Бақыт ҚАСЕЙІНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұжымында талқыланып, негізгі тұстары анықталып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Өзім сот жүйесінде қызмет атқарғандықтан, осы салаға қатысты ой-түйіндерге тоқталайын.
Президент өзінің Жолдауында заң алдындағы теңдік, заңның үстемдігі құқықтық тәртіптің негізі болуы тиіс екендігіне назар аударды. Мемлекет басшысы сот жүйесі тәжірибе жүзінде таза және қолжетімді, барлық дауларды қарапайым және тез арада шешетін болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажеттігін қадап айтты. Мемлекет басшысының жоғарыда аталған талабы соңғы жылдар ішінде жүргізілген құқық қорғау органдарын және арнайы қызметтерді реформалаудан туындағанын айта кеткен жөн.
Президенттің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы Жолдауында жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді қабылдау қажеттігі атап өтілді. Осы арада басты міндет заңдылықты, адамның құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, негізсіз айыптаудан және кінәлаудан, оның бостандығын заңсыз шектеуден қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепілінің жүйесін күшейтіп, жеке өмірге қолсұқпаушылықты, қылмыстық сот өндірісі құралдары мен әдістерін заңсыз пайдалану үшін жауаптылықты қамтамасыз ету керек.
Елбасы жария еткен еліміздің жаңа саяси бағыты дамыған және құқықтық мемлекеттің барлық халықаралық стандарттарына сай келетін тиімді сот жүйесін құруды көздейді.
Мемлекет сот жүйесін нығайту мақсатында соттарды тиісінше материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне үнемі көңіл бөлуде. Бүгінгі таңда сот төрелігін жүзеге асыру үрдістерін жеделдетуге, сот ісін жүргізудің қолжетімділігі мен айқындылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады. Материалдық және іс жүргізу заңнамасы жаңартылды, соттардың мамандануы тереңдеп, судьялардың жүктемесі артылды. Қазіргі уақытта сот арқылы қорғалу үшін соттарға жүгінетін азаматтар санының көбейгені байқалады.
Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндеті аясында құқық қорғау институттарының қарқынды дамуы судьялар қоғамдастығының алдына жаңа ауқымды міндеттер қойып отыр. Осыған орай сот-құқық саласындағы сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігі мен халықтың соттарға деген сенімін одан әрі арттыруды, сот құрылысын жетілдіруді көздейтін негізгі міндеттерді іске асыру талап етілуде.
Жолдауда Елбасы айтқандай, Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Жолдауда белгіленген міндеттер мен талаптарды орындау – әр қазақстандықтың азаматтық борышы. Әсіресе, осы Жолдауда және судьялардың VI съезінде сот органдарының алдына қойылған тапсырмалар сот қызметкерлеріне аса үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сот ұжымы Жолдауды толық қолдап, оның жүзеге асуына өз үлестерін қосары анық.