«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСАҚАНА ТӨЛЕМЕЙТІН ТҰТЫНУШЫЛАР автокөліктерінен айрылады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Петропавл қаласында сот орындаушылары Әкімшілік полициясымен бірлесе “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің пайдасына тізімдеу жүргізіп, төлемақыларына жауапсыз қараған тұтынушылардың үш автокөлігін тәркіледі.

Қалалық әкімдіктің айып тұрағына жеткізілген өз мүлкін қарызгерлер берешектерін толық жапқаннан кейін ғана қайтарып алады. Олай болмаған жағдайда автокөліктер аукционда сатылатын болады, ал одан түскен қаржы қарыз төлеміне жұмсалады.

Көлікке соттың шешімі бойынша тыйым салынады, яғни энергетиктердің әрекетінде толық негіз бар. Бұл шара бүгінде жалпы сомасы 334,5 миллион теңгені құрайтын дебиторлық берешекті азайтуға бағытталып отыр. Аталған нақтылы жағдайда бір “Мазда” және екі “Фольксваген” автомобильдеріне тыйым салынды, оған біреуінің қарызы 100 мың теңгенің үстінде, ал екіншісінде 300 мың теңгеге жуық болғаны себеп болды. Облыстық Сот актілерін атқару жөніндегі департаментте “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің пайдасына берешегін өндіру жөнінде барлығы 1000-ға жуық атқарушылық парағы бар.

– Ақы төлеуді тым созбаққа салатындар 350-ге жуық абонентті құрайды. Тұрғындардың арасындағы мерзімі бір айдан асқан дебиторлық берешектің сомасы бүгінде электр қуаты бойынша – 84,3 миллион теңгеге, ал жылу қуаты бойынша 96,1 миллион теңгеге жетті. Компанияның қатаң шаралар қолданумен бірге, тұтынушылардың жағдайымен де санасып, қаржылық қиындыққа кезіккен абоненттердің өтініштерін жеке қарайтынын атап өткім келеді, – деп “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і өткізу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Омаров жағдайға түсінік берді.

Сонымен бірге заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес борышкерлер сот орындаушыларында ай сайын белгіленуден өтіп тұруға және қарыздарын адал жабуға ұмтылуға міндетті. Басқаша жағдайда, бұл тармақты да орындамағаны үшін қалалықтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, ал негізгі қарыздың сомасына сол сияқты әкімшілік айыппұл қосылады.

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і мамандары айтып отырғанындай, дебиторлық берешектің өсуіне сондай-ақ қуат ресурстары үшін мемлекеттік мекемелердің (58,3 миллион теңге), қаладағы өнеркәсіп кәсіпорындарының (76,7 миллион теңге), ауыл шаруашылығы құрылымдарының (3,6 миллион теңге) және коммерциялық тұтынушылардың (14,9 миллион теңге) төлем жасамау фактілері ықпал етті. Ірі бюджеттік дебиторлар қатарында “Петропавл қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” (26,7 миллион теңге), “Халықаралық әуежай” АҚ (46,3 миллион теңге), Есіл ауданы әкімдігінің жанындағы “Қамқор” МКК (3,3 миллион теңге) және тағы басқа мемлекеттік мекемелерді атап көрсетуге болады.

“СевКазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp