Өңірімізге келген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына ат басын бұрды. Елдің бас ұстазына облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов еріп жүрді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш мекеме директоры Алма Мырзалинова филиал қызметіне слайд арқылы шолу жасады. Алма Жәкімқызының айтуынша, институтта екі кафедра ұстаздарды курстық даярлықтардан өткізеді. Оқытушыларды сертификаттауға баса назар аударылады. Деңгейлік даярлықты жүзеге асыратын орталықтағы 11 оқытушының барлығы да халықаралық сертификат иегерлері. 1 тоқсанда екі апталық қысқа мерзімдік курстардан 550 адам өткен. Жылдық жоспар бойынша 2200 педагогтің біліктілігін жетілдіру көзделген. Одан басқа Кембридж бағдарламасы бойынша деңгейлік курстар (2 айлық) өткізілуде. Онда 200 ұстаз оқып шыққан.
Аслан Сәрінжіпов білім саласындағы құжаттарды жүйелеу және талдау негізінде дайындалған “Электрондық ақпараттық нұсқаушымен” де танысты. Ол PREZI веб сервисі көмегімен дайындалып, институт сайтына орналастырылған. Ақпараттық нұсқаушыда педагогтер тәжірибе бөлісіп, білім және тәрбие саласының өзекті мәселелерін талқылауға, “Назарбаев Зияткерлік мектептерінің” озық сабақ үлгілерімен танысуға мүмкіндік алады.
Министр біліктілікті арттыру институтында дамуында тежелуі бар балалармен жұмыс істеуге арналған М. Монтессори қондырғыларымен жабдықталған кабинетте және “Өзін-өзі тану” кабинеті мен кітапханада болды.
Кездесу соңында Аслан Сәрінжіпов облыстың білім саласына, әсіресе, облыстың мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласына жақсы баға берді.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.