ұрпақ әкелер жастардың шекелері шылқып жатқандары шамалы. Өзімдікі деген баспаналары жоқ, қомақты ақша табатын лайықты жұмыс жоқ. Жел айдаған қаңбақтай кірмелер кімге керек? Жуырда өзінің халық алдындағы есебінде Астана қаласының әкімі жеті баласы барын айтып баспана сұраған алтын алқалы әйелге: “Жеті бала туғаныңызға рахмет! Бірақ Астана Сізді тосқан жоқ, өз жағдайларыңызды өздеріңіз шешіңіздер”, деп шегелегендей етіп нығарлап айтты. Әрі қарай көшіп келушілерді қабылдауға елорданың мүмкіндігі жоқ екенін жоғары билік бұған дейін де хабарлаған болатын. Кімді кінәлауға болады? Әрине, өздері туып- өскен алтын ұя – туған жерін, өсіп-өнген елін тастап кеткен келімсектердің өздері кінәлі. Қазақта “көрпеңе қарай көсіл” деген аталы сөз бар. Алдыңды болжап, барар жер, басар тауыңның жағдайын, өзіңнің мүмкіндіктеріңді біліп алмай, таныс емес ортаға “мен келдім” деп салмақ салу, жеңілдеп айтқанда, ақылға сыймайды.

Республика заңгерлері мен құқық қорғау қызметкерлерінің Президент Жолдауын орындауға бағытталған алқалы жиынында республикамыздың Бас прокуроры қылмыс жасау және әртүрлі тәртіп бұзушылық жөнінен Астана қаласының алға шыққанын айдай әлемнің алдында ашық айтты. Қылмыскерлердің көпшілігі ауылдан барып жұмыссыздар қатарын көбейткен, қоғамға да, адамға да керексіз болып қалған “еріктілер” екенін де естідік.

“Біз болсақ, айдың-күннің аманында бардың берекесін келтіре алмай отырған жайымыз бар… Жан-жақтан қаумалай қысқан қымбатшылық, тарыншылық салдарынан малсақтық дәстүрімізді ұмытып барамыз. Жастардың бір бөлігі “ақша сауу дертіне” шалдыққан. Ақша сиырдың тілінде екенін, еті, сүті арқылы келетінін білгісі келмейді, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргісі келеді”, – дейді Жақсылық Ғабдоллаұлы. Өмірдің талай өткелінен өткен Жәкеңді өтірік айтты деп кім айтар?

– Мәңгілік елдің Мәңгілік тіліне лайықты құрмет керек, – дейді өз мақаласында облысымыздың Құрметті азаматы Болат Сағындықов. Өте дұрыс айтылған, орынды пікір. Бірақ Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін қабырғасын қалап, шаңырағын шайқалтпай ұстап тұратын Мәңгілік халқы анықталуы керек емес пе? Бұл мән-мағынасы өте тереңде жатқан сұраққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміздің атын “Қазақ елі” деп атауды ұсынуы дайын жауап сияқты. Әрине, бұл бір-ақ күнде шешілетін жеңіл-желпі мәселе емес. Оның төңірегінде нешетүрлі көзқарас, пікірталас болары анық.

Президентіміз ұсынған “Мәңгілік Ел” идеясы қазақ халқының ұлттық қасиеттерін, жалпы халықтығын жаңғыртуға шұғыл бетбұрыс болады деп сенемін.

– Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді, алдымен, біздің өзіміз бар сезіміміз, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатындығын біліп қойғанымыз жөн, – деген екен түрік халқының мақтанышы Ататүрік. Сөз-ақ ау, шіркін!..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp