Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеңестік дәуірде Петропавл қаласындағы іргелі тігін фабрикасы “Комсомолка” деп аталған болатын. Осы өндіріс орнының қабырғасында талай білікті де майталман мамандар қалыптасып, кәсіпорын өнімділік пен сапа жағынан жоғары көрсеткіштерге ие болып жүргенді. Заман өзгеріп, өндірісті басқару жүйесі қырық құбылып жатса да, фабриканың көптеген еңбеккерлері сабырлық сақтап, жұмыс орындарын босатпады. Солардың бірі – Надежда Искандирова.
Петропавл қаласындағы кәсіптік білім беретін №42 училищені тігінші мамандығы бойынша тамамдаған Надежда Владимировна аталмыш фабрикаға жұмысқа орналасқан кезде уылжыған жас еді. Сол 1977 жылдан бері бір еңбек ортасында жұмыс істеп келе жатқан ол – бүгінде жоғары санатты тігінші.
– Мен жұмыс істегеннен бері кәсіпорын “Комсомолка” деп те, “Жастар” деп те аталды. Енді бүгін әскери киімдер тігетін фабрикада еңбек етіп жатырмыз. Бір жылдары өндіріске тапсырыс болмай, еңбекақы алмай жүрген қиындықтарды да бастан өткіздік. Айлап қолымызға жалақы тимей жатса да, бұл жерден кету ойымызға келмепті. Шыдадық. Әрине, бұл мамандығың, қоғамда абыройлы атқара алатын жұмысың осы болғандықтан да шығар, бірақ бұл орта маған қашанда ыстық. Мен өзімді басқа еңбек ортасында елестете алмаймын, – дейді Надежда Искандирова.
1985 жылы кәсіпорын әкімшілігі Надежда Владимировнаның жұмысқа талабы мен біліктілігін аңғарып, оған эксперименттік цехтың тігіншілігін тапсырған. Бұл цех – жоғары білікті тігіншілердің ортасы. Фабрикада өндірілетін барлық тауардың үлгісі ондағы мамандардың қолымен жасалады. Олар жаңа үлгідегі бұйымды басынан аяғына дейін өздері тігіп, шеберлік танытады. Тапсырыс бойынша алынған тігісі қиын киімдерді де іске жарататын осылар. Яғни, бұл жерде еңбек ететін санаулы адам – тігіншіліктің хас шеберлері.
– Маған бұл жұмыс ұнайды. Сондықтан да өндіріс басындағы ауыртпалыққа мойымаймын. Қолға алған нәрсеңді келтіре алмай, қиналып қалған кездер де тез ұмытылады. Ол қиындықтардың барлығы әр күнгі тәжірибемен ысылып, кейін қайталанбайды. Жетінші разрядтағы маманмын. Бүгінде басқаға ақыл айтатындай дәрежеге жеттік, – дейді майталман тігінші.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.