Бибігүлдің әңгімесін тыңдай отырып «қазақтың қызы деген ғажап атқа» лайық, ар-намыстан өрілген ғажап болмысын танығандай болдым. Небір өткелеңді бастан кешсе де, сөзінен бәзбіреулер сияқты торығуға салыну, «тағдыр салды, мен көндім» дегендей мойынсыну наласы сезілмейді. Керісінше, кей азаматтардың бойынан табыла бермейтін өжеттік, қайсарлық қасиеттер самал желдей есіп тұрды. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын өршіл рух оны биік белестерге жетелеп келе жатқанын аңғару қиын емес.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
«Солтүстік Қазақстан».
Ол оңаша қалған сәттерде қиял көгіне жүзіп, ақ халатты абзал жандардың адамдарға қуаныш, өмір сыйлайтын бақытты сәттерін көз алдына елестететін. Ондай кезде ерекше тебіреніп, жан жүрегі қайтсе де осы мамандық иесі атануды қалайтын. Мектеп бітіруге, есеюге асығатын. Дәрігерлік мамандықты аттай қалап алған соң есіл-дерті Целиноград медицина институтына түсу болды. Жолы оңғарылып, қызығы мен шыжығы аралас студенттік өмірдің қалай өткенін де байқамай қалды. Жоғары білім ордасының емдеу ісі факультетін терапевт мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін бірден туған жеріне оралды. Учаскелік дәрігер болып қызмет еткен екі жылдың ішінде өзін білікті маман ретінде танытып, абыройға бөленді. Ұжым басшылығы сенім артып, шалғай жердегі Целинный учаскелік ауруханасына бас дәрігер етіп жіберді. Осында бір жылға жуық еңбек етіп, жаңа ортаға үйренісіп қалған мезетте тосын жол апатынан қайғы-қасіретке, айықпас дертке ұшырады.
…1990 жылдың ми қайнатар маусым айы. Сол күні толассыз жауған нөсер жаңбыр сай-саланы қуалап, жер-дүниені ми батпаққа айналдырып жіберген. Ойлы-шұңқырлы, жамау-жасқауы көп асфальт жол үсті – көлкіген су. Жүйткіп келе жатқан жеңіл көліктің артқы жағына жайғасқан Бибігүл әлденеге елегізіп, бойын мазасыздық билеп алған. Жиыннан шығысымен ешқайда аялдамастан, ежелгі әдетімен жұмысқа жеткенше асыққан. Жүргізуші жанындағы жолаушының әңгімесіне алданып қалса керек, бұрылыста рульге ие бола алмаған күйі жол жиегіне қарай құлдилай берді…
– Тергеу барысында мәлім болғандай автокөлік 8 рет допша домалап түскен көрінеді. Жүргізуші мен қасындағы жолаушы дін аман. Қас пен көздің арасында болған жол апаты енді ғана бүршік жарып келе жатқан гүлжазира өмірімді, асқақ армандарымды тасталқан етті. Мүгедектікке ұшыраймын, бар ғұмырым қоларбаның үстінде өтеді деп кім ойлаған?! Адам баласы ешбір болжап білмейтін, бір Алла тағалаға ғана аян, небір белгісіздіктер мен тылсым күштердің сәт сайын кездесетінін, пешенеңе жазылған тағдыртауанға періштең де араша түсе алмайтынын кейін түсіндім. Есімді жисам, батпақ баттасқан қара жолдың үстінде жатырмын. Денем көтертпейді: бейне әбден сілейтіп сабап, жон-терімді сыпырып алған секілді. Өңім бе, түсім бе, айыра алар емеспін. Делсал қалпы орнымнан зордың күшімен тұруға талпындым. Осы бір оқыс қимылға неге бардым екен, жедел көмекті күтуім керек еді деген өкініш әлі күнге дейін өзегімді өртейді. Ернімді қатты тістеген күйі жан-жағымды қарманып, зорлана қимылдадым. Тізерлей бергенімде юбкамның қақ айрылғанын көріп, ұялғаннан етегімді қолыммен қымтай беріппін. Сол кезде мұрттай ұшып түскенімді білемін. Аяғымды қозғалта алсамшы. Қанша айтқанмен дәрігермін ғой, іштей омыртқам зақымданған екен ғой деп топшыладым. Сумаң еткен суық ойдан тұла бойым мұздап сала берді. Бір кезде арқамның қатты ауырғаны сондай, қоң етімді біреу кесіп алғандай қатты шыңғырып жібердім. Көз алдым қарауытып, біреу аяқ-қолыма ине сұққылап, өкпе-қолқамды суырып алғандай болды. Сонда да есімді жоғалтпауға тырысып, барынша жанталастым. Өйткені, зембілге салып көтергенде дене түзу қалпында болуы шарт. Жәрдемшілер келсе, осыны ескертпекке әрекеттенген түрім ғой. Әйтпесе, толық ғаріптікке ұшырап, осы күнге зар болып қалуым ғажап емес деген үрей санамды тұмшалап алған. Ауруханаға жете бергенде есімнен айрылғанымды білемін, – дейді өткенді күрсініспен еске алған Бибігүл.
