“ҚазАқпарат” агенттігінің хабарлауынша, суретімен адам емдеп, жұртты алдаған Жібек Молдахметова (Тамила Демесін) 10 жылға бас бостандығынан айрылыпты. “Өнерпаз” әйел достары мен таныстарынан 77 миллион 815 мың 685 теңге қарызға алып, оларды “сазға отырғызып” кеткен көрінеді.
Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, суретші әккі алаяқ болып шыққан. Ол өзіне найзағай түскен соң “ерекше дарын” пайда болып, белгісіз жайттарды көре бастағанын айтқан. Билік органдарында таныстары барын айтып, көп адамның сеніміне кірген. Өзінің “адам емдейтін” картиналарының көрмесін өткізу үшін біреуден 100 мың доллар, біреуден 300 мың доллар көлемінде қарыз алған. Көрмелеріне Ресей шоу-бизнес жұлдызы Валдис Пельш келген. Ең қымбат қонақүйлерді жалға алған. Ақыры бір келіншекке Алматы әкімдігіне жұмысқа орналастыратынын айтып, ол үшін 70 мың АҚШ долларын талап еткен. Осы ақшаны алу кезінде Жібек Молдахметованы сыбайлас жемқорлықпен қарсы қызмет өкілдері ұстаған.
“Көріпкелдің” үстінен қылмыстық іс қозғалып, Алматы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен ол 11 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл іс апелляциялық инстанцияда қаралып, Алматы қалалық апелляциялық алқасы оны 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Сот үкімі заңды күшіне енді.