Бүгінгі қоғамымызда бұқаралық спортты дамыту көкейкесті мәселеге айналып отыр. Кез келген ауруханаға бара қалсаңыз, ұзын-сонар кезектен көз аша алмайсыз. Соңғы жылдары жас азаматтарымыздың әскерге жарамсыздық көрсеткіші де жыл санап ұлғайып барады. Мұның себебін әркім әрқалай түсіндіреді. Біз осы орайда саламатты өмір салтын ұстануға шақырып жүрген депутаттардың бірі Абай Тасболатовты әңгімеге тартып, аталған мәселелерге қатысты ой-пікірімен бөліскен едік.
– Абай Бөлекбайұлы, өзіңіздің бастамаңызбен өткен жылы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігінің төрағасы болған Ерлан Қожағапанов мектептердегі дене шынықтыру пәндерінің санын аптасына 3 ретке дейін өсіру керектігін айтқан болатын. Қалай ойлайсыз, бұл бұқаралық спорттың дамуына қаншалықты әсер етіп жатыр?
– Білімге қатысты мәселеге бейжай қарауға болмайды. Жапонияда дене шынықтыру сабағы аптасына 7 рет өткізіледі екен. Өзге елдерде де 3 реттен кем емес. Ал біздің елде дене шынықтыру пәніне аптасына тек 2 сағат ғана бөлінген еді. Бұл күлкілі. Бұлай дейтінім, 45 минутта оқушы киім ауыстырып та, денесін шынықтырып та үлгеруі қажет. Оның үстіне ауылдағы көптеген мектепте жуынатын жер жоқ қой. Терлеп-тепшіп келген баланың миына математика не химия секілді сабақтар қайдан кірсін?! Сол себепті дене шынықтыру пәндерін сенбі күнге ауыстыру туралы да ұсыныс жасадым. Интернетте кейбіреулер сенбі күндері спорт залдардың балаларға берілмейтіндігін жазыпты. Тапсырма келсе, неге бермейді екен? Күн жылына салысымен, мектептердегі алаңдарда жаттықсын. Қалауын тапса, қар жанады. Спорт залы жоқ мектептердің басшылары жергілікті әкімдікпен не жаттығу залдары бар тұлғалармен кездесіп, келісімшарт жасассын. Осылайша, көзден таса қалып жатқан талай дарындарға жол ашуға болады. Әйтпесе, жалқауға мың сылтау табылады.
– Шалғай аймақтарға іссапармен баратыныңыз белгілі. Ауылды жерлерде спортпен шұғылдануға қаншалықты жағдай бар?
– Ауылауылдарды аралап жүріп мектептегі жағдайды көргенде кәдімгідей қарның ашады. Шыны керек, білім ордаларына қазір аз ақша бөлініп жатқан жоқ. Сөйте тұра басқасын былай қойғанда, қарапайым белтемірдің (турник) өзі біреу-ақ. Мейлі, спорт залдарын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін көптеген қаржы керек десек, белтемірге қайбір ақша керек?! Темірді балқытып біріктірсең, жетіп жатыр. Сонда еңбек, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері қайда қарап отыр? Елбасы әскерге шақырылған 10 адамның 7-еуі белтемірге 5 рет тартыла алмайтындығын айтып еді. Бұл не деген сорақылық?! Бір мектепте 2000-3000 бала оқитын заман өтті ғой. Топырлаған оқушының қайсыбіріне жеткіземіз деп бас қатырып жатпайды.
– Заман бөлек, заң бөлек. Қазір адамдар жабық стадиондарда жаттығу жасағысы келеді. Ал олардың бағасы көпшілікке қолжетімсіз…
– Елбасы кешегі Жолдауында адам денінің сау болуының 80 пайызы өз қолында, тек қалған 20 пайызы дәрігерлерге байланысты екендігін алға тартты. Өте орынды айтылған сөз. Бүгінде Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев пен оның орынбасары Елсияр Қанағатов ел спортының дамуына аз үлес қосып жатқан жоқ. Өз саласының білгір мамандары, нағыз жанашырлары деп айтар едім. Мемлекеттік Ту өзге елде тек екі жағдайда: бірінде Президент іссапармен барса, екіншісінде спортшылар жеңіс тұғырынан көрінсе көтеріледі. Мұның өзі үлкен саясат. Мына мәселені айта кеткен жөн. Мысалы, велосипедші спорт шебері атанды делік. Бір қарағанға, дардай атағы бар. Бірақ, велосипед тебуден басқа түк білмейді. Басқа спорттан мүлде хабары жоқ. Айту ұят та шығар. Дегенмен, неге айтпасқа?! Өзім – офицерлік көпсайыстан спорт шеберімін. Оған суда жүзу, жүгіру, мылтық ату кіреді. Мейлі, мен әскерде болғандықтан, мылтық ата аламын делік. Бірақ волейбол, футбол, теннистен де құр-алақан емеспін. Міндетті түрде бірнеше спорттан жетістікке жету қажет деп отырғаным жоқ. Бастысы, мұның барлығы адамның іс-әрекетінің өзара үйлесімділігіне әкелетіндігін жеткізгім келеді. Қазір далада көктайғақ. Травматологиялық пункттерге барыңызшы, аяғы, қолы сынғандардан көз аша алмайсың. Кезектерін сағаттап күтеді. Сосын айлап емделіп жатқаны. Сайып келгенде, біреудің орнына біреу жұмыс істейді. Нарық заманында бұл кімге қажет? Аурушаң адамды қоғам қайтсін? Оны әскер де алмайды. Шынын айтсақ, отбасыңа да керексіз болып қаласың. Онан да табиғаттың берген әсем сыйын неге өз жөнімен пайдаланбасқа? Жабық мұзайдындарға барудың да қажеті жоқ. Бәрі дайын. Коньки теп, шаңғымен, шанамен сырғана. Осының өзі спорт қой. Бұл солтүстік өңірлердегі көрініс болса, ал оңтүстікте күн жылы. Таңертең тұр да жүгір. Тынысың ашылып, өзіңді сергек сезініп шыға келесің. Оған ешқандай ақшаның да қажеті жоқ. Ауырып ем іздейтін әдеттен арылатын кез жеткен. Денсаулық сақтау мекемелерінде аурудың алдын алу жолдары да қарастырылған. Бірақ оны жазып жатқан БАҚ өкілдері жоқтың қасы.
– Сонда БАҚ-та насихат аз дейсіз ғой?
– Көптеген тілшілер адам шошырлық дүниелерді сенсация етіп жариялағанға мәз. Одан да халыққа пайдалы дүниелерді насихаттауға болады ғой. Денсаулыққа арналған бағдарламаны айына бір рет шығарудан да түк шықпайды. Ауырған соң әлгі алдын алу шараларының ешкімге де керегі жоқ. Ол жүйелі түрде жасалуы қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Әйтпесе, отырып алып “қазақ ауырып, әбден халі мүшкілдегенде ғана аурухана іздейді” деп өзіміздіөзіміз кемсітеміз.
– Әрине, дәл қазір сырттан қауіп төніп тұр демесек те, әрбір егеменді елдің қорғаушы күші болуға тиіс. Ал соңғы кездерде әскерге жарамсыздардың қатары – 70 пайызға, кейбір өңірлерде, тіпті, 90 пайызға дейін жетіпті. Сапаны қалай жақсартуға болады?
