“Улыбка” балалар қайырымдылық қоры Петропавл қаласының тұрғыны Дамира Ескендіроваға арнайы емдік ортопедиялық аяқкиім сатып алып берді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
10 жастағы Дамираның аяқ буындары зақымданған. Дамира облыстық Балалар ауруханасында ем алған. Баланың аяқ басуын қалыпқа келтіру үшін емдік аяқкиім қажет, дейді Дамираның анасы Айнагүл Разеева. Аяқкиім сатып алуға көпбалалы отбасының қаржысы жетпегендіктен, “Улыбка” қайырымдылық қорынан көмек сұрай келген.
Диагностикалық тексерістерді “Академия ортопедии Петропавловск” ЖШС-і тегін жасаған. Жұмысын енді бастаған бұл салонның ортопед-кеңесшісі Дамир Жамықов науқас емдік аяқкиімді үзбей киіп жүрсе, дертінен сауығуына оң әсерін тигізеді, деген сенімде.