Наурыз мерекесінің құрметіне Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында айтыс өткізілді. Оған сегіз ақын қатысты.
Қазылар алқасын белгілі журналист, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасбай Сүлейменов басқарды.
Алғашқы жұпта қызылжарлық Аманжол Зағыпар айыртаулық Мұхаммед Қоңқаевтан ұтылып қалды.
Келесі кезекте өлең төккен Мамлют ауданының жас ақыны Санжар Тастамбеков Аққайың ауданынан келген Қуаныш Оспановқа есе жіберді.
Қызылжарлық ақын Жарқын Жұпархан қарсыласы – есілдік Жұмабек Рахимовтың айтысқа келе алмауына байланысты Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның ақыны Құрмет Құралханмен жыр сайыстырып, жеңіп шықты. Ал Құрмет оның алдында уәлихановтық Амангелді Оқастан басым түскен еді. Ұпайы өзгелерден асып түскендіктен және екі ақынмен айтысқандықтан, ол финалға шықты.
Ақтық екі жұпта Құрмет пен Мұхаммед, Жарқын мен Қуаныш айтысты.
Осы сайыстың нәтижесінде Құрмет Құралхан бас жүлдені олжалады.
Бірінші орын Жарқын Жұпарханға бұйырды. Мұхаммед Қонқаев екінші жүлдені еншіледі.
(Өз тілшімізден).