Қазір бүкіл дүниежүзінің, соның ішінде өз еліміздің де басына орнаған алмағайып заманда біздің патриотизм жайлы жиірек айта бастағанымыз бекерден-бекер емес. Өйткені, даналардың данасы – тарих кез келген мемлекет сын сағатта, көне аңыздағы жер шарын көтеріп тұрған үш кит тектес өз патриоттарына ғана арқа сүйей алатындығын ақиқат ретінде баяғыда-ақ айғақтаған.
Жақында еліміздің патриоттарының форумы «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбымен сегізінші рет өткізілді. Оған Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының құрамында мен де қатыстым. Осы салтанатты шара өткен елорданың «Қазақстан» Орталық концерт залында Отанға сүйіспеншілік жайлы шын жүректен шыққан, жан тебірентерлік сөздер айтылды, бәріміз «Жыл патриоттары» байқауы жеңімпаздарының ерлікке пара-пар іс-әрекеттеріне тәнті болдық. Олардың арасынан солтүстікқазақстандықтарды көре алмағаныммен, сол сәтте менің жадыма осындай құрметті атаққа әбден лайықты жерлестерімнің есімдері еріксіз оралды…
…Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті редакциясының басшысы ретінде маған кейде жұрт «қызыл директорлар» деп атайтын, бұрынғы шаруашылық басшыларының дос-жарандары келіп, олардың мерейтойларының құрметіне мадақтама мақалалар жазу жөнінде өтініш білдіріп жатады. Сондайда мен өзім үшін жаттанды болған: «Ол кісі Қызылжар ауданындағы Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченко немесе Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Серік Тәтібайұлы Малаев сияқты өз кеңшарын сақтай алды ма?» – деген қарсы сауалымды қоюдан жалықпаймын. Алайда, әлі күнге оған бірде-бір рет оң жауап естіп көрмеппін. Өйткені, ондай «қызыл директорлардың» көпшілігі сонау өткен ғасырдың елге үлкен ауыртпалық әкелген, тағдыршешті тоқсаныншы жылдарында өздеріне сеніп тапсырылған шаруашылықтарды нарықтық қатынастар жолына дұрыс түсіре алмай, ақыр-соңында оларды, жұрт мысқылдап айтатындай, «тек өздері үшін пайдалы түрде» банкротқа ұшыратып тынған болып шықты. Есесіне өз отбасыларының мүшелері үшін Петропавл мен Көкшетау сынды облыс орталықтарынан кең сарайдай үйлер сатып алып, «ел игілігі жолындағы ерен еңбегімен» жинаған қымбат дүние-мүліктерін жұрт көзінен жасыра, қараңғы түн ішінде бес-алты «КамАЗ»-ға тиеп алып, артынып-тартынып көшіп, талай жыл құтты қоныс еткен ауылдарынан табандарын жалтыратқан. Бірсыпырасы кейін аяқ астынан кәсіпкер болып шыға келген. Алайда, ондайлардың бизнесмен болып жарытқандары да шамалы. «Алтын алма, алғыс ал» деген аталы сөзге тоқтамай, өздері қиын кезде тағдыр тәлкегіне тастап кеткен ауылдастарының қарғысына ұшыраған, арсыз жандардың бастаған ісіне Алла Тағала қайдан береке берсін?!. Ал Геннадий Зенченко мен Серік Малаев сияқты басшылар ешкімнен мақтау-мадақтау тілемейді, оларды шынайы даңқтың өзі іздеп табады. Біз, журналистер де, солар сынды бейбіт күннің нағыз қаһармандарын өздеріміз іздейміз.
Сонау 1997 жылы республикалық ақпарат құралдарында қызмет істейтін әріптестеріммен бірге «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінде болғаным әлі есімде. Сол жолы бізге өзі басқаратын шаруашылықтың өндірістік бөлімшелерін аралатып, таныстырған Геннадий Зенченко еденінде бұрын қолданыста болған, қуаты шағын электр қозғалтқыштар қатар-қатар тізіліп жатқан кішкентай қойманы да көрсеткен еді. «Мен бұл қозғалтқыштарды өздері басқарған кеңшарлардың мал-мүлкін арсыздықпен талан-таражға салып, ұрлап-қарлаған өзімнің бұрынғы әріптестерімнен – директорлардан мүлдем арзан бағамен сатып алдым. Олар бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін, уақытша жүрген жандар еді. Мен оларша істей алмадым. Өйткені, бұл қасиетті жерде менің туған әкем өмір бойы еңбек етті. Оның игілікті ісін жалғастыру – менің мойнымдағы перзенттік парызым. Сондықтан да еш жаққа көшіп кетпеймін. Мына ұсталынған моторшаларға келсек, олар кейін біздің мал фермамыз үшін қажет болады…» – деген еді Геннадий Иванович. Мен оның жүрекжарды сөздеріне ризашылығымды білдіріп, шаруаға тән қайратты қолын қысқанмын.
Геннадий Зенченко қазір де бірінші басшысы болып табылатын коммандиттік серіктестік – еліміздегі ең үздік шаруашылықтардың бірі әрі кеңес заманындағысымен салыстырғанда әлдеқайда бай екендігі де талас тудырмайды.
Ал Серік Малаевты мен оның осыдан отыз жылдай бұрын сол кездегі Көкшетау облысына қарасты Чистополь ауданындағы «Ковыльный» кеңшарына (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының «Ақселеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) директор болып тағайындалған кезінен бастап білемін. Бертінде оған жолығып әңгімелескенімде Серік Тәтібайұлы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңіндегі қиындықтарды есіне ала келіп:
– Тоқсаныншы жылдардың басында мен шаруашылық басшысы ретінде ескі «УАЗ» машинасын мініп жүрдім. Ал менің көптеген әріптестерім сол кезде-ақ жаңа шетелдік автомобильдерде шалқып жүретін. Әрине, оларды көргенде мен де пенде болған соң өзімді іштей олқысынып, намыстаныңқырап қалатынмын. Сондықтан да бір ауа райы жайлы жылы жақсы астық жинап, тәуір табыс алғаннан кейін еңбеккерлердің жалпы жиналысын өткізіп, олардан өзіме шаруашылық директоры ретінде жаңа «Волга» сатып алуға рұқсат сұрадым. Ұжымым менің өтінішімді бірауыздан қолдады. Бірақ үйге келгенде ауылымызда әлі күнге диірмен мен наубайхана жоқтығы есіме түсіп, райымнан қайттым. Шынымды айтсам, мұндай қадамға ішкі ар-ұятым жібермеді. Сөйтіп, жаңа «Волганың» орнына біз диірменге қажет жаңа жабдықтар сатып алып, наубайхана да аштық. Қосымша төрт жұмыс орны құрылды. Бұған кемінде төрт адам қуанып қалды. Олармен бірге өзім де қуандым…
Бүгінде «Ақселеу» ЖШС-і – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «чистополь» аймағындағы бейне бір құт-береке аралы іспетті. Онда бұрынғы әлеуметтік нысандар түгел сақталып қана қоймай, бәрі де адам танымастай жаңартылған. Серіктестіктегі орташа жалақы – облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ең жоғарылардың бірі. Ал шаруашылық директоры осыдан бірнеше жыл бұрын тағы да өз еңбек ұжымының келісімін сұрап, жол таңдамайтын жаңа да жақсы көлік сатып алды. Өкінішке қарай, көршілес ауылдар қолдарында билігі барында өз құлқындарының қамын ғана күйттеп, мемлекеттік меншікті талан-таражға салған «қызыл директорлардың» шапқыншылығынан естерін әлі толық жинап болған жоқ…
Жоғарыда аталған форумның мінберінен КСРО күйрегеннен кейін бұрынғы одақтық мемлекетіміздің қирандысында қалған туған елімізді халқымызбен бірге көтеріп, өзінің игі істерімен қарапайым адамдардың зор құрметі мен шынайы ризашылығына бөленген нағыз патриот ретінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көптеген жылы лебіздер айтылды. Ал, менің көзқарасым бойынша, Президентіміздің ең жарқын патриоттық ерлігі – елорданы Алматыдан қазіргі Астанаға көшіргендігі. Өйткені, жер жаннаты – Жетісу өңірінде туып-өскен азаматқа ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы өте қиын дағдарысты бастан өткеріп отырған сын уақытта осы, жас мемлекетіміздің тағдыры үшін аса маңызды саяси шешімді қабылдау әсте де оңайға соқпағандығы сөзсіз. Мемлекет басшысын осы үшін сол кезде өзінің кейбір жерлестері қалай өткір сынға алғандығы, тіпті бұрынғы серіктерінің қайсыбірі аяқ астынан оппозиционерге айналып шыға келгендігі жадымызда. Елбасының саяси даналығының және азаматтық ерен ерік-жігерінің арқасында қазір Астана еліміздің барша тұрғындарының айрықша мақтанышына, дүниеге жақсылық пен ізгілік нұрын шашып тұрған Еуразияның жүрегіне айналды. Бүгінде Қазақстан, Астана және Нұрсұлтан Назарбаев деген сөздер – біз, қазақстандықтар үшін ғана емес, барша әлем жұрты үшін бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар.
