Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері биылғы алғашқы отырыста атқарылуы тиіс жұмыстарды жоспарлап, 2013 жылды қорытындылады.
Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық кеңесі өз жұмысын 2012 жылы бастаған болатын. Оның құрамына депутаттар, тілшілер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті қадағалауға бағытталған жұмыстардың тиімділігін арттыру, полицейлердің тұрғындармен қарым-қатынасын нығайту.
“Құқық қорғау органдары өкілдері Петропавл қаласының Абай мен Мир, Жамбыл мен Букетов көшелерінің қиылысында түйіндер жасау қажеттігі туралы мәселе көтерген болатын. Біз бұл ұсынысты облыстық әкімдікке жолдадық, енді, міне, сол мәселенің оң шешімін көріп отырмыз. Тұрғындар алғыстарын айтып жатыр”, – деді облыстық Ішкі істер департаменті Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жасұлан Ахметов.
Жиын барысында тәртіп сақшылары бұдан басқа мәселелерді де сөз етті.
“Басым бағыттар бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Аса ауыр саналатын кісі өлтіру қылмысы, адам тонау фактілері мен жасөспірімдердің қылмыстары азайды”, – деді облыстық Ішкі істер департаменті штабының бастығы, полиция полковнигі Сәуле Андағұлова.
Қоғамдық кеңестің келесі отырысында әкімшілік полицейлер мен әмбебап полиция қызметінің жұмысы талқыланбақ.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.