Бұл күндері бүкіл елімізде кең көлемде аталып өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі Жамбыл ауданында да жалғасын тапты.
Мерекелік шара осы ауданның Благовещенка мен Майбалық ауылдарының арасындағы Гүлтөбе деген жердегі зиратта тұрғызылған Қожаберген жырау кесенесінің басында басталды. Благовещенкадағы Ғабдол-Бари атындағы мешіттің имамы Тұрғали имам Толыбай сыншы, Қожаберген жырау, Сегіз Сері аруақтарына Құран бағыштады. Содан кейін аудан әкімінің орынбасары Зейнолла Мәкенов, тойға облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Қызылжардан арнайы келген қонақтар – ұйым төрағасы Ескендір Елеусізов, осы ауданның төл тумалары – есту қабілеті кем балалар мектеп-интернатының директоры, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Жангелді Тәжин, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы “Асыл мұра” орталығының қызметкері Ахметжан Қуантаев, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміров Қожаберген жыраудың үш жүздің қолын 23 жыл бойы басқарып, қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған ерлік істерін, елшілік, ақындық қасиеттерін тілге тиек ете келе, оның асыл мұраларын келешек ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Зират басындағы тарихи тұлғаларға Құран бағыштау рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова және қонақтар аудан орталығы – Пресновка ауылында орнатылған Қожаберген жырау ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті. Содан кейін Қожаберген жырау алаңында мерекелік шара жалғасын тапты. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған облыстық деңгейдегі мерекенің Жамбыл ауданында өткізілуінде өзіндік мән барын айта келе, тойға жиналған қауымға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың құттықтауын жеткізді. Даңқты бабамыздың арманы орындалып, еліміз егемендік алғалы бері Қожаберген жырау тарихи тұлға ретінде руханиятымыздан өзінің лайықты орнын алды. Басына айшықты кесене тұрғызылды, есімі көшелер мен алаңдарға, мектептерге берілді. Тарихшылар ол туралы көптеген монографиялар, мақалалар жазды, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, басқа да шаралар өткізілді. Бұл іс осымен бітпек емес. Ендігі міндет осындай тарихи тұлғалардың ерлік істерін, өнегелі өмірін болашақ ұрпаққа жеткізе отырып, жастардың санасына отансүйгіштік қасиетті сіңіру болып табылады.
Анархан Дүйсенова өз сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бүкіл Қазақстандағы сияқты Жамбыл ауданында да бірнеше ұлыстардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ел экономикасын нығайтуға, тұрақтылықты сақтауға сүбелі ұлес қосып келе жатқандығын ерекше атап өтті. Облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов та Қожаберген жыраудың өмір жолы, ел қорғауда жасаған ерлік істері, “Елім-ай” дастанының тарихымызды саралаудағы алар орны туралы айта келіп, өзінің тарихи тұлғаға арнаған жыр шумақтарын оқып берді.
Осы алаңға жиналған қауымға аудан көркемөнерпаздары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған қойылымды ұсынды. Той термешілер жарысына, мерекелік концертке ұласты. Облыс орталығынан келген қонақтар Қожаберген жырау атындағы қазақ орта мектебінің мұражайында болды. Мектеп директоры Зәуре Бектасова мен аудандық оқу бөлімінің басшысы Нәзира Әбдірахманова қонақтарға Қожаберген жыраудың, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов сынды жерлес жазушылардың өмірлері мен шығармашылықтарына арналған жәдігерлерді, батырлар киген сауыттарды, олардың соғыста қолданған қару-жарақтарын көрсетті.
Мұражай жәдігерлерін көру барысында Анархан Дүйсенова аудан мектептерінде Қожаберген жыраудың өмірі мен ерлік істеріне байланысты қандай іс-шаралар өткізіп жатқанын сұрап білді. Анархан Қалиқызы аудан мектептерінде осы орайда шығармалар байқауларын, ашық сабақтар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар және басқа да танымдық шаралар өткізу қажеттігін айтты. Ауданның әрбір оқушысы Қожаберген кім деп сұрағанда мүдірмей жауап бере алуы керек, сонда ғана біз жастарды отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз, деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары.
Жамбыл ауданындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған облыстық деңгейдегі мерекелік шаралар көкпар тарту, күрес, атжарыспен жалғасын тапты.
(Өз тілшіміз).