Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мерекенің бірінші күнінде Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары қала орталығына қарай ағылды. Онда ойын қуған баладан бастап, еңкейген қартқа дейін қызықдуманның көріністерін тамашалады. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойындағы ақ киіз үйлер мен ақ шатырларда бауырсақтың, ет пен палаудың иісі бұрқырап, самауырынның түтіні будақтап, шаттыққа шақырып тұрғандай болды. Көшенің екі жағына қатар-қатар қойылған шатырлардың оң жақ бөлігінде өңіріміздің тауарөндірушілері өз өнімдерін саудалауға кіріссе, екінші жағында қолөнершілердің бұйымдары көздің жауын алды. Жұрт топтаса қалса, олардың нені тамашалап тұрғанын қызықтап, көпшілік те солай қарай ағылды. Тау басынан көшкен сеңдей ағылған жұртқа ілесіп, сен де бағытыңды сол жаққа түзейсің. Онда өз күші мен білегіне сенген жігіттер жиналып, спорттық сайыстар өткізіп жатты. Қазақтың тоқызқұмалақ, қазақша күрес, бес асық, жілік сындыру сияқты ұлттық ойындары ұйымдастырылып, оларға қарап тұрған жұрттың да делебесі қозды. Ән мен бисіз мерекенің сәні келе ме?! Бұл күні өңіріміздің жас өнерпаздары да сахна төріне шығып, осы бір думанды жиында өз өнерлерін ортаға салды. Бірінен соң бірі кезектесіп, өнер көрсеткен жас жеткіншектерге қарап, өңірімізде талантты да талапты жастардың көптеп өсіп келе жатқанын байқағандаймыз.
Осылайша көшенің бұрыш-бұрышында түрлі мерекелік шараларды өткізуге кіріскен кезде жұрттың назары үш күндік Наурыз мейрамы басталды деп жар салған шеруге ауды. Қазақтың батырларынша киінген төрт жігіт үлкен тайқазанды көтеріп, бас сахнаға қарай жылжыды. Тайқазанның ортасында жанған от ызғарлы қыстан қысылмай шығып, баршаға жылуын шашқандай. Керуенге ілескен ұлттық киімдегі бойжеткендер мен кимешек киген аналар сыңғырлаған күлкілерімен, күлімдеген көздерімен қызық-думанды одан әрі жандандыра түсті.
Театрландырылған шеруді бастаған Қыдыр баба босағаны аттаған Жылқы жылы баршаға құт-береке әкелсін, еліміз жамандықтан аулақ болсын деп “Аластау” рәсімін жасады. Содан кейін Қыдыр баба баршаға ақ батасын берді. Өңір басшысы Самат Ескендіров сахна төріне көтеріліп, барша жұртқа өзінің жүрекжарды лебізін арнады:
– Наурыз – ел егемендігі қайта жандандырған, жалпы халықтық мереке. Онда барша қазақстандық ұлты мен діни сеніміне қарамай бір жолды бағытқа алады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Наурыз мейрамын еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті, тұрақтылықты сақтайтын ұлы мереке деп бірнеше рет атап өткен болатын. Елмен бірге біздің өңір де экономиканың артуына, тұрғындар санының өсуіне, бизнестің өрісін кеңейтіп, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына сүбелі үлес қосуда. Бүгінде ауылдар мен қалалардағы оң өзгерістер – баршамыздың ынтымақтаса жасаған нәтижеміз. Бүгінде Отанымыздың түкпір-түкпірінде Наурыз мерекесі тойланып, ондағы отансүйгіштік екпіні, ойы мен сезімі ортақ қазақстандықтар бұл мерекенің қуанышы мен бақытын сезінеді. Мерекелік ортақ дастарқан достықта, мейірімділікте және түсіністікте өмір сүруге жақындатады, – деді өңір басшысы.
Үш күн бойы ұйымдастырылған мереке жұртқа жақсы демалыс сыйлады. Оған кәсіпкерлер, кәсіпорындар мол үлес қосты. Мәселен, киіз үй тігу дәстүрлі шара болса да, биылғы көтерілген шаңырақтар безендірілу үлгісімен ерекшеленді. Тоғыз ауданнан әкелінген киіз үйлердің әсемдігі бірінен-бірі асады. Олардың әрқайсысы “Этно-ауыл” байқауынан жүлде олжалауды мақсат еткендігі сөзсіз. Бәрі де байқаудың ережесіне сай бірі үлкен, екіншісі шағын екі киіз үй тігіп, онда қазақтың ұлттық бұйымдарын қойып, салт-дәстүрлерді паш ететін шағын қойылым көрсететіндей үлкен дайындықпен келген. Киіз үйлердің ішіне кірген қонақтар қазақтың ежелгі тұрмысына қаныға түсті. Сондай-ақ қонақтар үйден құрауыз шықпады. Әр шаңырақ иесі наурызкөже жасап, киіз үй қасына от жағып, бауырсақ, палау пісіріп, қонақтарға ыстық тағам ұсынып, оларды үлкен ілтипатқа бөлеуге тырысты.
Осы мерекенің бас дәмі – наурызкөже ерекше назарда болды. Өйткені, осы күні қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкер әйелдер, мұғалімдер мен дәрігерлер өздерінің үй шаруасындағы қырларын танытуға мүмкіндік алды. Олар өздерінің мәзірімен наурызкөже дайындап, шоуға қатысты. Бұл күнгі сайыстың 1-ші жүлдесін әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайылова жеңіп алды. Сондай-ақ ұстаз бен дәрігер Гүлмайра Жұмабаева мен Анар Оразалиеваның дайындаған көжелері де жүлделі орындарға лайық деп танылды.
Наурыз мерекесі күндері “Шеберлер қаласы” деп аталған көрме екі бағытта ұйымдастырылды. Біріншіден, жұрт қолөнер туындыларын тамашаласа, екіншіден, қолөнершілер өздерінің жасаған бұйымдарын сатып табыс тапты. Бұл күні түрлі бұйымдарды тамашалаған адамдар қолөнердің жылдан-жылға жанданып келе жатқанына куә болды. Ал “Шығыс базары” шарасында жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілердің бұйымдары ғана емес, тіпті, айырқалпақты ағайындар – қырғызстандық саудагерлердің де күні туды деуге болады.
Биыл бірінші рет Наурыз мерекесінде көшенің дәл ортасында көкпар ұйымдастырылды. Төрт жігіттен құрылған екі топ жиналған жұртқа ұлттық ойынның қызығын тамашалатты. Сайыс түрінде өткен шарада “Көкбөрі” мен “Ақжол” тобының жігіттері күш сынасып, “Көкбөрі” жеңіске жетті. Көрсетілім сайысын ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – биылғы Жылқы жылына жасалып отырған ерекше құрметтің белгісі.
Мерекелік шара кешке дейін жалғасып, қаланың өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламалар көрсетіліп, түннің біруағында отшашу салтанаты бұл күнгі мерекелік шараны межесіне жеткізді.
Осылайша Наурыз мерекесінің бірінші күні өңірімізде шаттық пен қуаныштың, бірлік пен берекенің, достық пен ынтымақтың нұрын шашып тұрды.
* * *
22 наурыз күні төл Жаңа жылымызды тойлауға арналған кең ауқымды іс-шара облыс орталығында өз жалғасын тапты. Күн құбылғанымен, орталыққа жиналған жұртшылықтың жүздері жарқын болды. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекеге орай қала тұрғындары мен қонақтарына ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған Петропавл қаласының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары және барлық аудан өкілдері қатысып, өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды.
Бұл күні көше бойына 45 сауда шатыры құрылды. Облыс әкімі Самат Ескендіров оларды аралап, өнімдердің сапасымен танысты. Сондай-ақ жәрмеңкеге келгендермен емен-жарқын сөйлесіп, бағаның қалта көтерерлігіне көз жеткізді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде бұл күні ет бағасы 800-900 теңгеден болса, картоп, сәбіздің бір килограмы – 60-80, бал – 500, сары май – 900, үйдің қаймағы – 600, жұмыртқа – 160, қаз-үйрек – 800-900, тауық еті 500 теңгеден саудаға түсті. Қызылжарлықтар сонымен қатар бал, балық, көкөніс сияқты барлық қажетті нәрсені сатып алып, оның тиімді бағасына көңілдері толатынын мереке мезетінде өңір басшысына да жеткізіп жатты. Мерекелік жәрмеңкеден қолөнершілер де назардан тыс қалмаған. Ағаштан ойылған түрлі бұйымдар, қазақтың ою-өрнегі салынған төр көрпе, қалта, қоржын сияқты заттардың барлығы осы жерден табылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаевтың сөзіне сүйенер болсақ, жәрмеңкеге барлық аудандардан 6 тонна картоп, 2 тонна қырыққабат, осыншама балық, сәбіз, қызылша әкелінген екен.
– Бүгінгі жәрмеңкеге өнімдердің барлық түрлері қойылған. Бағасы төмен, әркім өз қалағанын таңдап жүріп алуға үлкен мүмкіндік жасалған. Аудандарға өз өнімдерін саудаға қоюға үш шатырдан берілді. Солтүстік Қазақстан ара өсіруші қауымдастығы өздерінің жиырмадан астам өнімдерін әкелді, Петропавл құс фабрикасы өкілдерін де осы жерден көруге болады. Керек десеңіз, мұнда балықтың да түр-түрі бар. Биыл бірінші рет қант сататын шатыр ұйымдастырдық. Мұнда қанттың бір килограмын 160 теңгеден сатып алуға болады, – деді ол.
Тауарлардың бағасы мен сапасына дән риза болған жұртшылық бұл күні қалағандарын сатып алып, риза болды.
– Мен бүгін қымыз сатып алдым. Бағасы 600 теңгеден. Осыған бола әдейі ерте тұрып, жәрмеңкеге келгем. Сонымен қатар мұнда жылқы, сиыр еті, үйдің жұмыртқасы, сары май, қаймақ, ірімшік, сүт сияқты керек нәрсенің барлығын табуға болады. Жалпы осындай жәрмеңкелер облыс орталығында жиі өтіп тұрады. Солардың барлығынан қалмауға тырысамын. Жұртшылықтың жағдайын ойластырып, әсіресе, Наурыз мерекесінде осындай қажетті іс-шараны ұйымдастырған атқамінер азаматтарға алғыс айтқым келеді, – дейді қала тұрғыны Клара Қоңқашева.
Таңертеңгі сағат тоғыздан басталған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі түске дейін жалғасты. Қыстың әлі де болса кете қоймаған ызғары жұртшылықтың көңіл-күйін бұза алмады. Керісінше, орталық алаңға жиналған тұрғындардың қарасы сағат сайын көбейе түсті. Саудасын жасап болған тұрғындар мен қонақтар тегін берілген наурызкөжеден дәм татып, ыстық палау, дәмді сары бауырсақ жеп, көңілдері көтеріліп қалды. Мұны ұйымдастырғандар – Петропавл қаласының мектеп мұғалімдері, оқушылары және балабақша қызметкерлері.
Мерекеге жиналған жұртқа жасалған тосын сыйлық мұнымен аяқталған жоқ. Ұзындығы үш метр болатын тортты көргенде кішкентайлармен бірге үлкендер де қатты қуанды. Көлемі жағынан ерекше етіп жасалған торт сол жерге жиналғандардың барлығына тегін үлестірілді.
Алаңға жиналған көпшілік “Этно-ауыл”, “Кулинарлық өнер фестивалі” алаңдарында болып, түрлі мерекелік іс-шараларды қызықтады.
Қалалық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен театрландырылған ойын бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты. Жаңажылдық бағдарламаны көппен бірге өңір басшысы да тамашалады.
Бұл күні сахна төрінде әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашылды. Оған жергілікті өнерпаздармен қатар аудандардан келген өнерлі қыз-жігіттер де қатысып, мерекелік концерттің ажарын аша түсті. Ән, күй арасында түрлі жарыстар да өткізілді. Бауырсақ жеуден келушілер арасында жас ерекшеліктеріне қарай сайыс ұйымдастырылып, үлкендер тобынан Петропавл қаласының тұрғыны Марина Иванова жеңіске қол жеткізді. Ал кішкентай үміткерлердің ішінен қаламыздың тұрғыны Эльнара Балғабай бірінші орын алды.
“Шаш – қыздың ажары” атты байқау да мерекелік бағдарламаны жандандыра түсті. Оған бес бұрымды бойжеткен қатысып, Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тұрғыны, СҚМУ студенті Айымгүл Қыдырменова жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл күні сондай-ақ мерекеге жиналғандар “Қара жорғаны” жаппай билеуге, түрлі ұлттық және спорт ойындарына да қатысып, көңіл көтерді.
Осы күні қазылар алқасы облыстық “Қазағымның киіз үйі” байқауының қорытындысын жария етті. “Үздік салт-дәстүр” аталымында – Аққайың ауданы, “Үздік орыс құймағы” аталымында – Мамлют ауданы, “Үздік наурызкөже” аталымында – Есіл ауданы, “Ең дәмді бауырсақ” аталымында – Мағжан Жұмабаев аудандары жеңімпаздар деп танылды.
“Қазағымның киіз үйі” байқауында бас жүлдені Қызылжар ауданы қанжығасына байлады. Бірінші орын – Ғ.Мүсірепов атындағы, екінші орын – Тайынша қаласы, үшінші орын Шал ақын аудандарының еншісіне бұйырды. Сондай-ақ аталмыш байқауға қатысқаны үшін Тимирязев ауданы дипломмен марапатталды.
Наурыз мейрамын мерекелеу жоспарға сай үшінші күні де жалғасты.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО