Жақында облыс әкімінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен жергілікті БАҚ өкілдері облыс орталығындағы іргелі екі кәсіпорында болды. Олардың біріншісі мұнай мен газ құрал-жабдықтарының қосалқы тетіктерін шығаратын “Поиск” ВФ” ЖШС-і болса, екінші нысан – “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-і.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Поиск” ВФ” ЖШС-нің іргетасы 1998 жылы қаланған. Содан бері ол мұнай және газ өнеркәсібі құрал-жабдықтарының қосалқы бөлшектерін шығарумен айналысып келеді. 2013 жылы кәсіпорынның өткізген өнімі 1 миллиард теңгені құрады. Серіктестіктің тауар тарату географиясы – Қазақстан аумағы. Жер қойнауы мұнай мен газға бай Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлері олардың тұрақты тұтынушылары болып табылады. Шетелдіктерден түсетін тапсырыстар көп емес. Өндіріске қажетті шикізаттың басым бөлігі Ресейден алдырылады. Әңгіменің осы тұсында серіктестіктің директоры Александр Губов егер отандық шикізат өндірушілер өнім сапасын әлдеқайда жақсартса, өзімізде барды сырттан қымбатқа тасымалдамай, қазақстандық тауарөндірушілерді қолдар едік деген ойын білдірді. Кәсіпорын нарықтың қыспағына төтеп беру үшін өз жұмыстарын жаңаша ұйымдастыра бастаған.
– Қазақстан бойынша, тіпті, өңірімізде бізге бәсекелестік жасайтын фирмалар жетерлік. Әрине, өндірісті жандандырып, сапаны арттыра отырып, өз беделімізді көтерудің жолдарын ойластырып отырмасақ, нарықтың сынағы оңай болмайды. Былтырғы өткізілген өнім көлемі 1 миллиард теңгеге жетуінің өзі үлкен жетістігімізді білдіреді, – дейді кәсіпорын басшысы.
Серіктестікте 235 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы 90 мың теңгені құрайды. Ал өндірісте орын алған өзекті мәселелер төңірегінде директордың маркетинг ісі бойынша орынбасары Армен Агапбаян мынадай деректерді алға тартты:
– Біз үшін биыл жер кенін пайдаланушы және жер қойнауын бұрғылаушы компаниялармен шартқа отыру шаралары ұзаққа созылып кетті. Бұл теңгенің құнсыздануынан кейін бюджеттің нақтылану шараларына байланысты туындап отыр. Сондықтан биылғы жылдың бірінші тоқсаны аса көңіл көншітетіндей нәтиже бермейтін сыңайлы. Сондай-ақ тендер жүргізілген кезде шарт талаптары тапсырыс берушінің тарапынан толтырылатындықтан, оның кей тұстары тауарөндірушінің есебіне кереғар екендігін айтқым келеді.
Мәселен, өндіруші фирма қаржысын тауар шығаруға жібереді де, тапсырыс беруші жақ тиісті қаражатын аударғанша, кәсіпорынның ішкі қаржылық ахуалында қиындық туындап жатады. Тағы бір созылмалы мәселе – өнімдерге берілетін сертификаттар. Ондағы кезек пен толып жатқан қағаз діңкеңді құртады. Өндірістің жұмысы жылда бір бағытта жүргізіледі, тауарлар да сол сала бойынша. Тек кейде шикізаттардың ғана құрамы сәл өзгергені болмаса, өндірісте үлкен бетбұрыс болмайды. Ендеше сертификаттарды жиі ауыстырудың қажеті бар ма? Сондай-ақ шартқа отырған екі жақтың жол берген жауапсыздығы екі түрлі бағаланады. Тапсырыс беруші қаржыны уақтылы төлемей, жұмыстың орындалуына кедергі жасаса да, айыппұл оған емес, тапсырысты орындаушыға салынады. Тоқетерін айтар болсам, осылай белгіленген тәртіп бизнестің дамуына көлеңкесін түсіреді, – деді ол.
