Солтүстікқазақстандық гір көтеруші Виктор Сайко Эквадордағы сөнген жанартаудың жотасында өткен гір спортынан екінші Бүкіләлемдік Олимпиададан 15 алтын алқамен оралды.
Байрақты додада Қазақстан намысын қорғаған жалғыз атлет – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Виктор Сайко бес жарым мың биіктікте гір тасын бір сағатта 60 мәрте көтеріп, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
Бұған дейін Виктор Сайко Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Ол маңызды оқиға былтырғы жылы Ресейдің Архангельск қаласында гір көтеру спортынан бір уақытта өткен Әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғап, бір өзі 20 алтын медаль жеңіп алып қана қоймай, сонымен қатар 10 рет әлемдік рекордты жаңартқан еді. Сөйтіп, біріншіліктерде өз жасы дәрежесінде 18 килограмдық гірді бір сағатта 932 рет жұлқа көтерген жерлесіміз атағы дүркіреп тұрған үздіктерді шаң қаптырған.
Ал осы жолғы Бүкіләлемдік Олимпиада солтүстікқазақстандық спортшыға оңайға тиген жоқ. Жерлесіміздің айтуынша, 4800 метр биіктікте өткен сайыстың бірінші кезеңінде гірді бір минут бойы көтеріп, 5 алтын медальге ие болған. Содан соң жүрек жұтқан үздік 12 спортшы 5010 метр биіктікке көтерілген. Онда гір тасын жұлқа көтеру бойынша сайысқан Виктор Сайко тағы да бес алтын медальді иеленген. Ал екі күннен соң өткен қорытынды кезеңде осы жетістіктерін тағы да қайталаған.
Алдағы уақытта Гиннестің рекордтар кітабының солтүстікқазақстандық рекордшысы өткен жылғы өз рекордын жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 15 жылдық спорттық мансабында талай жарыстарда топ жарып, “Қанатты арыстан” халықаралық ордені және “Алтын гір” сыйлығымен марапатталған жерлесіміз жаттығуларын бір сәт те тоқтатпақ емес.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.