Петропавлдағы “Солтүстік машина жасау зауыты” және “Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты” ЖШС-лері жабылудың аз-ақ алдында тұр. Тозығы жеткен қондырғылармен жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар биылғы жылы тендерге де қатыса алмай отыр. “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС-нің директоры Александр Бухонинмен кездескенімізде осыған қанық болдық.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Былтыр зауытта 100-140 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал биылғы жылы қос кәсіпорынның жүктемесі мүлдем аз. Өйткені, экономикалық жағдайды сылтау еткен көптеген кәсіпорындар тендерлерді өткізуді кейінге ысыруда. Бұған дейін “ПАМЖЗ”, “ЗИКСТО”, “Қазақстан темір жолы” АҚ-лары және Алматы қаласының бірқатар кәсіпорындары тапсырыс беріп келген болатын. Бүгінде олардың бірі де жоқ. Азын-аулақ жүктемемен жұмыс істеп жатырмыз. Екібастұз вагон құрылысы зауытынан 10 миллион теңгенің тапсырысын алдық. Оның өзі келісімшартсыз. Сондай-ақ облыс орталығындағы ЖЭО-ның жөндеу базасына керекті бөлшектерді, басқа да заңды тұлғалардан түскен ұсақ-түйек тапсырыстарды орындап жатқан жағдайымыз бар, – дейді кәсіпорын басшысы Александр Бухонин.
Зауыт алдыңғы жылдары дестелегіштерді жасап келген екен. Бүгінгі таңда оған деген нарықтағы сұраныс толық қанағаттандырылғандықтан әрі айналымда қажетті қаражаттың жоқтығынан, кәсіпорында аталған өнім түрі өндірілмейді.
Қос зауыттың материалдық-техникалық жағдаймен таныстырған басшы олардың да сын көтермейтінін айтты. Бүгінде жұмыстың дені газдандырылған құю құрылғысы арқылы атқарылуда. Қажетті құрылғы 2011 жылы 15 миллион теңгеге сатып алынған екен. Ал басқа құрал-жабдықтардың жаңартылмағанына 30-40 жылдың жүзі болған. Көліктердің де тозығы жетіпті. Бүгінде өндіріс аумағының 20 пайызы ғана пайдаланылуда. Сондықтан болар, әрбір жерден дәнекерлеуден шыққан дыбыс болмаса, 30 мың шаршы метр жерді алып жатқан цехтар, қойма ғимараттары тым-тырыс.
Зауыттарда еңбектеніп жатқан 80-ге жуық адам жүктемесі аз болса да, екі ауысыммен жұмыс істеп жүрген көрінеді. Орташа еңбекақылары – 40-50 мың теңге. Жұмысшылардың бірі сөз арасында аз нәпақаның өзі соңғы үш айда берілмегенін айтып қалды. Бұл өндіріс орындарында жас мамандардың тұрақтамауының да себебі түсінікті болды. Соңғы келген үш маман көп ұзамай кетіп қалыпты.
– Тендерлердің қашан өткізілетіні белгісіз. Зауыттар да жаңғыртуды қажет етеді. Сол себепті әзірге болашағымыз бұлыңғыр болып тұр, – дейді серіктестік басшысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.