“Business Masters” консалтингтік компаниясы “Даму-Көмек” бағдарламасының аясында Петропавлдағы “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына кеңселік тауарлар түріндегі демеушілік көмек жасады.
Гүлмира ЗЕЙНУЛЛИНА,
“Даму” қоры АҚ облыстық филиалының менеджері.
Еркебұлан Аманжолов басшылық ететін Петропавл қаласындағы облыстық Қазақ зағиптар қоғамының есебінде көз ақауы бойынша 1 және 2 топтағы 865 мүгедек тұрады. Қоғамның жұмысын ұйымдастыру жеңіл міндет емес. Оған көркемөнерпаздар қатысатын байқаулардан бастап, мүгедектерді мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша ақпарат тыңдайтын қоғам мүшелерінің жиналыстарына дейін жатады. Сондай-ақ қоғам жұмысының өз ісін жаңа бастаған мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге де көмегі бар.
– Елбасының биылғы Жолдауында мүгедектерге көп көңіл бөлінген. Біздің зағиптар қоғамының қатысушыларына, соның ішінде кәсіпкерлік икемі мен бастамалары бар мүгедектерге пәрменді көмек көрсетілсе екен дейміз. Бұл орайда “Даму-Көмек” бағдарламасының жанашырлық іс-шаралары айтарлықтай, – дейді облыстық зағиптар қоғамының басшысы Еркебұлан Аманжолов.
“Business Masters” ЖШС-і компаниясының директоры Ирина Васильева өз қолынан тапсырған кеңселік тауарлар “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына әртүрлі шаралар ұйымдастыруға және есеп беру жұмыстарын жүргізуге қажет. Аталмыш компания облысқа және одан тысқары жерлерге консалтингтік және білім беру қызметтерімен айналысады. Сондай-ақ ол “Даму” қорының бағдарламаларын жүзеге асыруда оның ұзақ жылғы серіктесі болып табылады. 2013 жылы облыстың консалтингтік қызмет аясындағы “Саланың көшбасшысы” атағына ие болды. Зағиптар қоғамына демеушілік көмек жасағаны үшін “Даму” қорының облыстық филиалы компанияға Алғыс хат тапсырды.