Жақында Петропавл қаласында халықаралық конкурстардың лауреаты, Гран при иегері, домбырашы Думан Күдеровтің атындағы бірінші облыстық жас домбырашылар байқауы болып өтті. “Сағыныш сазы” атты сайысты ұйымдастырған Думанның анасы – Тойкен Күдерова. Сондай-ақ бұл шара “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның “СҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” басшылығының қолдауымен жүзеге асты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Күй аламанында аты озып, сан алуан сайыстарда жұлдызы жанған Думан Күдеров бүгінде бақилық болса да, оның есімі ел есінде. Талай тартыста топ жарған домбырашыны еске алуға арналған байқау оның өмірі мен шығармашылығына арналған шағын деректі фильммен басталды. Содан кейін Думанды етене жақын білген адамдар сөз алып, сайысқа келген оның кішкентай ізбасарларына байқауда сәттілік тіледі.
– Бүгінгі байқаудың мақсаты – ұлттық мәдениетті дамыту, дарынды балаларды анықтау, тәжірибе алмасу. Балалардың бойларында патриоттық сезім ұялатып, домбыраның әсем әуенін әуелету, – деді байқаудың ұйымдастырушысы Тойкен Күдерова.
Қазақ сазгерлерінің күйлері әуелеген сайыс өте тартымды өтті. Қатысушылардың бірі домбырамен ән салса, екіншісі күй тартып, қалың қауымның көңілінен шығуға тырысып бақты.
Қазылар алқасының шешімімен домбырашылар додасында жас ерекшеліктеріне қарай бірінші орынды Петропавл қаласы “Өнер колледжі мен музыка-эстетикалық бағытындағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-интернат” кешенінің оқушысы Асанәлі Серікбай (8-10 жас), Сергеевка қаласынан келген Темірлан Сәлімов (11-13 жас) пен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның өкілі Жалғас Хасенов (14-16 жас) жеңіп алды.
Тойкен Күдерованың тапсырысы бойынша жасалған домбыра арнайы жүлде ретінде бас жүлде иегері, Петропавл қаласы өнер колледжі жанындағы дарынды балалар мектебінің оқушысы Әсет Ерманға берілді.
Қатысушылардың барлығы грамоталармен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, ұстаздар Алғыс хатпен марапатталды.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.