Күләш ЕГІМБАЕВА,
Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты, “Ақ ниет” әйелдер ұйымының төрайымы.
Президенттің биылғы Жолдауындағы “XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты саламатты да сауатты өмірге бағыттауымыз керек” деген сөздері бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел азаматтарына білім мен тәрбие берер жандарға міндеттелген тапсырма іспетті. Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық.
Кітап білім қазығы, өмір азығы болса, кітапхана – халықты әлемдік өркениетпен, ұлттық болмысымызды әлемдік руханиятпен табыстыратын қасиетті орда, сана мен ойдың шамшырақ сарайы. “Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты”, – деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, тарихтың небір құпиясы мен әлемдік ақыл-ойдың інжу-маржанын қойнына сақтап тұрған кітапхана дер едім. Сондай орта Уәлиханов ауданының аудандық орталық кітапханасында да қалыптасқан.
Бүгінгі күні Уәлиханов ауданының орталығында ересектер мен балаларға арналған екі кітапхана және 12 ауылдық кітапхана (Ақбұлақ, Ақтүйесай, Аққұдық, Амангелді, Бидайық, Қайрат, Қаратерек, Қулыкөл, Қондыбай, Күзексай, Мортық, Телжан) жұмыс істейді.
2013 жылы аудандық кітапханаларға жалпы сомасы 2991 мың теңгеге 3543 (2012 жылы – 2835) кітап сатылып алынды. Бүгінгі кітап қоры 91 мың болса, соның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптар 44756 дананы немесе 49,2 пайызды құрайды. Бір жылда 8431 оқырманға 190650 кітап пен басқа ақпараттық құралдар берілген. 2013 жылы аудан кітапханалары 23 млн. 283 мың теңгеге қаржыландырылған.
Кітапханалар бойынша 435 іс-шара өткізіліп, оларға 19665 адам қатысты. Алдын ала жасалған жоспарлар бойынша патриотизм, парасаттылық, ұлтаралық келісімді басты назарға алған түрлі іс-шаралар өткізілді. Елбасымыздың Жолдауында айтылған бағыттарды жүзеге асыру үшін біз де өз үлесімізді қосуға тырысып, жоспарлы шаралар белгілейміз. Мәселен, былтыр “Болашаққа қол созған мемлекет”, “Жаңартудың жасампаз жобасы” атты “дөңгелек үстелдер”, “Президент Жолдауы – дамудың негізгі кепілі” атты танымдық сағаттар, “дөңгелек үстелдер” мен кітап көрмелері ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін “Мәңгілік Ел” Ұлттық Идеясын кеңінен насихаттап, оны әрбір аудан тұрғынына жеткізуде кітапханашыларға да үлкен міндет жүктеледі. Бұл Жолдауды насихаттау барысында аудандық кітапхананың оқу залында “Нұр Отан” партиясы филиалы, аудандық мәслихат және ардагерлер ұйымы мен Ішкі саясат бөлімі – бәріміз бірлесіп, “Жолдау жарқын істерге жігерлендіреді” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” өткіздік.
Өткізіліп жатқан іс-шараларда патриотизм мен адамгершілік нормалары, толеранттық пен этносаралық келісім құндылықтарына үлкен мән берілуде. Қазақстандық патриотизм – елге, оның көпұлтты халқына, қол жеткен табыстарына, мемлекеттің саяси институттары мен елдік нышандарға деген құрмет. Ал патриотизмнің қарапайым көрінісі еліміздің ұлттық белгілеріне, өмір салтымызға деген қадір-құрметтен басталуы тиіс деп ойлаймын. Мемлекеттік рәміздер күнінде “Елтаңбасымен – еңселі, Әнұранымен – айбатты” атты шара, балалар кітапханасында “Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік символы” тақырыбында ауызша журнал, “Мемлекетті танытқан рәміздер” атты шолу, ауылдық кітапханаларда “Биік сенің мәртебең, дархан елім!” атты танымдық сағаттар және “Тәуелсіздік туы желбіресін!” “дөңгелек үстелі” өтті.
Қазақстандық патриотизм көпэтносты Қазақстан халқына құрметпен қатар, өзге де халықтардың мәдениеті мен дәстүріне, рухани құндылықтарына деген құрметті білдіруі тиіс. Ол зайырлы қоғамның негіздеріне сүйене отырып, барлық халықтардың тіліне, діни сенімдеріне, әдет-ғұрпына толеранттылықты талап етеді. Осындай күрделі үдерісте қандай тәрбие құралы басымдыққа алынуы қажет? Біріншіден, отбасы. Өйткені, отбасыда патриот ұрпақ тәрбиеленсе, одан ертеңгі күні отаншыл азамат шығады. Патриоттық тәрбиенің мағынасы ауқымды. Жеңіс күні қарсаңында былтыр “Ерлікке тағзым!” атты тәрбие сағатын өткіздік. Аудандық және ауыл кітапханалары “Ұлы Жеңіс, бейнең мәңгі өшпеген!”, “Естелік үзілісті білмейді”, “Жауынгерлер өткен күнді еске алады”, “Ешқашан да өшпес ерлік!”, “Жеңіске мың тағзым!” атты ауызша журнал, әдеби-музыкалық кеш, кездесу кештері ұйымдастырылды. Осы шараларда жалпы соғыстың қасіретін, Отан қорғаудың маңыздылығын жас оқырмандарға толық және дұрыс түсіндіруге тырыстық. Сондықтан “Ұлы Отан соғысының күнтізбесі”, “Аңызға айналған жеңімпаздар” атты жадынама да жасалды. Отан қорғаушылар күніне “Сарбаз болу – мақтаныш” атты тілдесу сағатының да тәрбиелік маңызы зор болды.
Балалар кітапханасында “Әскер – ел қорғаны” атты қызықты ақпараттық шара бірнеше сағаттардан құралды. Олар: “Қаһарман елдің Қарулы Күштері”, “Қарулы Күштеріміздің айнасы – Республика Ұланы”, “Елбасы Н.Назарбаевтың қанатты сөздерінен…”, “Мемлекеттік наградалар” деп аталды. Әр топтамадағы ақпараттарда оқырмандар шағын баяндамалар даярлап, көпшіліктің ортасында әңгіме тарқатты.
Патриоттық, парасаттылық, ұлтаралық келісім сезімінде тәрбиелеу жасанды термин емес, ол – отбасымен, балабақшамен, мектеп және жоғары оқу орындарымен, еңбек ұжымдарымен қамтылатын үрдіс. Өз халқына қамқорлық жасап, халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге бағытталған мемлекеттік саясат арқасында ғана біз отаншыл ұрпақ тәрбиелейміз. Қазақстан жастарының бойында жалпыұлттық тәрбие жүйесін қалыптастыра отырып, жаһандану үрдісіндегі бәсекелестікке шыдайтын, ақпараттық әлемде өмір сүре алатын, рухани және адамгершілік құндылықтары жоғары ұрпақты қалыптастыруға болады.
Елбасы біздің мемлекетіміздің жастары еуропалық елдермен терезесі тең білім алулары керектігін қадап айтты. Бұл – заман талабы. Еліміз жан-жақты дамыған еуропалық елдермен бәсекеге түсуі үшін жастары білімді де парасатты болуы қажет.
Уәлиханов ауданы.