«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМЛЮТКАДАҒЫ САЛТАНАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлютка қаласының тұрғындары мен меймандары Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау үшін орталық алаңға жиналды. Оларды көктемнің жайма-шуақ мейрамымен құттықтау үшін облыс әкімі Самат Ескендіров арнайы келді.

Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,

журналист.

Күннің бұлыңғыр болғанына қарамастан, алаңға жиналған ағайынның көңіл-күйі көтеріңкі. Тігілген әр шаңырақтан әсем әуен естіледі. Өңір басшысы алдымен татар-башқұрт орталығына бас сұқты. Бұл жерде келін түсіру дәстүрі көрсетіліп, татарлардың әндері шырқалды. Ұлттық тағамдары – чак-чак пен бал ұсынылды. Сонымен қатар, құты жару салты көрсетілді.

Бұл игі шараны татар халқы үлкен жиындарда, сабантойларда қатысушының ептілігі пен жылдамдығын сынау үшін атқарады. Биылғы Наурызды ерекше атап өту үшін мамлюттіктер 2,5 метрлік бәліш пісіріпті. Бұл – татарлардың ұлттық тағамы. Оны әзірлеу үшін аспаздар біраз тер төккен. “Дуслык” татар-башқұрт орталығының жетекшісі Хадия Бикинаның айтуынша, бәлішті дайындауға 5 адам қатысыпты. “6 килограмм ұн мен 1 килограмм қант, 3 килограмм кептірілген жеміс және май кетті. Бұл тәтті тағамды біз мереке күні барлық тұрғындарға ұсыну үшін дайындадық”, – деді ол. Тәтті тағамнан облыс әкімі де дәм татып көрді. Аталмыш орталық өкілдері облыс әкіміне, еліміздің Тәуелсіздігінің символы – Алтын адамның кәдейсыйлық мүсіні мен кітап сыйлады. Бұдан кейін Самат Сапарбекұлы түрлі этностардың ас мәзірімен танысып өтті. Мұнда өзбектің палауы, қазақтың еті мен қымызы қойылған. Өңір басшысы қымыздан да дәм татты.

Қазіргі кезде Мамлют ауданын 30-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері мекендеуде. Ауданда 14 этномәдени орталық жұмыс істейді. Наурыз – олардың бәріне ортақ мейрам.

Өңір басшысына славян мәдени орталығы өздерінің частушкаларын әсемдеп жеткізсе, жастар жағы ұлттық ойындарды көрсетті. Айта кету керек, бұл жерде аударыспақ, алтыбақан, бағанға шығу сынды ойындар болды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Осылайша “ұзын сарының” келуін мамлюттіктер атойлатып атап өтті.

***

Облыс әкімі Самат Ескендіров аудан орталығындағы қазақ мектеп-интернатына да барып, білім ошағындағы Наурыз мерекесінің тойлануын тамашалады.

Мамлютка қаласындағы қазақ мектеп-интернаты 2009 жылы есігін ашқан. Білім ордасы 400 орынға шақталған. Ал интернаты 150 балаға арналған. Өңір басшысы мектептің сыныптарын, кітапханасын аралап өтті. Кітапхана қоры мол. 10 мыңға жуық басылым бар. Оның 5 мыңы – әдеби шығармалар.

Сонымен қатар, білім мекемесінің басшылығы оқушылардың спортқа жақын болуын қолдайды. Мұнда бассейн мен түрлі спорттық секциялар жұмыс істейді. Балалардың қолөнерге деген құштарлықтарын ояту үшін де түрлі үйірмелер ұйымдастырылған.

Мектептің тыныс-тіршілігімен танысқан соң Самат Сапарбекұлы оқушылардың мерекелік шарасына ортақтасты. Бұл күні оқу ордасының ұжымы Наурыз мейрамын атап өтті. Ұлыстың ұлы күнін атап өту қазақтың шашуымен және “Қара жорға” биімен ашылды. Кейін әр салттан үзінділер көрсетілді. Олар – сырға салу, бесік той, тұсаукесер, беташар сынды жоралғылар.

Самат Ескендіров ұжымды Наурыз мейрамымен құттықтап, олардың қазақтың игі дәстүрлерін жалғастырып отырғандықтарына ризашылығын білдірді. Ата дәстүр бойынша келген қонаққа кәдесый беріледі. Бұл жолы да мектеп оқушылары облыс әкіміне өз тарту-таралғыларын ұсынды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp