Ернар СЕЙДІМБЕК,
облыстық Әділет
департаментінің басшысы.
ХХІ ғасырдың Қазақстаны – талантты, еңбекқор, толерантты халықтың небәрі екі онжылдықта «нөлден» бастап құрған елі. Бұл – біздің бәріміз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз! Бұл – біздің шексіз сүйетін ұлы туындымыз!
Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдадық. Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді.
Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауы осы сөздермен басталады. Елбасы өз Жолдауында депутаттар мен Үкімет мүшелерінің, барша қазақстандықтардың алдына зор мақсат қойып отыр.
Президент дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынды, оның тапсырмасы бойынша Үкімет нақты тұжырымдама жобасын жасады.
«Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды. Ғасыр ортасы да таяп қалды. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындауда. ХХІ ғасырдың орта тұсы күрделі болары даусыз, ал жаһандық отыздық тобының тізіміне кіретін үміткерлер саны тым шектеулі болады. Мен «дамыған ел» ұғымының уақытқа сәйкес өзгеріп тұратын категория екенін бірнеше рет айттым. Дамыған елдерде халықтың мүлде жаңа өмір сапасы пайда болуда», – деген сөздермен Президент Қазақстанның алдағы жұмысының басым бағыттарын белгілеп берді.
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы әрбір қазақстандық үшін бағыт-бағдар көрсететін жарық сәуле, әрбіріміз үшін Президент алдымызға қойған міндет-мақсаттарға жетуде тек алға басар жол болып отыр.
Президенттің аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру жөніндегі сөздеріне аса назар аударғым келеді. Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты мақсатына жету жұмысына белсене қатысуға шақырды. Ерекше көңілді жастарға бөліп, Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елдерінің қатарына қосылу жолында белсенді қызмет атқару үшін бұл Стратегия өздеріне арналғандығын баса көрсетті.
«Немқұрайдылық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!» – деген жан тебірентер сөздермен Елбасы жас буынға арнаған сөзін аяқтады.
Әділет департаменті мен басқармаларының қызметкерлері Жолдауды барынша қолдап, алдарына қойылған міндеттерді жүзеге асыруда бар күш-жігері мен білімін ортаға салуға дайын.