«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше кешкісін облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен өңір басшысы Самат Ескендіровтің қатысуымен әлеуметтік сала активінің жиналысы өтті. Оған Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да қатысып, азаматтық қызметшілерге 2015 жылғы 1 шілдеден бастап төленетін еңбекақының жаңа жүйесі жайында келелі әңгіме қозғады.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Жиналысты ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров Қызылжар өңіріне Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үш министрдің жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралағанын айтты.

Гүлшара Әбдіхалықова бұл жолғы сапардың басты мақсаты Қызылжар өңіріндегі әлеуметтік сала жұмысымен танысу және азаматтық қызметшілерге келесі жылдан бастап төленетін еңбекақының жаңа жүйесін түсіндіру екенін мәлімдеді.

– Елбасы тапсырмасына орай Қазақстанда азаматтық қызметшілерге еңбекақының жаңа жүйесі 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіле бастайды, – деп бастады өз сөзін Тамара Дүйсенова. Тамара Қасымқызының айтуына қарағанда, жүйе үш кезеңде іске асырылмақ. 2015 жылғы 1 шілдеден басталатын бірінші кезеңде азаматтық қызметшілердің біліміне, біліктілігіне, атқаратын жұмысының күрделілігіне байланысты еңбекақы төленеді. Ол үшін қызметшілердің лауазымын басқарушы, негізгі,  әкімшілік-шаруашылық, техникалық персонал деп 4 санатқа бөлу ұсынылады.

Жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне өтуге байланысты жалақы артуы сараланады: Елбасының Жолдауында атап айтылғандай, денсаулық сақтау саласының негізгі қызметкерлерінің еңбекақылары – 28 пайызға, білім беру саласында – 29 пайызға, әлеуметтік қорғауда 40 пайызға артады.

Екінші кезеңде еңбекақы төлеудің ынталандырушы компоненттері енгізіледі. Онда төлем жұмыстың түпкі нәтижесіне, көрсетілетін қызметтің саны мен сапасына байланысты болады.

Үшінші кезеңде азаматтық қызметшілерге осы өңірдегі өмірдің нақты бағасына қарай сараланған қосымша ақы төлеу тиімділігі мен мүмкіндігі қарастырылады.

Осылар жайлы айта келіп, Тамара Қасымқызы білім және денсаулық сақтау салалары қызметкерлерінің еңбекақысы қалай өсетіндігіне нақты мысалдар келтірді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл ең төменгі еңбекақыны есептеудің ғылыми негізделген әдісін дайындауды аяқтап, оны талқылауға шығармақ.

Әлеуметтік сала қызметкерлері еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі жайында министрге бірнеше сауал қойып, тиісті жауап алды.

Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлері өздеріне қатысты әлеуметтік нысандарды аралап, салалық актив жиналыстарында бірлескен іс-қимыл жайындағы меморандумдарға қол қойғандарын жеткізді.

Өңір басшысы жиын соңында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкімет мүшелерінің жұмыс сапарына ризашылығын білдірді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp