Әсия РАХМЕТОВА,
Социал негізгі мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Шал ақын ауданындағы Социал негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы Тоқтар Бағрам IX республикалық “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде 1-орынды жеңіп алып, республикалық кезеңде бағын сынады. Тоқтардың “Жануарларға құйрық не үшін керек?” тақырыбы бойынша қорғаған зерттеу жұмысы биология-химия бағытындағы 35 бастауыш сынып оқушылары арасында 3-орынды иеленді. Ол бұл сайыста Шал ақын ауданынан қатысқан жалғыз оқушы болды.
Тоқтар Бағрамның жеңісі – ұстазы Раушан Жангудинаның мерейі. Өйткені, 22 жыл ұстаздық өтілі бар жоғары санатты мұғалім Раушан Жангудина шәкірт бойындағы қабілетті нақ басып, оны жан-жақты дамытуға білімі мен тәжірибесін сарқа пайдаланған. Ұстаз оқушылардың жақсы оқуына ғана ықпал етіп қоймай, оларды өз-өздерін танып білуге тәрбиелейді. Әр оқушының ерекшеліктерін зерттеп, жанымен сезінеді.
Сол сияқты 9-сынып оқушысы Айдана Сағындықованың “Ауыл тарихы” туралы жазған ғылыми жобасы аудандық сайыста жүлделі орын алып, облыстық кезеңге қатысты. Оған мектептің тарих пәнінің мұғалімі Шынар Оңайбекова жетекшілік етті. Кішкентай ауылдық мектеп оқушыларының түрлі деңгейлердегі сайыстарға қатысып, жүлдегер атануы – мұғалімдер еңбегінің жемісі.
Шал ақын ауданы.