«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕЛЕР БЮРОСЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ САПАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астанада үш күндік сапармен болды. Бас хатшы “Астана ЭКСПО – 2017” ҰК” АҚ басшылығымен кездесу өткізді және “ЭКСПО – 2017” аумағындағы сәулет-құрылыс жұмыстарының жүру барысын қарады.

Сапар аясында ұлттық компанияға халықаралық қатысушыларды тарту, көрмені ұстау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, коммерциялық қызмет, демеушілерді тарту, билеттер тарату, операциялық сервис туралы есептер тыңдалды.

Кездесу шеңберінде Бас хатшы “ЭКСПО”-ның салынып жатқан нысандарын жоспарлы тексерістен өткізді. Жалпы алғанда ол жұмыс қарқынына разы болды. Лоссерталес Қазақстан Республикасының Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өз сапарының қорытындыларын шығарды.  

Сонымен бірге, Бас хатшы көрмені ұйымдастыру кезеңі бүкіл әлемдегі жалпыэкономикалық күрделі жағдайға тап болғанын және “Болашақтың энергиясы” мәселесі дағдарыстан шығуға көмектесуі тиіс екенін атап өтті. “Қазір біз мұнай, газ және басқа да дәстүрлі отын түрлерінің бағасына байланысты дағдарысқа тап болып отырмыз. Бұл “ЭКСПО” тақырыбын одан сайын маңызды қыла түседі, себебі мұнда дағдарыстан шығудың өзекті әдістері ұсынылуы мүмкін”, – деді Висенте Лоссерталес.

“Мен біздің барлық мақсаттық көрсеткіштерге жететінімізге және “ЭКСПО”-ның орасан зор табыспен өтетініне сенімдімін. Бұл пікірімді мен Халықаралық көрмелер бюросына мүше 168 мемлекетке жеткіземін”, – деп сендірді Лоссерталес.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – көрме комиссары Рәпіл Жошыбаев “ЭКСПО” қатысушы елдерінің халықаралық тартылуы туралы ақпарат берді.

“Бүгінгі күні 48 ел және 10 халықаралық ұйым өздерінің қатысатынын ресми растады. Қатысушыларды тарту бойынша кесте уақыты орындалуда. Дамушы елдерді – бір жағынан, дамыған елдерді екінші жағынан үйлестіру теңгерімі сақталып отыр”, – деп бөлісті Рәпіл Жошыбаев.

Көрме комиссары 18-19 қарашада “ЭКСПО – 2017” Халықаралық қатысушыларының екінші жиналысы өтетінін хабарлады. Кездесуде ұлттық павильондарды орналастырудың техникалық мәселелері егжей-тегжейлі талқыланып, секция комиссарлары нақты шарттарға қол қоятын болады. Сондай-ақ, Рәпіл Жошыбаев қазір Қазақстан Үкіметі мен “See Agreement” Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы қатысушылардың шетелдік пулына әртүрлі жеңілдіктер мен артықшылықтарды беруге мүмкіндік туғызатын келісімге қол қоюға дайын екенін атап өтті. Келісімге таяу болашақта қол қойылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Висенте Лоссерталестің Астанаға өткен жолғы сапары 2015 жылдың наурыз айында болған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp