Дүниеге шырылдап, іңгәлап келген соң өмірдің әркім өтетін өткелдері бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек:
25-тен 44 жасқа дейін – жастық шақ;
45-тен 59-ға дейін – орта жас;
60-тан 74-ке дейін – қарттық шақ;
75-тен 89-ға дейін – қартайған шақ;
90-нан әрі қарай ұзақ жасаушылар деп есептелінеді екен.
Қазақ халқында 100-ге келіп, одан әрі асқандар саусақпен санарлық қана. “Жамбылдың жасын берсін!” деген бата дарығандар ғой олар.
Әрине, асарын асап, жасарын жасап қалған қарттарымыз аман-сау болғаны ғанибет. Сол үлкендерден, қазыналы қариялардан кезінде талай алғыс, талай бата алып едік. Аман-сау жүргеніміз де солардың ақ ниеттілектерінің арқасы шығар, кім білсін?
Қазан айы елімізде қарттарды құрметтеумен өтеді. Бұл – өркениетке ұмтылған жас мемлекетіміздегі игі шаралардың бірі.
Ақыл айтар бір қариясы болмаса, бір ауыл араздасып, берекесі кетер еді. Қарттарды қадірлеу – кісілік парызымыз әрі олардың алдындағы кішілік қарызымыз. Осыны үнемі есімізде ұстасақ, құба-құп. Өйткені, қарияларымыз Мұқағали ақын айтқандай, “бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр”.
Өмірден көңіліме түйгенім: заманы түзу болса, қарттар әлдеқайда жас көрінеді екен. Біздің жас кезімізде алпыстан асқандардың көбі шау тартып, шал кейпіне енуші еді. Құдайға шүкір, қазіргі ақсақалдарымыздың көбін түріне қарап, қарт деуге қимайсың.
Сұратай ӘЙТІМОВ.
Аққайың ауданы.