Спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатында грек-рим күресінен КСРО-ның Құрметті спорт шебері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов атындағы дәстүрлі республикалық турнирде жеткіншек және жасөспірім балуандар шеберлік пен күш-қуат сайысына түсті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Республикалық турнир десек те, оған қатысуға көрші Ресей Федерациясының Омбы және Петухово (Қорған облысы) қалаларының балуандары да ниет білдірді.
Ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Руслан Есеналин Жамбыл Серғазыұлының күрестегі жетістіктерін, оның Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері екенін айтып, жас балуандарға жеңіс тіледі. Ал Ж.Тасеменовтің досы, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, грек-рим күресінен спорт шебері, ақтөбелік Зейнолла Төлеутаев жарыс иесіне жылы тілегін арнап, иығына шапан жапты.
Ж. Тасеменовтің өзі ашылу салтанатының соңында жарысты ұйымдастырушыларға, келген балуандарға, көрермендерге шынайы ризашылығын білдірді.
Қатысушыларға арнап облыстық филармонияның жанындағы Михаил Лахтин жетекшілік ететін бишілер тобы “Қара жорға” биін тарту етті.
Жарысқа еліміздің он өңірінен, облысымыздың Есіл, Мамлют, Жамбыл, М. Жұмабаев аудандарынан, Петропавлдағы спорт-интернатынан, “Жеңіс”, “Күрес” мектептерінен, барлығы 175 балуан боз кілемде бақ сынады.
СУРЕТТЕ: боз кілемдегі белдесу.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.