«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДЫҚТАР – ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақмола облысындағы “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығының негізінде педагогикалық жасақ мүшелерінің республикалық “Балаларға арналған жүрек” педагогикалық олимпиадасы өтті. Онда Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің оқушылары бас жүлдені жеңіп алды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Педагогикалық олимпиада ІІ кезеңде өтті. Қашықтықтан ұйымдастырылған І кезеңде әрбір қатысушы “Балаларға берілген жүрек” тақырыбында эссе жазуы қажет болды. Эсседе қатысушы заманауи тәлімгер, оның адамгершілік және этикалық ажары, жұмыстағы және өмірдегі ұстанымы туралы жеке көзқарасын білдіруі керек. ІІ кезеңге педагогикалық олимпиаданың І айналымының жеңімпаздары мен ҚР педагогикалық колледждері мен жоғары оқу орындарының үздік педагогикалық жасақтары қатысты, – дейді М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Нұрышева.

Бақыт Сәлімқызының айтуынша, ІІ ақтық кезеңде 17 топ 6 сайыс түрінен бақ сынаған. “Біз топтық дарындылармыз!” сайысында педагогикалық жасақтың шығармашылық тұсаукесері мен жасақ биінің үзіндісі көрсетілген.  

“Лагерь өмірінен бір күн” сайысында қатысушылар өздерінің бейнебаяндарының тұсаукесерін жасаған. Онда ән мен бейнекадрлардың сәйкестігі, тұтастығы мен ерекшелігі, әсерлілігі ескерілген.

“Педагогикалық жағдаяттарды шешу” байқауында балалардың жасы, мәселесі көрсетілген бір жағдаятты сахнада ойнау және оны шешу жолдарын көрсету керек болған. Онда жағдаяттың жылдам шешілуі, педагогикалық әрекеттің мақсаттылығы, өз рөлдерін ойнау барысындағы қатысушының әртістік шеберлігі сыналған.

“Залмен ойын ойнау” байқауында қатысушы көрермендермен бір ойынды ойнатуы қажет. Онда жасақтың мақсат қоя білуі мен оны орындап шығуына, қатысушыларды қызықтыруы және ойын ережесін нақты түсіндіруіне, сөз мәнеріне, педагогикалық техникасына, интонациясына назар аударылған.

“Тәлімгерлік жаз” көрмесінде педагогикалық жасақтың қызметі қамтылуы тиіс. Көрмеге үлестірмелі материалдар, буклеттер, әдістемелік туындылар, педагогикалық жасақтың атрибуттары, балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтырылуы және демалуын ұйымдастыруға арналған аңыздар сандықшасы, ән жинағы, ойын техникасы, мәдени шаралардың сценарийлері, тағы басқалар қойылып, сарапталған.

“Топтық ән мен тақырыптық сергіту” сайысында әр облыс өкілдерінің өзіндік бірыңғай киім үлгісі мен төсбелгісі болуы міндеттелген.

Бағдарламада шығармашылық шеберханалар, шеберлік-сыныптары, тәжірибелік сабақтар өткізу, тренингтер және мәдени шаралар да қарастырылған.

Осы сынның барлығынан мінсіз өткен М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің “Жігер” педагогикалық жасағы ең үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған. Бұл жасақ 3 тілді еркін меңгерген 8 оқушыдан құралған. Олар педагогикалық жасақ олимпиадасының жеңімпаздары ретінде жазғы демалыс уақытында “Балд”урен” оқу-сауықтыру орталығында жұмыс істеуге шақырту алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp