Күн жылынып, қар күрт ерісе, өңіріміздің қауіпті жерде орналасқан 33 елді мекені су астында қалуы мүмкін. Сол себепті табиғи апаттың алдын алуға әзірлік шаралары басталды. Төтенше жағдай орын алар болса, мыңға тарта арнайы техника апат орнына шығуға дайын тұр.
Павел ФИЛЛИПОВ,
СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы.
Ауа райының күрт жылынуынан сәуірдің басында, әсіресе, ойда орналасқан кейбір аудандардың су астында қалу қаупі бар. Алдын ала болжам бойынша 8 мыңнан астам тұрғыны бар 33 елді мекен су астында қалуы мүмкін. Сондай-ақ 302 шақырым автомобиль жолдары, 20 шақырым темір жол, 22 көпір, 2022 су өткізгіш құбыр, 3 су торабы қауіпті аймақта орналасқан. Сол себепті біздің құтқарушылар су тасқынына дайындық жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен кірісті.
Су тасқынының алдын алып, шығынды болдырмау үшін тұрғындарды, өндірістік, ауыл шаруашылығы нысандарын қорғау, су басқан жағдайда адамдарды көшіру туралы жоспар пысықталды. Су тасқынын алдын ала анықтау мақсатында 14 метеостанция мен 14 гидрологиялық қосын жұмылдырылатын болады. Су қоймаларының толуы да қатаң бақылауға алынады.
Соңғы жылдары су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстың тәжірибесіне сүйене отыра, құрылымның басты күші қауіпті деп саналатын үш негізгі аймаққа бағытталатын болады. Есіл өзені бойындағы тасқыннан 22 елді мекен, еріген қар суынан тағы да 8 елді мекен жапа шегуі ықтимал. Сондай-ақ Ақмола облысы аумағында орналасқан Сілеті және Шағалалы су қоймаларынан да судың асуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұл су қоймаларының маңында орналасқан Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл, Қаратал, Береке ауылдарына және Тайынша ауданындағы Заречное және Бірлік ауылдары маңындағы жолдарға қауіп төнбек.
Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттің бірлесіп қаржыландыруымен “Қызылжар су”, “Био-пруд”, “Омутки” ЖШС-лердің су жинауыш бөгеттерін күрделі жөндеуден өткізуге 333 миллион 518 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар 3,7 миллион теңгеге Сергеевка, Петропавл су тораптарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған.
Әсіресе, алаңдататын аймақ – Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Мәдениет ауылының маңында орналасқан Шарық су торабы. Себебі, жобалық көлемі 8 миллион текше метр болатын су қоймасының бүгінгі таңда 32,7 пайызы ғана толтырылғанымен, қойманың жағдайы сын көтермейді. Сол себепті су тасыған жағдайда Мәдениет, Көкалажар және Чернобаевка ауылдары судың астында қалуы әбден мүмкін. Су қоймасы ерекше назарға алынды.
Атқарушы билік органдары бюджетінде су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыруға және төтенше жағдайды жоюға 337 миллион теңгенің қаражаты қарастырылып отыр. Ал республикалық маңызы бар жолдарды су тасқыны кезеңіне дайындауға 4 миллион 200 мың теңгенің қаражаты бөлінген.
Апатты болдырмау мақсатында жыл басынан бері облыс бойынша 300 мың шаршы метр қар шығарылып, 4300 метр нөсерлі кәріз жүйесі тазартылды. 14 жедел әрекет ету отряды құрылып, арнайы техникалар, жанар-жағармайр, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмектер де дайын тұр. Су тасқынына әзірлік тыңғылықты болғандықтан, өңір тұрғындарына дүрлігуге негіз жоқ деп айтуға болады.