“Гүл өссе, жердің көркі” дегендей, әдеміліктің өлшемі болып саналатын табиғаттың осынау бір тамаша сыйының сан алуан түрі бар. “Гүл өссе, жердің көркі” дегендей, әдеміліктің өлшемі болып саналатын табиғаттың осынау бір тамаша сыйының сан алуан түрі бар.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Гүлдердің ішінде қызғалдақтың жөні бөлек емес пе?! Қазақстан табиғатында оның 35 түрі бар. Сұрпы мен түріне қарай олардың гүлдеу мерзімі әртүрлі болады. Әсем көркімен дараланатын аталмыш гүлді өсіруді Петропавл қаласының тұрғыны, “Алиев” жеке кәсіпкерлігінің директоры Аспандияр Алиев те қолға алған. Қызылжар ауданына қарас ты Петерфельд ауылында орналасқан жылыжайда қазір 20 мың гүл өсірілуде. Алайда, бұл жердің ауыз-суы тұзды болғандықтан, осы мәселе қиындық тудыруда. Бірақ, кәсіпкердің сөзіне сүйенер болсақ, аудан басшылығы жақын арада бұл мәселені оң шешуге қолдау көрсетпекші. Кәсіпкер өсімдік шаруашылығымен айналысуды осыдан бес жыл бұрын қолға алған. Бұған дейін бақыт-гүлдерін өсірумен айналысқан. Ал биыл бірінші рет қызғалдақ гүлін өсіріп көруге бел буған екен.
– Мен өзім Петропавл қаласына Оңтүстік Қазақстаннан 1992 жылы көшіп келдім. Жұмыс тауып, баспана сатып алған соң отбасымды және аға-інілерімді көшіріп әкелдім. Қазір бауырларым Петерфельд ауылында тұрады. Барлығымыз бірігіп, баспана мәселесін біржақты қылдық. Содан кейін әбден орныққан соң жылы-жай тұрғызып, жұмыс істеуге кірістік. Біз гүл өсірумен көп жылдан бері айналысып келеміз. Мекенжаймызды ауыстырған соң да осы кәсібімізді жалғастыруды ұйғардық. Бұған дейін біз гүлдердің мұндай түрлерін сатуға басқа жақтан жеткізетінбіз. Содан тиімді жағын ойлай келе, былтыр күзде қызғалдақ гүлін өсіру дұрыс деген шешімге келдік. Біздегі қызғалдақ гүлдерінің сапасы жақсы, шетелден әкелінген гүлдерге қарағанда сабағы да ұзындау. Және ол ұзақ уақыт бойы әдемілігін сақтап, көзіңді қуантып тұрады. Солтүстіктің қысы ызғарлы келеді екен. Осы жағынан алғанда гүлдерімізді сақтап қала аламыз ба деген де алаңдаушылық бастапқы кезде болды. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, сәтін салып, қажырлы еңбегіміз нәтиже беріп отыр. Енді қандай суық болса да, қызғалдақ гүлдерін өсіре алатынымызға көзіміз жетті. Тек жылыжайдың жағдайы жақсы болып, суға байланысты мәселе оң шешімін тапса болғаны, одан әрі жұмысымызды дамыта түсеміз, – дейді кәсіпкер.
Голландиядан әкелінген 20 мың қызғалдақ баданасы күзде егілген екен. Ал желтоқсан айында гүлдер қылтиып шыға бастаған. Содан бері жылу мен жарық сүйгіш өсімдік кәсіпкерлердің үнемі бақылауында. Жылыжайда еңбек етемін деген адамдарға жұмыс жетерлік. Татулық пен бірлігі жарасқан ағайынды Алиевтердің бірі күтімді ерекше қажет ететін гүлдерді суарса, екіншісі жылудың арқасында өсіп, гүлдейтін қызғалдақтарға жайлы болу үшін жылыжайда күні-түні пеш жағады екен. Міне, осылай жұмыла жұмыс істеп, табыс көзін тауып отырған ағайындылардың қолынан шыққан қызғалдақтар Петропавл қаласындағы гүлдер сататын дүкендерде және көрші облыстарда саудалануда.
– Гүлдерді таңертең күн шыққанға дейін жинап алып, әдемілеп орап, гүл сататын дүкендерге апарамыз. Өсіп тұрған қызғалдақтың әдемілігі бір басқа ғой, бірақ сатуға қойғаннан кейін де ол өз әдемілігін, хош иісін кемінде екі аптаға дейін сақтап тұрады. Қараңғы кезде жапырағын сәл ғана жабады, ал күндіз әп-әдемі болып ашыла түседі. Біздің жылыжайда қызыл, сары, тіпті, екі түсті қызғалдақтар да бар. Барлығы алты түс. Енді осылардың бір мезгілде гүл жарған сәтін көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ен далаға жайып тастаған түрлі-түсті кілем сияқты. Бұл дегеніңіз көңіліңді қуаныш сезіміне бөлейтін сондай тамаша бір көрініс. Оны көргенде таңғаласың да, тамсанасың. Еңбегіңнің осындай жаныңа жылылық ұялатар тұстарын көрген кезде жұмысқа деген құлшынысың арта түседі. Ерінбеген адам көпке қол жеткізеді. Менің оған көзім жетті. Аға-інілеріме де үнемі осыны айтып отырамын. “Бірлік түбі – береке” дегендей, ортақ жұмыс үшін уақытпен санаспай, аянбай еңбектенеміз. Ер адамдар жылыжай жұмысымен айналысса, үйде нәзік жандар гүлдерді арнайы қағазға орап, сатуға дайындайды. Бұл істі, әсіресе, келінім Ругия жақсы меңгеріп алған. Оған көмектесетін қолқанаты қызы Фадиля мен ұлы Вугар да қолдарынан келгенше өз септігін тигізуде. Міне, осылайша барлығымыз бірігіп, ортақ мақсатқа қол жеткізудеміз. Әрине, гүлмен ғана шектелмейміз. Енді күн жылынып, қызғалдақ гүлдердің барлығы сатылымға түскен соң орнына қияр егеміз деген ойдамыз. Бүгінгі таңда ол жұмыс та қолға алынды. Яғни, қиярдың тұқымын сатып алып, егуге дайындап жатқан жайымыз бар. Еңбегіміз ақталса, жаз айының басында сатылымға өз қиярымызды, қызанағымызды қоямыз деп үміттенеміз. Еңбектің тәтті жемісі қиындықсыз келмейтінін де жақсы түсінеміз. Сондықтан да ара-тұра болып тұратын сәтсіздіктерге аса мән бермейміз. Себебі, онсыз болмайды ғой. Қиындықты жеңе білген адам ғана жеңіске қол жеткізе алады, – дейді Аспандияр Алиев.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