– Аса даурығудың қажеті жоқ. Әскерге жарамсыздар қатары, шындап келгенде, кеңес дәуірінде де аз болмаған. Тек қазір талап тым қатал. Мысалы, әскерге алғаш барғанымда бойым 173 см., ал салмағым 58 килограмды құрайтын. Қазіргі өлшеммен қарайтын болсақ, салмағым бойыма сәйкес келмейді. Ал ол кезеңде бұған қарап жатқан ешкім жоқ. Ташкенттен Шыршыққа дейінгі 45 шақырымды жылдам адыммен жүріп өту керек деген бұйрық беріледі. Қолыңда автоматың, басыңда каскаң, одан қалды газқағар (противогаз) бар, тиісті межеге жетіп барасың. Қаншама жігіт сол қиындыққа төзе алмай, әскерден қашып кететін. Маған да оңай тиген жоқ. Бірақ бала күннен басталған еңбекқорлық пен мақсат алға қарай жетелеумен болды. Бүгінде әскер қатарынан табылғысы келетін жігіт жоғары білімді, дене бітімі келіскен, денсаулығы мықты болуы қажет. Айтып өткен салмақ пен бойдың сәйкестігінен бастап, қоғамдық тәртіп бұзғандығына дейін мән беріледі. Технологияның дамыған заманында жарты жыл бұрын қабылдаған есірткіні де анықтап, ол да ескеріледі. Бұл дұрыс. Себебі, талап тәрбиеге бастайды. Бүгінде елімізде 18-27 жас аралығында әскерге шақырылатындардың саны 600 мыңға жуық. Әскерге баратындар кәсіби әскерилер мен келісімшарт бойынша қызмет ететіндер болып бөлінгендіктен, кәсібилер қатары 30 мыңнан 25-27 мыңға дейін азайды. Яғни, сұрыптау арқылы нағыз сапалы әскер дайындап жатырмыз.
– Дәрігерлердің айтуынша, әскерге жарамсыздардың қатарында семіздікке шалдыққандар көбейіп барады. Жалпы, халық арасында да артық салмағы барлардың саны 45 пайызға дейін өсіпті. Жапонияда семіздікке қарсы “Метабо” деген заң бар екен. Бәлкім, бізге де осындай заң шығару қажет шығар?..
– Елімізде артық салмағы бар адамдар көп деп айта алмаймын. Сондықтан әзірге ешқандай да заңның қажеті жоқ. Бірақ алдын алу шараларын жасаған дұрыс. Меніңше, семіздіктің артуы бейбітшіліктің арқасында келген тәрізді. Себебі, тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда, бүгінде халықтың жағдайы әлдеқайда жақсарып, бейғамдық белең алды. Біраз қиындық көрген адамда қанағатсыздық пайда бола бастайды. Яғни, орынсыз тамақтанады. Оның үстіне, толып жатқан фастфудтарды жейді. Бірақ сол колориялардың күшін жоятын жаттығулар жасамайды.
– Ал Сіз қалай тамақтанасыз?
– Суды көп ішемін. Бес жылдан бері сұйықтықты мол пайдалануға тырысамын. Судың сүйектердің сырқырамауына әрі өзіңді сергек сезінуге әсері көп. Қазақ болған соң етті жақсы көремін. Сол етті азайту керек еді (күліп).
– Өзіңіз жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатуға атсалысып жүргендердің бірісіз. Сіздің түсінігіңізде Отанды сүю деген не?
– Орынды сұрақ. Мен патриотпын, сен де патриот бол деп ұрандата бергеннен ешкім патриот бола алмайды. Өз сезіміңді дәлелдеудің салалары бар. Қазір жаугершілік заманадағыдай, қолға найза алып, ұрыс алаңына аттанып кетудің қажеті жоқ. Құдайға шүкір, Елбасының салиқалы саясатының арқасында тыныш дәуірде өмір сүрудеміз. Бүгінгі күні сен сол сезіміңді өнегелі, саналы, дені сау ұрпақ тәрбиелеумен көрсетуің қажет. Тағы бір бағыты – өз тарихыңды білу. Өзім тарихшы емеспін. Бабаларымызды зерттеу жолына түскенім “Алтайдан Алатауға дейінгі шекараны алып жатқан кең дала бізге қалай келді?” деген сауалдан басталды. Сонда деректерді парақтап отырып бабаларымыздың ел, жер үшін соғыстан көз ашпағандығына көз жеткізесің. Мысалы, “Елім-ай” әнін алар болсақ, 3383 шумақтан құрылған бұл әннің бізге тек 40 пайызы жетіпті. Әннің мағынасына зер салсақ, сөздерінде тұнып тұрған тарих бар. Әйтпесе, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан бері бірнеше ғасыр өтіп кетті. Осы әннен айрылсақ, қазақ ғұмырының біраз бөлігінен айрылатындығымызды білген ағартушығалымдарымыз “Елім-айды” бүгінгі күнге жеткізді. Қазір мұнайымен, көмірімен, тағы басқа пайдалы қазбасымен мақтанатын ұрпақ пайда болған. Ал олар Менделеев кестесіндегі барлық элементтері бар дарқан даланың бүгінге дейін қалай жеткендігін білмейді. Бірнеше ғасыр былай тұрсын, кешегісін білмей жататындар да бар.
– Өзіңіз батыр бабаларымызды зерттеп жүрсіз. Қазақта “нар тұлғалы”, “қос иығына кісі мінгендей” деген түсініктер бар. Өкінішке қарай, бүгінгі ер-азаматтарымызға қатысты осындай тіркестерді қолдана алмайтын тәріздіміз…
– Бір Қожаберген жыраудың өзіне қарап отырсаңыз, оның бойындағы қасиеттеріне тәнті боласыз. 25 жасында үш жүздің әскерлерінің қолбасшысы болған оның шешендігі, күйшілігі бөлек бір әңгіме. 23 жыл ат үстінде күрескен. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың алыптығы туралы аңыздар көп. Қабанбай 78 жасында қырғыздың батырымен жекпе-жекке шығып, оны алып ұрыпты. Ал бүгінгі 50 жастағы азаматтарымыздың өзі “мен шалмын, ауырамын” деп артық қимыл жасағысы келмейді. Адамның шымырлығы, қимылы оның бойына не денесіне қарамайды. Ұсақталуға, бәлкім, табиғаттың да әсері болған шығар. Дегенмен, қазір де 2 метрдей бойшаң жігіттеріміз бар. Тек солардың көбісі далбалақтап жүргендеріне мәз…
– Кейбіреулер жігіттерімізді нәзік жандардан айыру қиындап бара жатқандығын мектептердегі мұғалімдердің басым бөлігін әйелдер құрайтындығымен байланыстырып жүр. Бұған не дейсіз?
– Мектептерде ер кісілерге қарағанда, әйелдер бұрын да көп болған. Математика, химия, физика пәндерінен әйел кісілер сабақ бере берсін. Бірақ, еңбек, дене шынықтыру және тәрбие сағаттарын міндетті түрде ер адам жүргізуі қажет. Еразамат – отбасының тірегі. Ол отбасын асырауы керек. Ал мұғалімдерге берілетін аз ғана айлықпен балаларыңды бағып-қағу мүмкін емес. Осыны ескерген Елбасы мұғалімдердің айлық жалақысын 29 пайызға дейін өсіруді талап етті.
– Қазақта “Әке көрген оқ жонар” деген сөз бар. Өзіңіз де балаға тәрбие дәнін ата-ананың егетінін айттыңыз. Осы тұрғыдан алғанда Сіз қандай әкесіз?
– Ел аралап жүріп, халықпен кездескенде үнемі “балаларымыздың тәрбиесіне жауапты – әке-шешенің өзі” дегенді айтудан жалыққан емеспін. Дегенмен, әскери қызметте 43 жылдай жүргендіктен, көптеген іссапарлардың полигондарда болуынан отбасымды жиі көру мүмкіндігі туа бермейтін, әйтеуір балашағамды айында-жылында бір көретінмін. Сондықтан, балалардың тәрбиесі, негізінен, анасының мойнына жүктелді. Ендігі бір мақсатым – немерелеріме бар білгенімді үйрету, солардың адам болып қалыптасуына өз үлесімді қосу.
– Жарты ғасырдай ғұмырыңызды әскери қызметке арнап, өзіңізге артылған міндетті абыроймен атқарып келдіңіз. Жалпы, Сіз секілді білгір маманның соңғы кездері онсыз да жиі сынға ұшырап жүрген қорғаныс саласында қалғаны дұрыс емес пе еді?
– Білесіз бе, егер маған өмірімді таңдау мүмкіндігі берілсе, ойланбастан осы өмірімді қайта таңдап алар едім. Жауапкершілікті сезіне білу, әр сәттің қадірін түсіну, өз ойыңды батыл әрі нақты айту, осының бәрін-бәрін үйреткен – әскери қызмет. Сол темірдей тәртіпті сағынамын да тұрамын. Әрине, “Шымшық сойса да, қасапшы сойсын” деген сөз бар ғой. Қай қызметте жүрмейін, қолымнан келгенінше еңбегімді адал атқаруға тырыстым. Бүгінгі күнге жетуімнің өзі, халықтың сенім артуы сол әскери тәрбиенің арқасы деп білемін.
– Әскери қызметте жүргенде күнін жүгіруден бастайтын генерал-лейтенанттың жаттығуларына депутаттық қызмет шектеу қойған жоқ па?
– Жұмысбасты болғандықтан, күнделікті жүгіруге кейде мүмкіндігің болады, кейде үлгермей қалып жатасың. Дегенмен, аптасына бір рет өз денсаулығыңа көңіл бөлу үшін уақыт табу қиын емес деп ойлаймын. Мәселен, өз басым сенбі күні таңғы 8-де Есілдің жағалауына барып, 12 шақырым жүгіремін. Жалғыз мен ғана емес, 200-300-дей адам бар. Әр шақырымды 6 минутта жүгіріп өтсек, 12 шақырымдық межені 1 сағатта орындаймыз. Қыс, жаз деп қарап жатпаймыз. Қыста шаңғы тебуге барамыз.
– Қай жерде жүрсеңіз де, саламатты өмір салтын насихаттап жүрген жансыз. Бұл үрдістен Мәжіліс қабырғасында да жаңылмаған шығарсыз?..
– Өткен жылдың наурыз айында теннис, волейбол, бильярдтан өзара сынға түскенбіз. Марқұм Орал Мұхамеджанов бильярдты керемет ойнаушы еді. Сочиде футболдан парламентаралық турнир өтіп, сонда екінші орынға ие болдық.
– Сынға қалай қарайсыз? Мысалы, ғаламторда жиналыс үстінде Сіздің үстелден қарғып секіріп өткендігіңіз көп сыналды.
– Сын қажет. Бірақ ол орынды айтылған болса. Себебі, “Сын түзелмей, мін түзелмейді” деп бекер айтпаса керек. Үстелден секіріп өткендігіме келер болсақ, басқа комитеттен келіп сөз сөйлеуім керек болатын. Жан-жағыма қарасам, ешкімнің орын беретін түрі жоқ. Уақытымды сарп етіп тұрамын ба? Шамам келгендіктен, үстелден секіріп өттім.
– Азиада кезінде эстафетаға қатысып, алау ұстаушылардың қатарынан көрініп едіңіз. Бұл туралы кітап жазғаныңызды естідік.
– Бұл бір керемет сәт болды ғой. Шаңғымен Азиада алауын алып жүрдім. Мұның өзі маған берілген үлкен бақыт деп ойлаймын. Сол кездегі сезімімді кітап етіп шығарғаным рас. Бұл да естелік, бұл да тарих.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Мәдина АСЫЛБЕК,
“Sport”.