Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі оқушылар арасында қоршаған ортаға арналған балалар суреттеріне, компьютерлік тұсаукесерлерге, фотосуреттерге, фотоколлаждарға республикалық байқау жариялаған болатын. Осы сайыстың облыстық деңгейі, яғни бірінші кезеңі қорытындыланды. Оның жеңімпаздары арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СҚО бойынша Экология департаменті мен облыстық Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған аталмыш байқаудың мақсаты жас жеткіншектердің бойында қоршаған ортаны қорғауға деген сезімді қалыптастыру, олардың табиғат алдындағы перзенттік жауапкершілігін арттыру, экологиялық білімдерін тереңдетіп, қоршаған дүниені қорғауға насихаттау еді. Байқауға мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін қатысты. Қазылар алқасы 200-ге жуық шығарманы сараптап, төрт аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. Олардың ішінен таңдалып алынған туындылар облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығының көрме залына қойылды.
Сонда үздік танылған 23 туындының ішінде І дәрежелі дипломды қанжығасына басқандар мыналар: “Сурет” аталымы бойынша – Петропавл қаласындағы №1 арнайы түзету мектеп-интернатының ұжымдық жұмысы (оқытушысы В.А. Колмакова); “Фотоколлаж” аталымы бойынша – Аққайың ауданындағы №2 Смирново орта мектебінің оқушысы – Сабина Тілеубергенова; “Фотосурет” аталымы бойынша – Возвышенка орта мектебінің оқушылары Ксения Грибашова және Яна Яхимович; “Компьютерлік тұсаукесер” аталымы бойынша – Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Калиновка орта мектебінің оқушысы Наталья Ашурок.