Оны алда тағдырдың қилы тауқыметі мен ауыр сыны күтіп тұрған еді. Көкшетаулық хирургтер омыртқаға ота жасап, екі ай бойы аурухана төсегіне таңылып жатты. Болашағы – бұлдыр тұман. Өз бетімен не киіне, не шешіне алмайды. Күні бойы бір нүктеге қадалып, ауыр ойларға беріледі. Талай таңды ұйқысыз атырды. Аяқтары жансызданып, бірінші топтағы мүгедек қатарына жатқызылғанда көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл жылады. Көпке дейін өз-өзіне келе алмай бақытсыздықтың, қорсынудың зардабын әбден тартты. Уақыт – бәріне емші. Жанын жегідей жеген қайғыны ақылға, сары-уайымды сабырға жеңдірді. Алматының білікті дәрігерлеріне қаралды. Ондағылар кезекті отаны жасап, омыртқа арасында пайда болған ет өсіндісін сылып тастады. Жұлын аман. Алайда, негізгі омыртқаның қатты зақымдануы салдарынан жүріп кету үміті біржола үзілді. Ол кезде қазіргідей озық технология жоқтың қасы. Одан әрі ота жасатуға тәуекел етпеді. Қарағанды қаласындағы мүгедектерді сауықтыру орталығында ем-дом алып, өзін сергек сезінді. Қоларбамен жүріп-тұруға үйренді. Үшінші отаны Ресейдің Новокузнецк қаласында жасатып, ондағылар да алматылық дәрігерлердің диагнозын қойды.
Бибігүл жалған жарық дүниеден түңілерлік жағдайға жеткізген пұшайман халін ешкімге сездірмеуге тырысып, жан қайғысын жалғыз тіреуі де, сүйеніші де – әз анасымен ғана бөлісіп жүрді. Бірде «Төрт қабырғаға телміріп, торығуға салына бергеннен ештеңе шықпайды. Еңсеңді тікте, бойыңды түзе! Сен сияқтылар аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Пайдалы еңбеккер ретінде еліне, жеріне қалтқысыз қызмет етіп жүрген талайларды көріп жүрміз. Олар аяқ-қолы балғадай, дені сау азаматтардан еш кем емес. Әлі-ақ қатарыңнан озасың», – деген ана сөзі қатты ширықтырды. Содан тәуекелге келіп, Алматы қаласындағы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтына барып, білімін жетілдірді. Шығыс медицинасына, оның ішінде инемен емдеуге маманданды. Ауылға жасқа тән жалынды жігермен оралып, жұмысқа асқан құлшыныспен кірісті. Науқастарды үйде қабылдап, тың саланы білгірлікпен игеріп әкетті. Осылайша арада 7 жыл өткен соң рухының мықтылығы, қайтпас қайсарлығы мен мақсаткерлігі арқасында Бибігүл Тоқпанова сүйікті мамандығына қайта оралды. Осыдан екі жыл бұрын аудандық әкімдік оны орталық емханаға терапевт дәрігер қызметіне шақырғанда: «Мен де қоғамға керек екенмін» деп қуанып қалды. Аудан басшылығы оған лайықты жұмыс тауып берумен қатар, сапасы мықты германиялық қоларбаны сыйға тартты. Содан бері бұрынғы еңбек ұжымының толыққанды бір мүшесі ретінде адамдарға шапағатын тигізіп келеді. Құрбылары мен әріптестері Бибігүлдің іскерлігін, білімділігін, кәсіби шеберлігін, поэзияны сүйетінін жоғары бағалайды. Бос уақытында әлем классиктерін оқығанды, гүл өсіргенді, тоқыма жұмыстарымен айналысқанды ұнатады. Ол – бір отбасының кенжесі. Әкесі ерте көз жұмған. Бүгінде 78 жастағы анасымен бірге тұрады. Үш ағасы да көмек қолын үзген емес. Десе де, негізгі салмақ өзімен тетелес Қайраттың мойнында: баспананың іші-сыртын кедергісіз қозғалуына лайықтап жасап берді. Емханадағы пандус та жүріп-тұруға қолайлы.
Қиындыққа қайыспаған қайсар қыз өзінің еңбек ортасына оралуын, белсенді өмірге тартылуын тағдыр соққысына ұшыраған жандардың жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік бейімделуіне көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар арқасында мүмкін болғанын мақтан етеді. Айналасындағы адамдарға өмір, күлкі, қуаныш сыйлау – оның басты мұраты.
Ғ. Мүсірепов атындағы аудан.
Суретті түсірген автор.