«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА СТАНДАРТТЫҢ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық тобы мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты жобасын түсіндіру бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Ақпараттық топ құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері енген.

Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сағат Нүрпейісовтің айтуынша, ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының (ҚР МЖМБББС) мақсаты – өмір бойына жеке басының мәдениеті мен білімін жетілдіруге дайын, өмірдің өзгермелігіне сәйкес қоғамға өз пайдасын келтіретін тұлғаны тәрбиелеу. Ол үшін білім беру мекемелері оқушыларды тәрбиелеу үдерісінде қоғамға адал қызмет атқаратын, үздік ойларын іске асыра алатын, зияткерлік қабілетін өз бетімен дамытатын, бәсекеге қабілетті түлектерді даярлауы қажет.

– Жаңа МЖМБББС жалпы әлемдік үдеріске сай дайындалды. Онда “Өмірлік білім алу” “Өмір бойы білім алу” қағидасына ауысуын талап ететін әлемдік білім беру тәжірибесіндегі инновациялар есепке алынды. Бала бойында алдымен адами құндылықтарды (үлкенге құрмет, ынтымақтастық, ашықтық пен қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік) тәрбиелеу басымдыққа ие болады. Қазіргі оқушы “Мен не үшін оқуым керек?”, “Маған білім не үшін керек?” деген сұрақтарға жауап беруі тиіс, – деді “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Бағдарламалар орталығының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің аға менеджері Қаламқас Бәйтенова.  

Оның айтуынша, Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты бойынша мектеп түлегі білімін шығармашылықпен іске асыру, сыни тұрғыдан ойлау, өздігінен зерттеу жұмыстарын орындау, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тиімді қолдану, тілдік дағдыларды пайдалану сияқты нәтижелер көрсетуі керек. Оқушылардың үш тілде сөйлей білуі талап етіледі. Жаңа бағдарлама бойынша бастауыш сынып оқушылары 6 жастан мектепке қабылданып, 5 жылдық бастауыш білім беру сатысынан өтеді.

– Білім беру стандартында негізгі пәндер бойынша көрсетілетін тиісті біліктілік дағдыларды қалыптастыру көзделген. Ағылшын тілі, ақпараттық-коммуникативтік технология, ғылымға кіріспе пәндері енгізіледі. “Дүниетану” пәнінің мәртебесі өзгертілді. Енді ол “Ғылымға кіріспе” және “Дүниетану” болып екі жаңа мазмұнды пәндерге жіктеледі. Алғашқысында оқушыларға химия, биология, физика ғылымдарының негізі түсіндірілсе, “Дүниетану” пәнінде балалардың адам және табиғат арасындағы байланыс туралы алғашқы пікірлері қалыптасады. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндері кіріктіріліп оқытылады. Орыс тілі қазақ сыныптары үшін, қазақ тілі орыс сыныптары үшін және ағылшын тілі пәндері бірінші сыныптан бастап енгізіледі. Бейнелеу өнері, музыка және технология пәндері “Өнер” пәніне біріктіріледі, – деді Қаламқас Бәйтенова.

Әрбір ұстаз оқушыны білімін логикалық тұрғыдан дұрыс жеткізе білуге дағдыландыруға, кез келген өмірлік жағдаяттарда өзінің танымы және мансабының жоғарылауын өз бетінше реттеуі үшін өмір бойы білім алуға дайын болуға үйретуі қажет. Оқушы сабаққа қатысты әдеби мәтінді ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортадағы кез келген ақпараттан өзіне қажеттіні ала білетін дәрежеге жетуі тиіс. Тәжірибелік іс-әрекет арқылы оқушы өзі танып, ұстап көріп, естіп, сол арқылы қорытынды шығаруы керек.

МЖБББС жобасын 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалпы білім беретін мектептерде енгізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp