«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАР ҚУАНЫШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“ASTIK-STEM” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 6 мың гектар астықты орып, орақ науқанын ойдағыдай аяқтады.

Серіктестік директорының орынбасары Шынтемір Оқасовпен бидай алқабын аралап, Чкалов ауылына бет алғанымызда қатарынан тізілген бірнеше комбайнды көрдік. Мұнда соңғы алқаптың бидайы бастырылуда. Егін орағының аяқталар тұсында серіктестік бригадирі Серікқали Қаппасовты жолықтырып, мән-жайды сұрадық. Қуанышы қойнына сыймай тұрған Серікқали орақ науқанында оза шапқан еңбек адамдары жайлы сөз тарқатты.

– Комбайншылардың алғы легінен көрінген еңбек ардагері Степан Красовскийдің есімін ерекше айтып өтуге болады. Осымен ол биыл 41-ші орақ науқанына қатысты. Әкенің ізін басқан Николай да үздіктердің қатарында. Одан кейін Сергей Бубенко, Айдарбек Есенғалиевтің алатын орны ерекше, – дей келе бригадир диқандарды орақ науқанының аяқталуымен құттықтап, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен ерлерге ризашылығын жеткізді.  

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, олар көрші ауылдарға барып, астықты жинауға үлгермей жатқан ағайынға қол ұшын созбақшы. Ал серіктестіктің картоп, сәбіз алқаптарында жұмыс қызу. Германияның заманауи комбайндарының арқасында жұмыс өнімділігі артып, мыңдаған тонна сәбіз бен картоп тиелген көліктер ауылға лек-легімен ағылды. Мұнда да еңбек адамдары тынымсыз жұмыс істеуде. Механизаторлар Петр Соколовский, Елемес Оразов, Николай Красовский, Олег Скаковский мен Қазыбек Байшағыров, Белгібай Мұхамеджанов, Асқар Бейсембин, Сапар Қалымов, Қабиден Әбдікәрімов, Бөкентай Қаженов сияқты іріктеушілер өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Қарағаш ауылында жаңа бидай мен көкөніс тиелген жүк көліктерін көп кездестірдік. Серіктестік директоры Сергей Звольский мен бас агроном Талғат Хамидуллиннің жайдары жүзінен биылғы көрсеткіштің жаман емес екенін ұққандай болдық. Шығымның молдығына масаттанған маманның еткен еңбегі мен төккен тері зая кетпеген сияқты.

– Біздің шаруашылықтың егін алқабы – 10 мың гектар. 7 мыңына бидай мен арпа өсірілді. Биыл бидайдың орташа берекелілігі 15 центнерден айналса, арпаны гектар басы 30 центнерден алдық. Қалған алқап парға жыртылды. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл картоп бітік шықты. Гектарына 28-30 тоннадан айналды. Міне, бірнеше жылдан бері көкөніс танаптары тамшылатып суарылады. Нәтиже жаман емес. Өзіміздің қажеттілігімізге байланысты орамжапырақ пен пияз өсіреміз, – дейді бас агроном.

Орталық қырманда да қайнаған жұмыс. Қоймалар бидаймен толтырылса, өңдеуден өткен астық Аймақ ауылындағы элеваторға жөнелтілуде. Серіктестік директорының айтуынша, диқандар енді күнбағыс пен рапс оруға кіріспек. Беркімбай Мұхаметжанов, Виталий Коретников, Евгений Савицкий сияқты ардагер механизаторлар мен жас еңбеккерлерге зор сенім артылуда.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,

журналист.

СУРЕТТЕ: озат диқан Беркімбай Мұхаметжанов.

Суретті түсірген автор.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp