Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тамақ өнеркәсібі саласында 32 жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Татьяна Повельева өзінің білгірлігі мен біліктілігінің арқасында ортасына сыйлы, еңбегі табысты.
– Дастарқанға қойылған тағамның қалай дайындалғаны, оның дәмділігі айрықша маңызды. Жоғары талғаммен даярланған тағам көзді қызықтырып қана қоймай, тәбетіңді ашады. Ал тәтті тағам пісіру, тіпті, сүйікті іс. Сегіз сағат бойы айналысып келген жұмысым осы болса да, үйге келгенде отбасыма өз қолыммен тәтті тағам пісіріп бергенді ұнатамын. 90 жасқа келген анам әлі күнге дейін мен пісірген кексті сүйсініп жейді. Менің балалық шағым ауылдық жерде өтті. Сол кездің өзінде аспаздықты жақсы көретін едім. Бірақ тәтті тағамдар пісірудің реті келе бермейтін еді. Тағамның қалай әзірленетінін біліп алсам да, оған қосылатын ингредиенттерді табу қиын болатын. Ал қазір не қаласаң, бәрі бар. Интернет пен басылымдардан кез келген тағамның дайындалу тәсілін алуға болады, – дейді Татьяна Повельева.
Татьяна Александровна Екатеринбургтегі тамақ өнеркәсібі техникумы мен Мәскеудегі тамақ өнеркәсібі институтын бітірген. Сібірдің Иркутск облысына жолдама алған ол өзінің еңбек жолын сонда бастапты. Ал 1988 жылы туған жеріне оралған жан өңіріміздегі нан мен тоқаш, кондитерлік өнімдер шығаратын өндіріс орындарында еңбек етіп келеді. Ал 2001 жылдан бері Татьяна Александровна кондитерлік тағамдар шығаратын “Макс” ЖШС-де технолог болып қызмет атқаруда.
Тамақ өнеркәсібі мамандардан аса мұқияттылықты талап етеді. Олар өндірген азық-түліктің адам денсаулығына қауіпсіздігін басты назарда ұстаулары керек. Ұзақ жылдар бойғы тәжірибесінде осыны санасына сіңірген Татьяна Александровнаның жұмысына кәсіпорын әкімшілігі зор сеніммен қарайды. Жұмысына жауапты технологтің кәсіпорынның табысына қосар үлесі де мол. Ол еңбек ететін кәсіпорында ұннан жасалатын кондитерлік тағамдардың 120 түрі шығарылады. Тауардың өтімділігі тұтынушының сатып алуына байланысты болатындықтан, технолог тағамдарды жұртшылыққа ұнайтындай етіп пісіртеді. Сондай-ақ тауардың сұранысына қарай шығарылатын өнімдердің таралым мөлшерін де реттеп отыратын өзі.
– Алған білімім тамақ өнеркәсібінің кез келген саласында еңбек етуге мүмкіндік береді, алайда кондитерлік өнімдерді пісірумен айналысуды ұнатамын. Қашан болсын мен: “Тағамның құрамын қалай өзгертсем, дәмдірек болады?” деген ойдың жетегінде жүремін. Ал оны тауып алған кезде өзімді жетістіктің тағы бір белесіне шыққандай сезінемін. Бұл қуаныш сыйлайтын сәттер мені бақытты етеді, – дейді Татьяна Повельева.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.