Даланың бауыры жіпсіп, жылғалардан су ағып, халық Наурыз мерекесін тойлап, бес күндік демалыстың ләззатына бөленіп жатқан кезде, облыс әкімі Самат Ескендіров өңір аграршыларын жинап, көктемгі егіс науқанына әзірліктің жай-жапсарын пысықтады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс әкімдігінде өткен жиынға агроқұрылымдар мен атқарушы органдардың басшылары қатысты. Онда Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралинов биылғы егіс алқабының құрылымы және тұқым түрлеріне берілетін мемлекеттік демеуқаржы көлемі туралы сөз қозғады.
Серікбай Шәріпұлының айтуына қарағанда, биыл 4 миллион 340 мың алқапқа дәнді дақылдар егіледі деп жоспарланып отыр. Оның 3 миллион 382 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдары егіледі. Бидай биыл былтырғы жылмен салыстырғанда 61,9 мың гектарға азаймақ. Бұл биыл басқа дақылдардың көбірек егілетіндігімен түсіндірілді.
Қыстай 1,4 миллион гектар жерде қар тоқтату жұмыстары жүргізілген. Шаруашылықтардың тұқыммен қамтамасыз етілу мәселесі де көңілді алаңдатпайды. 519,9 мың тонна тұқым дайын. Оның 505,2 мың тоннасы арнайы сараптама қосындарында сапалық тексерістен өткен. Тұқымның басым бөлігі 1-ші және 2-ші сұрыпты. Тұқымның сапалық құрамын тексерту жағынан көш соңында қалған Ақжар мен Уәлиханов аудандарына сын айтылды. Майлы дақылдар бойынша өңір аграршылары биылғы егіске 9,9 мың тонна тұқым дайындап отырса, оның 93 пайызының сапалық көрсеткіші анықталған. Ауыл шаруашылығы басқармасының сараптамасы бойынша 67 агроқұрылымға 15 мың тонна тұқым жетіспейді. Ал фитопатологиялық талдау кезінде дәндідақылдар тұқымының 55 пайызында өсімдік ауруларының белгілері анықталған.
Биылғы жылдың егіс науқанына 14511 трактор, 16514 тұқым сепкіш, 1100 егіс кешені, т. б. техника шығарылмақ. Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 89 пайызды құрап отыр. Дегенмен, кеңесте техникалық парктің басым бөлігінің моральдық және материалдық жағынан тозғандығы ашық айтылды. Мәселен, тракторлардың – 79 пайызы, комбайндардың 54 пайызы ескірген. Өткен жылы өңіріміздің агроқұрылымдары 1100 техниканы 17 миллиард теңгеге сатып алған. Ондағы 7,4 миллиард теңге “Қазагроқаржы” АҚ-ның лизингтік қолдауы арқылы игерілген. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 107 жаңа техника қатарға қосылған. Сондай-ақ өңір аумағында ауыл шаруашылығы техникаларына сервистік қызмет көрсететін орталықтар көбейіп, жұмыс сапасы жақсарып келеді.
Жанар-жағармай мәселесіне тоқталғанында Серікбай Тұралинов биылғы егістік науқанына 71 мың тонна дизель отыны, 11 мың тонна бензин, 3,2 мың тонна мотор майы керек екендігін айтты. Ауыл шаруашылығы құрылымдары өздеріне қажетті жанар-жағармайдың аз бөлшегін ғана иеленіп отыр. Бірқатар шаруашылықтар жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін операторлармен келісім жасаған. Бүгінгі таңда операторлардың дизель отынына қойып отырған бағасы – 95 теңге. Алайда, Айыртау, Аққайың, Тайынша, Уәлиханов аудандары жабдықтаушы операторлармен әлі күнге дейін бірде-бір келісім жасамаған.
Егіншілікті қаражаттандыруға келсек, 2014 жылы мемлекеттік қордан бұл салаға 10,9 миллиард теңге демеуқаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылы бөлінген қаржы сомасымен салыстырғанда 4,2 миллиард теңгеге артық. Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген мөлшерге сай бидайдың әр гектарына – 440 теңге; арпа, сұлы, қарақұмық, дәнді-бұршақты дақылдарға – 2500 теңге; ғылыми технология мен нөлдік технология сақталған бидайға – 1500 теңге; рапсқа – 12000 теңге; күнбағысқа – 9000 теңге; саңырауқұлақ, қыша, қытайбұршаққа – 5000 теңге; зығырға – 2500 теңге; біржылдық және көпжылдық шөптер мен сүрлемдік жүгері мен күнбағысқа – 10000 теңге; картопқа – 25000 теңге; көкөніске – 21000 теңге; ал тамшылатып суару технолоиясын пайдаланған шаруашылыққа – 85000 және 75000 теңге демеуқаржы беріледі делінді. Ал тұқымға берілетін демеуқаржы 970,8 миллион теңгені құрайтын болады. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға жоғары. Жергілікті бюджеттің қорынан бөлінген қаржының 432 миллион теңгесі элиталық тұқымға жұмсалмақ. Ал қалғаны І-ІІІ сұрыпты тұқымды қаражаттандыруға бөлінеді. Мұндай шара биыл бірінші рет қолға алынып отыр. Жоба ережесіне сай элиталық тұқымға демеуқаржы беру 2014 жылдың 1 тамызынан бастап тоқтатылады. Әрі қарай бірінші репродукциялық тұқымға ғана демеуқаржы бөлінеді. Биылғы жылы гербицидтің бағасын төмендету үшін 2 365 миллион теңге демеуқаржы бөлінген. Оның 103,9 миллион теңгесі – жергілікті бюджеттен. Жалпы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінен келіп түскен өтініштерге сүйенсек, гербицидтің бағасын төмендетуге 2,9 миллиард теңге қаржы қажет. Өңірімізді гербицидпен қамтамасыз етіп отырған 30 фирма бар. Минералдық тыңайтқышқа 2 миллиард 30 миллион теңге демеуқаржы бөлінбек. Бұл өткен жылмен салыстарғанда 66 пайызға жоғары.
Баяндамашы сөзінің соңында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелендіру жолдарын да қозғап өтті. “Аграрлық несие корпорациясы”, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамдары өз қызметтерін ұсынады. Жыл басынан бері аграршылардан несие алуға 144 өтініш түсіп, оларға қажетті қаржы 2,1 миллиард теңгені құраған. Соның 33 өтініші – “Егінжай” бағдарламасы бойынша.
Жиынды өңір басшысы Самат Ескендіров қорытындылады