Кәсіпорында өнімділік жылдан-жылға артуда. Қазақстандық мұнай мен газ салаларының құрал-жабдықтарының небір тетіктерін осы серіктестіктің мамандары жасай алады. Мұнда жұмыс екі ауысыммен атқарылады. Кәсіпкердің электр қуатын өндірушіге де аздаған өкпесі бар екен. Олардың сараптамалық тарифі өндіріске қымбатқа түсуде. Өйткені, жұмыстың нағыз қызатын кезінде, яғни кешке энергия тұтынудың бағасы жоғары, бұл тауардың бағасына әсерін тигізеді, дейді олар. Ал кадр мәселесі бойынша кәсіпорынның жұмысы оң қалыптаса бастаған. Олар еңбеккерлер қатарын жас мамандармен толықтыру үшін Петропавл Машина жасау колледжімен тығыз байланыс орнатып, олармен бірге кәсіптік білім берудің дуальдік тәсілін қолданады. Біраз маман М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дан да келеді.
Кадр мәселесі “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-інде де оң шешілуде. Өндіріске жергілікті оқыту орындарынан, дәлірек айтсақ, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дан және гуманитарлық-техникалық колледжден жылына 4-5 түлек жұмысқа қабылданады. Жалпы мұнда еңбеккерлердің жұмыстан шығу үдерісі жоқ.
1999 жылы қабырғасы қаланған “Көпбейінді жабдықтар зауыты” – жаңаша жұмыс істеуге бағыт алған кәсіпорын. Бұған дейін бұрғылау, мұнай өндіру, геологиялық барлау, кен-шахталық және энергетикалық жабдықтардың қосалқы бөлшектерін ғана жасап келген зауыт 2008 жылдан бері бұрғылау құрал-жабдықтарының өзін жинайтын өндіріс орнына айналған. Үлкен станоктардың кейбір бөлшектері сырттан алдырылса, қайсыбірін өз мамандары жасайды. Мұнда шығарылатын тетіктер мен жер қойнауын қазуға арналған құрал-жабдықтардың түрлері көбеюде.
Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорында 226 адам еңбек етсе, олардың орташа жалақысы 92 мың теңгені құрап отыр. Жұмыс екі аусыммен ұйымдастырылуда. 2013 жылы өткізілген өнім көлемі – 815, 7 миллион теңге. Серіктестік директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Сағадат Ақжановтың айтуынша, оларға тапырыс беретіндер қатарында қазақстандық жер кенін пайдаланушылармен бірге Өзбекстан және Ресей аумақтарының да кәсіпкерлері бар. Серіктестік өткен жылы Өзбекстанға – 231, 9 миллион теңгенің, ал Ресейге 223,7 миллион теңгенің тауарын жөнелткен.
– Биыл біз төрт заманауи токарьлық станок сатып алдық. Сонымен қатар былтыр жаңа цех аштық. Онда РDС аталатын үш қалақты қашау шығарылады. Мұндай өнім Қазақстан аумағында жасалмайды. Бірақ оның нарықтағы сұранысы өсуде. Бұрғы жер кенін пайдалану саласы үшін аса қажет. 2013 жылы өнімнің бірінші партиясы жасалып, жақсы сатылды. Биыл да тапсырыс бар. Бұл жаңа технологиямен жасалатын тетік, жұмыс істеу сапасы да жоғары. Үш қалақты қашау жердің терең қабатына, яғни 1200 метрге дейін еркін қаза алады, – дейді кәсіпорынның бас инженері Қосарбек Испандияров.
“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-і өткен жылы бірқатар ұзақмерзімді шарттар жасаған. Ол шарттардың өзінен ғана 400 миллион теңгенің табысы түседі деп күтіледі. Ендеше кәсіпорынның екі жүзден аса еңбеккері үшін биылғы жыл жемісті болары сөзсіз.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.