Өңірімізге келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова облыстық кардиологиялық орталықтың жұмысымен танысты. Кездесу барысында Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен облыс әкімі Самат Ескендіров өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облысымыз республика бойынша жүрек-қан тамырлары дертінен болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Өлім-жітім көрсеткіші соңғы 4 жылда 3 есеге төмендегеніне қарамастан, бұл дерттен ажал құшқан солтүстікқазақстандықтардың саны көбеймесе, азайған емес. Өткен жылы кардиологиялық орталықта 771 ота жасалса, биылғы жылы ашық жүрекке ғана 45 ота жасалған. Орталықта жоғары технологиялық ем көрсетіліп келеді.
– Елбасы биылғы “Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауына сәйкес қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыру міндеті қойылып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда орташа өмір сүру ұзақтығы мен бала туу көрсеткіштері төмен. Қатерлі ісік және жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім-жітім саны бойынша да көш басында келеді. Алда осы аталған көрсеткіштерді жақсарту мақсаты тұр, – деді Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.
***
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жұмыс сапарымен облыстық балалар ауруханасында болып, өңірдің емдеу мекемелерінің бас дәрігерлерінің қатысуымен актив өткізді.
Ақ халатты абзал жандар бас қосқан іс-шарада өңіріміздегі денсаулық сақтау саласына қатысты бірнеше мәселе қаралды. Олар: жүрек-қан тамырлары және қатерлі ісік дерті бойынша көрсеткіштерді төмендету, амбулаторлық қызметті тиімді пайдалану, кадр жетіспеушілігін жою және тағы басқалар.
Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға басымдық берілгендігін атап өткен еліміздің бас дәрігері Салидат Зекенқызы міндетті медициналық сақтандырудың арттықшылықтарына да тоқталды. Күрмеуі шешілмей тұрған мәселелердің бірі кадр жетіспеушілігі екендігі даусыз. Қазіргі таңда облыстың емдеу мекемелеріне 237 дәрігер қажет. Әсіресе, аудандық ауруханаларда кадр жетіспеушілігі мәселесі өзекті. Дәрігерлерден учаскелік терапевтер мен өзге мамандарға сұраныс артып тұр. Салидат Қайырбекова бұл мәселені шешуді қала мен аудандар ауруханаларының бас дәрігерлеріне тапсырды.
Өңірімізде қатерлі ісік дертінен болған өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Өткен жылы бұл дертпен сырқаттанған адамдар саны 16 пайызға өскен. Осы көрсеткіштерді төмендету біздің міндеттеріміздің бірі, деген Салидат Қайырбекова облыстың медициналық қызметкерлердің кәсібилігі жоғары екендігін атап өтіп, министрлік пен облыстық әкімдік арасында жасалған меморандумда көрсетілген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін әріптестеріне қарқынды жұмыс істеуді тапсырды.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.