Дүниежүзілік стандарттар күні 14 қазанға белгіленген. Бұл халықаралық күнді атап өтудегі басты мақсат – бірыңғай стандарттарды жасауға қатысты жұмыстың маңыздылығына елдің назарын аудару.
Дүниежүзілік стандарттар күні стандарттардың күнделікті өмірге, нарықтық экономикаға және халықаралық қатынастарды дамытуға қосатын үлесін саралап қарауға зор мүмкіндік береді. Оларды қалыптастыратын әлемнің мыңдаған адамы бұл күні өз қызметтеріне назар аудартып, стандарттардың адамзат үшін қажеттілігін көрсетеді. Халықаралық стандарттар ұйымы 1946 жылы құрылған болатын. Қазіргі таңда бұл халықаралық ұйымның құрамында 160 стандарттар жөніндегі ұлттық ұйым бар. Бүгінгі таңда стандарттар үлкен өзгерістерге ұшырауда. Бұл – мемлекеттер арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың кеңеюіне байланысты.
Дүниежүзілік стандарттар шағын және орта кәсіпорындарды бәсекелестікке қабілетті болуға, тауарларын сертификаттауға және сатылым географиясын кеңейтуге жол ашады. Тауар өндірушілер жаһандық құндылықтарға қол жеткізе отырып, технологиялық жаңғыртулар жасауға мүмкіндік алады. Дүниежүзілік стандарттармен жұмыс істейтін елдер өз халқына сапалы тауарлар ұсынады. Одан ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі артады, тауарларды экспорттау кеңістігі ұлғаяды. Сондай-ақ, шығарылатын өнім түрлері кеңейеді.
Алайда, стандарттарды белгілейтін орта өз жұмыстарына жеңілдіктер мен қолғабысты қажет етеді. Халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаларына және нормативтік құжаттарына енгізген елдер өз азаматтарын жақсы қорғай алады және олар үшін анағұрлым сапалы тауарларды кеңінен таңдап алуға мүмкіндік береді. Сондықтан біздің елде осы үдерісті дамыту маңызды. Стандарттар туралы заңның қабылдануы экономиканы жетілдірудің, еңбек өнімділігін арттырудың басты тетіктерінің бірі болып табылады.
Ләззат КЕНЖЕТАЕВА,
“ҚазСтИн” РМК облыстық филиалының директоры.