Мемлекет басшысының осындай жеке өнегесін көре отырып, өз бойыңдағы осалдықтар мен өмірге көзқарасыңдағы кейбір жаңсақтықтар жайлы ойланып, рухани тұрғыдан биіктеп, тазара түсесің. Алайда, өкінішке қарай, еліміздің барлық азаматтарының бәрі бірдей, тіпті Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен сенім артқан командасының кейбір мүшелері де өз Президентіне қарап бой түзей қоймағандығы жасырын емес. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қатысты у-шулар тыйылмай, кейбір облыс әкімдерінің, министрлердің, агенттіктердің төрағаларының, ірі республикалық ведомстволардың басшыларының және басқа жоғары лауазым иелерінің үстерінен қылмыстық істер қозғалып жататындығы айғақ. Ал ел қазынасына қол сұққандарды халық «Арсыз адамдар» деп атайды.
Әрине, біздің ірі шенеуніктеріміздің бәрі бірдей басты адамшылық қасиет – ар-ұяттан ада деп кінәлау әділдікке жатпайды. Олардың арасында да таза адамдар баршылық. Бұған біз олардың әдемі сөздеріне емес, атқарған игі істеріне қарап, көз жеткізіп жүрміз.
Мәселен, өз басым, біздің облыстың әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен ондаған миллион теңге демеушілік қаражаттың есебінен былтыр Петропавл қаласындағы Балалар ауылында қосымша екі үй салынып, пайдалануға берілгендігін, ал биыл шалғайдағы Тимирязев ауданының Жарқын ауылында жергілікті жастардың өтінішіне орай үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылғандығын естігенімде таңғалдым. Басқа өңірлерді қайдам, біздің облыс үшін бұл – бұрын-соңды көрсетілмеген жомарттық. Ал табысты кәсіпкерлерден әртүрлі себеппен «жылу» жинауды білгендерімен, оны игілікті істерге жұмсай қоймайтын ықпалды шенеуніктер, соның ішінде әкімдер де болатындығы еш құпия емес қой…
«Адамдық ар адамды жақсылық іздеуге жетелеп, кейде оның жайлы да жанға жағымды болғанымен, күні өтіп, іріп-шіріп бара жатқан ескі атаулыдан бас тартуына, сөйтіп басында жайсыз да жанға жақпайтын болып көрінгенімен, жаңаша өмір сүруге жол ашатын жаңа атаулыға ден қоюына жәрдемдеседі», – деп жазған екен ақын Александр Блок. Қалай күшті әрі терең айтылған сөз десеңізші?! Ал біздің көбімізге сонау кеңес заманындағы қалалық автобустардың салондарында көрнекі етіп ілініп қойылған: «Ар – ең жақсы бақылаушы» деген жазу жақсы таныс. Міне, соны енді бүгінгі өмір шындығына сәйкес «Ар – ең жақсы патриот» деп өзгертіп алып, кәдемізге жаратсақ, еш артықтық етпейтін тәрізді…
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.