«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРАЗ БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласындағы және бизнес субъектілеріндегі заңдардың қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген прокурорлық тексеріс біраз заңсыздықтың бетін ашты.

Мәселен, әлеуметтік-экономикалық сала бойынша өткізілген 117 тексеріс барысында 2 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелді. Осыған байланысты 1600 адамның құқықтары қорғалып, 133 миллион теңгенің шығыны өтелді. Заңды белден басқандардың 245-сі түрлі жауапкершілікке тартылып, 2 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Олардың бірқатарына тоқтар болсақ, Петропавл қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысын тексеру барысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерді жекешелендіру кезінде баспана құнын төлемеу фактісі анықталды. Заң талаптары бойынша берілетін пәтер оның қалдық құны бойынша жекешелендірілуі керек болатын. Алайда, Уәлиханов көшесінде орналасқан үйдегі пәтерлердің бірін жекешелендіру кезінде жергілікті атқарушы органға пәтер құнының төленгені жайында жасанды түбіртек берілген. Салық қызметі мен қазынашылық орган берген мәліметтерге сүйенсек, аталған пәтер бойынша ешқандай қаражат түспеген. Мемлекетке 1 миллионнан астам шығын келтірілген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс Қаржы полициясының қарауына берілді. Осындай заңсыздыққа М.Жұмабаев ауданының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан да жол беріліпті. Аталған ауданға қарасты Бәйтерек ауылында бір пәтерлі екі тұрғын үйді салу бойынша мердігерге берілген қаражат көлемі атқарылған жұмыстың ауқымына сәйкес келмеген. Ал Тайынша ауданы бойынша бұрынғы мемлекеттік экологиялық инспекторына әкімшілік іс жүргізу құжаттарын бұрмалау арқылы “Астана-Құрылыс К” ЖШС-нің директорын заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартты деген айып тағылды. Аталған фактілерге қатысты қылмыстық іс қаралу үстінде.  

Тексеру кезінде бірқатар білім беру мекемелерінде де былықтардың беті ашылды. Мәселен, облыс орталығындағы Құрылыс колледжін тексеру кезінде колледж оқытушылары бекітілген тарифтеуге сәйкес жұмыс ауқымын еңсермесе де, төлемдерді толық алып келген. Сонымен қатар колледжде мемлекеттік топтардың студенттері ретінде колледж күзетшісі, банктің, аудандық мектептердің қызметкерлері тізімге енгізіліп, осылайша мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллион теңгенің стипендия қаражаты қолды болған. Бюджет қаржысын қолды қылу фактісі Тайынша ауданындағы Агробизнес колледжінде де анықталып отыр. Шығын көлемі 1,2 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда колледж директорларына қатысты қылмыстық істер қозғалды.

Шал ақын ауданындағы Афанасьевка ауылдық округі әкімінің ісіне қатысты тексеріс жүргізу туралы ауыл тұрғындарының прокуратураға түсірген өтініштері аяқсыз қалмады. Тексеру кезінде округ әкімі Асқар Хамзин лауазымдық өкілеттігін пайдалана отырып, қарамағындағы қызметкерлеріне, яғни көлік жүргізушісі мен Мәдениет үйінің күзетшілеріне өзіне 5 текше метр және жалғызбасты зейнеткерге де сонша текше метр отын дайындатқаны белгілі болды. Сол күні отын дайындау барысында күзетші Рым Шәйкенов жабайы ара шаққаннан болған анафилактикалық есеңгіреуден көз жұмады. Тәртіптік кеңесте қаралған бұл іс бойынша Асқар Хамзинді сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заң бұзушылыққа жол бергені үшін қызметінен босатқан жөн деген ұйғарым шығарылды.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp