СҚО ІІД-нің сайтында ішкі істер органдарындағы заң талаптарының сақталуына байланысты өткен Интернет-конференцияда ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Үмітжан Рахымберлинов облыс жұртшылығының тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.
Он-лайн байланыс барысында басқарма бастығы Ішкі істер министрлігінде 1402 нөмірлі бірыңғай сенім телефонының жұмыс істейтініне тоқталып, телефон арқылы айтылған мәселелер министрлік арқылы аймақтарға жіберілетінін және олар жергілікті жерде оңтайлы шешілетінін хабарлады.
Ғаламтор арқылы қойылған сауалдардың дені әмбебап полицейлердің көлікті негізсіз тоқтатуларына, қос құрылымды біріктіру арқылы құрылған Әкімшілік полициясының жұмысына қатысты болды. Басқарма бастығы қойылған сұрақтарға толымды жауап беріп, полиция қызметкерлерінің құжатты тексеру үшін көлікті негізсіз тоқтатуға құқығы жоқ екенін, оған жедел-алдын алу шаралары кезінде ғана жол берілетінін айтты.
– Өңір жұртшылығының құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуды, оларды толғандырған мәселелерді оңтайлы шешуді көздеген Интернет-конференцияларды әр тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Үмітжан Рахымберлинов.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.