Халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған басты құжат – Елбасы Жолдауын іске асыру аясында елдегі әлеуметтік ахуалға жауапты министрлер өңірімізге ат басын тіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жұмыс сапары “Нұр Отан” партиясының филиалында мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесуден басталды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысумен өткен жиында Тамара Дүйсенова Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.
– Бұл мақсатта қоғамдағы әл-жуаз топтардың барлық санаттарына төленетін жәрдемақыны арттыруды көздейтін заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына берілді. Заң жобасына сәйкес осы жылдың 1 сәуірінен бастап жалпы биыл еңбек зейнетақылары 14 пайызға, басқа да әлеуметтік төлемдер 12 пайызға артпақ. Ал 2015 жылдың шілдесінен бастап мүгедектігіне және асыраушысынан айрылғанына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы 25 пайызға көбейеді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мұндай 281 мың адам зейнетақы және әлеуметтік төлеммен қамтамасыз етілмек, – деді ведомство басшысы.
Министр мүгедектерді кедергісіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы республика бойынша 1203 нысанды мүгедектерге бейімдеу жұмыстарының жүргізілетінін айтты. Ал Қызылжар өңірінде осындай 70 нысанды бейімдеу жоспарланған. Кемтар жандарды жұмыспен қамту бойынша да кешенді шаралар қолға алыныпты. Бүгінде республика бойынша еңбекке жарамды жастағы 400 мыңға жуық мүгедектің 20 пайызы жұмыс істеуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров облыс аумағында тұрып жатқан 29 мыңнан астам мүгедектің құқығын қамтамасыз ету, оларға кедергісіз орта құру жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың 18 мың-нан астамы – еңбекке жарамды жастағылар.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасына мүгедектерді тартуға баса назар аударудың маңыздылығына тоқталды. Солтүстік Қазақстандағы мүгедектердің бар-жоғы екі ұйымының аздық ететінін айтқан министр бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды қатыстыру арқылы жұмыс орнын ашу мәселесіне үлкен көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.
Жұмыс сапары барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының жаңа мүмкіндіктері” тақырыбында ауылдық округ әкімдерімен оқыту семинарын өткізді. Бағдарлама қабылданған уақыттан бері атқарылған жұмыс нәтижесіне тоқталған Тамара Дүйсенова 2,5 жыл ішінде153 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылғанын айтты. Ал Қызылжар өңірінде жастар арасындағы және ауылдағы жұмыссыздық көрсеткіштері республикадағыдан біршама жоғары.
– Ауылдық округ әкімі үшін “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасынан артық бағдарлы құжаттың жоқ екенін білемін. Бағдарлама тиімділігін арттыру үшін бірінші кезекте оны өзіміз толық білуіміз керек. Содан кейін ғана тиянақты түсіндіріп, жүзеге асыруға ден қою қажет, – деген министр ауылдық округ әкімдеріне халыққа берген уәделерін жергілікті жерде бағдарлама аясында орындау керектігін қадай айтты.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.